Astana – Premier Tech велокомандасының даниялық капитаны Якоб Фульсанг Швейцария тасжолдарында өз мәресіне жеткен бір апталық «Швейцария турында» үздік үштіктің қатарынан көрінді. Көпкүндіктің соңғы кезеңінде велошабандоздар бірінші санаттағы екі қиын асуды және қиындығы жоғары санаттағы Сен-Готард шыңын бағындырды.
Швейцарияның курортты аймағы Андерматт қаласында өткен соңғы сегізінші кезеңде велошабандоздар 160 шақырым жолды жүріп өтті. Кезең басталған сәттен бастап Astana – Premier Tech велокомандасының спортшылары өте белсенді болды. Нәтижесінде Омар Фраиле жарыс жолының басым бөлігін көшбасындағы негізгі топта өткізді. Сен-Готтард тауының бөктерінде көшбасшы топ ыдырады. Содан кейін Омар Фраиле Якоб Фульсангқа көмектесу үшін пелотонға қайта оралды.
Қазақстандық-канадалық команданың дат шабандозы жүлделі орынға ие болу үшін қарсыластарына қарсы шабуылға шығуға бел буды. Бірнеше ұмтылыстан кейін Фульсанг фавориттер тобында іріктеу жүргізіп, басты қарсыласы неміс шабандозы Максимилиан Шахманды топтан шығарды. Төмен түсу кезінде бар күш-жігерін салып, Шахманға жақындауға мүмкіндік бермеді. Осылайша Якоб Фульсанг Шахманнан 12 секунд алға озып, кезеңде 9-нәтиже көрсетті. Осы көрсеткіштің өзі оған «Швейцария турының» қорытынды жалпы классификациясында үшінші болу үшін жеткілікті болды.
Соңғы кезеңде Dimension Data командасының швейцариялық өкілі Джино Медер жеңіске жетті. Ол 160 шақырымды 4 сағат 6 минут 25 секундта жүріп өтті. Ал канадалық Майкл Вудс (Israel Start-Up Nation) мәре сызығын екінші болып кессе, италиялық Маттиа Каттанео (Deceuninck-Quick Step) үздік үштікті түйіндеді.
Жалпы кезеңнің қорытындысы бойынша 2019 жылғы «Джиро д’Италия» жарысында топ жарған эквадорлық Ричард Карапас (Ineos Grenadiers) жеңімпаз атанды. Ал Колумбияның үздігі Ригоберто Уран (EF Education-Nippo) екінші орынға ие болды. Карапастан 1 минут 15 секундқа қалып қойған Якоб Фульсанг «Швейцария турының» қола жүлдесін қанағат тұтты.
Бір аптаға созылған велоспортшылардың бәсекесінде Astana – Premier Tech капитаны Якоб Фульсанг екінші және сегізінші кезеңде үздік ондықтың қатарына енсе, бесінші таулы кезеңінде жарысты екінші болып аяқтады. Мәреге 15 шақырым қалғанда фавориттер тобынан шабуылдаған Фульсанг кейінірек жеке-дара көш бастаған еді. Алайда мәреге жақындағанда оны эквадорлық Ричард Карапас басып озып, кезең жеңімпазы атанып кетті.
«Швейцария турында» жүлделі орыннан көрінгеніме қуаныштымын. Енді мен ел чемпионатына қатысу үшін өз отаныма ораламын. Ал содан кейін бізді «Тур де Франс» додасы күтіп тұр. Сонымен, алда көптеген маңызды жарыстар бар және дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын. Менің биылғы басты мақсатым – Олимпия ойындарында бақ сынау», деді Якоб Фульсанг.