Адамзат ХХІ ғасырдың обасы атаған COVID-19 індетімен танысқалы екінші жылға аяқ басты. Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған пандемиямен алғаш бетпе-бет келген дәрігерлер, соның ішінде санитар-эпидемиолог мамандар болатын...
Коронавирус Батыс Қазақстан облысына 2020 жылдың 29 наурызы күні «келді». Бұл күн, әсіресе, Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мамандарының анық есінде. Көршілес Атырау қаласына іссапармен барып қайтқан оралдық үйіне келген соң қызуы көтеріліп ауырған. Дәрігерлер тексерген кезде ол науқастан коронавирус анықталған.
«Біз бұл күнге алдын ала дайындалдық. Өйткені Қазақстандағы алғашқы ковид-науқас наурыздың 13-і күні Алматыда тіркелді. Кейін әр өңірде шыға бастады. Іргелес Атырау облысында жағдай қиын болды. Сондықтан ерте ме, кеш пе біз де бұл жұмбақ дертпен бетпе-бет кездесеріміз анық еді. Бірақ іштей қанша дайындалдық десек те, оңай емес екен», деп еске алады Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Ұлдай Бақтығұлова.
Әрине, бірден дабыл қағылды. Науқастың үйіне Перизат Арыстанова мен Раушан Бахтиярова аттанды. Пациенттің өзімен сөйлесу үшін ауруханаға Қибат Ахметқалиева мен Айшат Ұзақбай барды. Вирустың жұғу жолын анықтап, таралуын тоқтату, ауру ошағын жою санэпидемиолог мамандардың жанұшыра кіріскен ісі сол еді. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды анықтау, оларға оқшаулану жөнінде ескертіп, қолхат алу, вирус ошағына дезинфекция мамандарын шақыру, басқа да міндеттер бірден санитар-эпидемиологтерге жүктелген.
Алғашқы күндері коронавирус туралы ақпарат аз, күмән-күдік көп еді. Санитарлық-эпидемиялық қызмет саласында талай жыл қызмет еткен тарландардың өзі мұндай жұмбақ та жауыз вируспен бетпе-бет келіп көрмеген. Орал қаласындағы ең алғашқы ковид-науқаспен кездесіп келген санитар дәрігерлер антисептикпен әбден сүртініп, үрейленген. Бірақ «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген рас екен.
«Алматыдан қызым хабарласып, «Мама, жұмысты тастасаңызшы. Вирус жұқтырып алсаңыз, қиын болар» деді. Көнбедім. Сонша жыл жаным сүйіп қызмет еткен жұмысты қалай тастаймын? Сенесіз бе, біздің бөлімдегі 20 шақты қызметкердің бірде-бірі кетпеді. Бәріміз де жұмылып, бір үйдің баласындай қызмет еттік», дейді Ұ.Хамитқызы.
Кейіпкеріміз сол кездегі Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы болған Мәдениет Танауовты ерекше жылылықпен еске алады. Созылмалы қант диабеті науқасына қарамастан, Мәдениет Рашидұлы күні-түні шапқылап жүрді. Жасы зейнет демалысына таяп қалған Толқын Болатбекқызы, Роза Хәкімқызы секілді тәжірибелі тарландар қауіпті учаскеге өздері сұранатын. Пандемия күшейіп, бүкіл елде қиын жағдай туғанда дәрігерлер үй бетін көрмей кетті. Отбасы мен туған-туыстарын қатерге байламау үшін арнайы орындарда түнеп жүрді.
«Әсіресе жас мамандарға қиын болды. Сәбилерін үйге қалдыру оңай емес. Сол күндері оқушылардан босаған «Дарын» орталығында жаттық. Кейде дайын тамақты ішуге әліміз келмей қалады. Күннің ыстығы бар, санитарлық қорғау киімдеріміздің қымтауы бар, шөлдейміз, терлейміз. Қатты жүдеп кеттік», дейді Ұ.Бақтығұлова.
