• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Маусым, 2021

Жиһанкез журналист әлемді аралап шықпақшы

624 рет
көрсетілді

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мадина Ашилова – журналистік қызметін ғылым, білім саласымен, сондай-ақ саяхатшылықпен ұтымды ұштастырып жүрген іскер жастардың бірі.

Мадинаның бастамасымен осы­­­дан бес жыл бұрын құрылған Almaty Nomad саяхатшылар клубы қазіргі кезде еліміздің мәдениеті мен тарихына қатысты тың жоба­ларды жүзеге асырып, өскелең ұрпақ бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті насихаттау ба­ғы­тында жұмыс істеп келеді.

Тың идеялар мен жарқын жо­ба­лардың жаршысы – Мадина Ашилованың бастамаларына бей­жай қарай алмайтынымыз анық. Күні кеше саяси қуғын-сүр­гін құр­бандарын еске алу кү­ніне орай ол жетекшілік ететін шығармашылық топ «ҚарЛаг балалары» тақырыбына арналған жаңа фильмді таныстырды. Алдағы уақытта көрермен­дер еліміздегі лагерьлер туралы кең кө­лемді кинотуындымен танысады.

Еңбек жолын телевидение саласынан бастаған жас маманның «Хабар» телеарнасында жүргіз­ген «Бизнес мекен», «Іске сәт», «Білім» арнасындағы «Энштейн ізі­мен» бағдарламалары ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға, білімге қатысты ұтқыр идеяларға серпін бергені анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ал­ған жігерлі жастың есімі Абылай­хан атындағы шет тілдер универ­ситетінің оқытушысы әрі білім, медиа саласы мен еліміздің мә­дени мұрасын насихаттайтын жо­ба­лардың бастамашысы ретінде кәсіби ортаға таныс.

«Хабар» телеарнасын­да редактор, «Алматы» теле­арна­сының шеф-редакторы сияқты шы­ғармашы­лық жолдан өткен Мадина қазіргі кезде «Тұран-ТВ» телеарнасы­ның журналисі әрі жүргізушісі. Осы орайда Тұң­ғыш Президент Қорының қол­дауымен түсірілген «Туған жер: Қазақстанның ұлы мұрасы» сюжет­тер циклі, жастардың ішкі ту­ризмін дамыту мақсатында Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрлігі қолдаған «Туған жер: ту­ған өлкеге саяхат», Internews қол­дау көрсеткен Қазақстанның шал­ғай өңірлерінде тұратын адам­дар туралы «Мен осындамын!» бағдарламалары мәдени-танымдық тұрғыдан құнды. Мұның қатарында туған өлке кереметтерін мектеп оқушылары арасында насихаттауды мақсат ететін әлеу­меттік бағыттағы жобалары бар. Соның дәлеліндей, «Туған жер» бағдарламасы аясында география пәні мұғалімдеріне арнап, мәдени орындардан түсірілген сыныптан тыс бейнесабақтарды атап өтуге болады. Абай үйі, Бөкей ордасы, Отырар, Сауран сияқты киелі орындардан үш тілде түсірілген 50 шақты сюжет республиканың бірқатар мектебіне тегін үлес­тірілген.

Almaty Nomad саяхатшы­лар ­клу­бы бүгінде көптеген жобаны сәт­ті жүзеге асырып келеді. Жуырда Қызылорда облысында­ғы Ақеспе ауылының тыныс-тір­­шілігін зерттеп, өркениеттен алыс­­тағы елді мекендердің, Арал­дың ахуалымен танысып қайт­қан жұ­мыс тобының мақсаты – елі­міз­дің туризмдегі беделін арт­ты­руға үлес қосу. Бүгінде Арал өңі­ріндегі ауыз суы тапшы елді ме­кендерде туристер үшін ғана емес, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатына ықпал ететін инфра­құрылымдар жасалмаған. Туризм мен саяхатшылық екі ұғымды біл­діргенімен, турист үшін де, саяхатшы үшін де жолдың қо­лайлы әрі қауіпсіз болғаны тиім­ді. «Ақеспедегі шипалы су көзі, Аралдағы құмды өңір турис­тер үшін тартымды аймақ дегенімізбен, ту­ған өлкеге, табиғат ескерткіштеріне деген немқұрайдылық – әлем ел­дерінде кездеспейтін жайт. Біз өзіміз мақтан ететін тарихымыз бен мәдениетімізді, көркем таби­ғатымызды қаншалықты баға­лайтындығымыз осыдан көрініс береді», дейді Мадина.

Мадина Ашилова – туристер үшін тартымды мекенге айналған Көбейтұз көлі туралы жазған ал­ғашқы журналист. Бозжыра шат­қалы туралы мақаласы үшін ар­найы сыйлықпен марапатталса, Kazakh Tourism-нің туризм туралы үздік мақалалары үшін, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мә­дениет пен өнерді дамытуға қосқан үле­сі үшін, сонымен бірге ше­телдік кинофестивальдердің сый­лық­та­ры және дипломдарымен мара­­пат­талған.

Мадина экологиялық мәде­ниет­тің жоқтығынан ғажайып өл­ке­леріміздегі тарихи-мәдени орындар өзінің бастапқы кейпінен айырылып қалуы мүмкін деп алаң­дайды. Бүгінде Шығыс Қа­зақстан облысындағы емдік қасиеті бар ерекше көл ресейлік турис­тер көп келетін өңірге айналған. Со­ны­мен қатар мәдени мұрамыз ұлы Абайдың мұражайы, Түркістан өл­кесінің кереметтері, Жылаған ата сарқырамасы тылсым әлемнен сыр шертетіндей. Маңғыстаудың ғарышқа бергісіз табиғаты қандай десеңізші. Ол әр сапарында өзі­мен бірге студенттерді ерте жү­ріп, өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үйретіп жүр. Алғаш Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өлкесіне барғанында және осы жолы да жиырма шақты студент Мадинаның жолсерігіне айналды. Ол жобалардың жетекшісі, үйлестіруші ғана емес, оператор, режиссердің көмекшісі әрі ұжым­ның жолбастаушысы қызметін қатар алып жүрген өз ісінің кәсіп­қойы десек, артық айтпаймыз.

Мәдени мұрамызды зерттей отырып, ғылыми жұмыстармен бел­сенді айналысып жүрген ға­лым­ның 200-ден астам ғылыми ең­бегі, оның ішінде оқулықтары, оқу құралдары, сонымен бірге білім беру және әлеуметтік-фи­лософия­лық өзекті мәселелер бо­йынша мо­­нографиялары студент­терге жақ­­сы таныс. Ресейдің Но­восібір, Амери­­каның Джорджия, Бей­жің, Те­хас, Гон­конг университеттерін­де ал­ған тәжірибесін тиімді пайда­лана жүріп, әлеуметтік филосо­фия саласындағы білімін журна­листикамен ұштастыра біл­ді. Ол  – Ресей философиялық қоға­мы­ның, Азиялық жаһандық көш­бас­шы­лар бағдарламасының (Гон­конг) мүше­сі. Scopus базасын­да импакт-фак­торы жоғары журнал­дарда мақалала­рын жария­лап тұ­атын ғылым док­торы ру­хани құндылықтарымызды на­си­хаттау­дың негізі туған жерге деген сүйіс­пеншілікте жатқандығын айтады.

Мадина Ашилова Білім және ғылым министрлігінің «Білім бе­ру құндылықтарын жаһандан­ған және көп мәдениетті әлемде трансформациялау» ғылыми-зерттеу жобасына да жетекшілік етуде. «2021-2023 жылдарға арналған жас ғалымдар байқауында» же­ңіске жеткен жас ғалым білім са­ла­сындағы құндылықтарды зерт­теу ісін жалғастыру үстінде. Жо­ғары оқу орындарындағы бі­лім сапасын жақсарту, өскелең ұр­пақты тәрбиелеу үшін БАҚ әлеуетін пайдалану, жастарға ту­ған өлкесін таныстыруды не­гізгі жұмысына айналдырған Ма­дина Ашилова қазіргі кезде «Қа­зақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» ҚҚ және АҚДМ тапсырысы бойынша жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық­­тың алдын алу бойынша бейнеролик­тер түсіруді де қолға алған. Соны­мен бірге Қа­зақстанның ең көрікті жерлері туралы бейнероликтер түсіріп, 12 тілге аударып, әлемнің ірі уни­верситеттерінің студенттері­не таныстыруды, Қазақстан мен әлемде­гі жоғары білімнің болаша­ғы туралы деректі фильм түсіруді мақсат етеді. Келер жылы әлемге саяхат жасауды жоспарлап отырған журналист бұл сапарының алғашқы шақырымдарын автокөлікпен бас­тайтынын айтады. Осы сапары аясында мобильді фото-бейне көрме өткізуді жоспарлайтын жиһанкез журналистің Өзбекстаннан басталып, Амстердам, Берлин, Қазан бағытын жүріп өткен сапарлары үл­кен саяхатқа дайындықтың бас­та­масындай.

Бүгінде бес баласының тәрбие­сін қоғамдық жұмыстарымен ұш­тастырып жүрген журналист авто­көлікпен тұманды Альбионға тоқтап, әрі қарай Америкаға, одан Сан-Франциско сапарында жоғары оқу орындарымен таны­сып қайтпақшы. Америкада тұ­ратын достарымен осы жолы қауы­шатынын қуана жеткізген Ма­дина әлемдік сапары аясында Жа­пония, Қиыр Шығыс, Алтай ар­қылы Моңғолия жеріне де табан тіремек. Байкал да – осы іссапардың маңызды маршруттарының бірі. Мадинаны бұл сапарларында да жолдасы Олжас Жүзелбайұлы және алды 11-дегі, кішісі 3-ке кел­ген балаларының қасында бола­тындығы қуантады. Жігерлі же­текші, білікті маман алдағы жос­парларын бөлісе келіп, қандай қиын­дық болса да жеңе біліп, қор­қынышты артқа тас­тап, жарқын оймен алға жылжуды ғана мақсат ете­мін, дейді. Ал журналист жиһанкездің алдағы маршруты ұзақ болғанымен, оны ғажайып өлкелер мен тамаша адамдар күтіп тұрғаны анық.

 

АЛМАТЫ