Елдің бірлігі, ынтымағы осындай төтенше сынақ кезінде арта түседі екен. Жай уақытта елдің назары ауа бермейтін, жалақысы аз, қадірі білінбес санитарлық-эпидемиялық қызмет күллі жұрттың назарына ілікті. Күн сайын еріктілер ыстық тамақ тасиды. «Бұл не қылған батпан құйрық, ертең жалақымыздан ұстап қалмай ма?!» деп алғашында қорыққандар да болыпты. Пандемия кезіндегі қауіпсіздік шараларын халыққа түсіндіру, сырқатпен қарым-қатынаста болып, оқшауланған жандарды бақылау, оларға күн сайын хабарласып, күнделік жүргізіп отыру – осының бәрі әдеттегі шаруаға айналған.
Пандемиямен арпалысқан күрес төртінші айға ауғанда біздің кейіпкеріміздің өзі де ауырып қалыпты. Бұрын талай адамға диагнозы туралы естіртіп, «Біз суыт хабар алып отырмыз, сіздің анализіңізден вирус жұқтырғаныңыз анықталды. Бірақ уайымдамаңыз, қорықпаңыз, бәрі жақсы болады» деп тыныштандыруға тырысатын. Дәл осы сөздерді өзі естігенде төбесінен суық су құйып жібергендей болыпты. Компьютерлік томография оның өкпесінің 30 пайызы зақымданғанын көрсеткен. Ауруханада жатқанда Ұлдай Хамитқызы дәрігерлердің ерлігіне тіпті таңғалғанын аузынан тастамайды. Тұмшаланған киіммен жүріп науқасты емдеу, укол салғанда тамырын табу, тонометрмен тыңдау, тағы басқа қиынға соққан мың сан жұмыс.
Тоғыз күн аурухана төсегінде, 14 күн өз үйінде оқшауланып, қызметіне қайта оралған Ұлдай Хамитқызы содан бері саптан шыққан жоқ. Ағзада антидене қалыптасқан соң қауіп те аз болады екен. Оның үстіне, алғашқы кездегідей емес, коронавирустың да сыры белгілі бола бастаған. Қандай жағдайда жұғатыны, қалай қорғану қажеттігі айқындалып келеді. Қазір Құдайға шүкір, дәрі-дәрмек те, құрал-жабдық та жеткілікті.
Сонау 1987 жылы Гурьев медицина училищесінің санфельдшер бөлімін бітірген Ұлдай Бақтығұлова осы салада жүргеніне 40 жылдай болған екен. «Мен осы мекемеге келгенде өте тәжірибелі Стенина Надежда Абдрахманова, Зайцева Ираида Александрова, Жұмағалиева Құрманай Қатымғалиқызы секілді өте білікті мамандар көп еді. Өмір ғой, қазір жастар келіп, ұжымдағы үлкені өзім болып қалдым», деп күледі кейіпкеріміз.
Бір қызығы, бұрын санэпид басқармасы маман тұрақтамайтын, қызметкерлер жиі ауысатын сала болған екен. Расында, 80-90 мың теңге жалақы кімді қызықтырсын?! Бірақ пандемия басталғалы бірде-бір қызметкер жұмысын тастамаған. Қайта басқа жақтан келгісі келетіндер көбейіпті. Мұның сыры – мемлекеттің көмегі, қатерлі дертпен күрескен мамандарға төленіп жатқан өтемақы, қаржылай қолдауда екен.
Әрине, пандемияға қарсы күресте жанкешті еңбек еткен облыстық департамент, аумақтық басқарма мамандары ескерусіз қалған жоқ. Өңірде халықтың санитарлық-эпидемиялық ахуалын жақсартуға үлес қосқан қызметкерлер «Халық алғысы», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен, Денсаулық сақтау министрі, вице-министрі, облыс әкімі аттарынан Алғысхаттармен марапатталды. Осындай озып шыққан 30-ға жуық маманның ішінде Ұлдай Хамитқызы да бар.