• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Маусым, 2021

«Швейцария туры»: Фульсанг – үздіктер қатарында

270 рет
көрсетілді

Astana – Premier Tech велокоман­да­сының даниялық капитаны Якоб Фульсанг Швейцария тасжолдарында өз мәресіне жеткен бір апталық «Швей­цария турында» үздік үштіктің қатарынан көрінді. Көп­күн­діктің соңғы кезеңінде велошабандоздар бірінші санаттағы екі қиын асуды және қиын­дығы жоғары санаттағы Сен-Готард шыңын бағындырды.

Швей­царияның курортты аймағы Андер­матт қаласында өткен соңғы сегізінші ке­зеңде велошабандоздар 160 шақырым жолды жүріп өтті. Кезең басталған сәттен бастап Astana – Premier Tech вело­командасының спорт­шы­лары өте белсенді болды. Нәти­жесін­де Омар Фраиле жарыс жолының басым бөлігін көш­басындағы негізгі топта өткізді. Сен-Готтард тауының бөктерінде көшбасшы топ ыдырады. Содан кейін Омар Фраиле Якоб Фульсангқа көмектесу үшін пелотонға қайта оралды.

Қазақстандық-канадалық ко­ман­даның дат шабандозы жүлделі орынға ие болу үшін қарсыластарына қарсы ша­буылға шығуға бел буды. Бірнеше ұмты­лыстан кейін Фульсанг фавориттер тобында іріктеу жүргізіп, басты қарсыласы неміс шабандозы Максимилиан Шах­манды топтан шығарды. Төмен түсу кезінде бар күш-жігерін салып, Шах­манға жақындауға мүмкіндік бермеді. Осылайша Якоб Фульсанг Шахманнан 12 секунд алға озып, кезеңде 9-нәтиже көрсетті. Осы көрсеткіштің өзі оған «Швей­цария турының» қорытынды жалпы классификациясында үшінші болу үшін жеткілікті болды.

Соңғы кезеңде Dimension Data коман­дасының швейцариялық өкілі Джино Медер жеңіске жетті. Ол 160 шақырымды 4 сағат 6 минут 25 секундта жүріп өтті. Ал канадалық Майкл Вудс (Israel Start-Up Nation) мәре сызығын екінші болып кессе, италиялық Маттиа Каттанео (Deceuninck-Quick Step) үздік үштікті түйіндеді.

Жалпы кезеңнің қорытындысы бо­­йынша 2019 жылғы «Джиро д’Италия» жарысында топ жарған эквадорлық Ричард Карапас (Ineos Grenadiers) жеңімпаз атанды. Ал Колумбияның үздігі Ригоберто Уран (EF Education-Nippo) екінші орынға ие болды. Карапастан 1 минут 15 секундқа қалып қойған Якоб Фульсанг «Швейцария турының» қола жүлдесін қанағат тұтты.

Бір аптаға созылған велоспорт­шы­лардың бәсекесінде Astana – Premier Tech капитаны Якоб Фульсанг екінші және сегізінші кезеңде үздік ондықтың қатарына енсе, бесінші таулы кезеңінде жарысты екінші болып аяқтады. Мәреге 15 шақырым қалғанда фавориттер тобынан шабуылдаған Фульсанг кейінірек жеке-дара көш бастаған еді. Алайда мә­ре­ге жақындағанда оны эквадорлық Ричард Карапас басып озып, кезең жеңім­пазы атанып кетті.

«Швейцария турында» жүлделі орыннан көрінгеніме қуаныштымын. Енді мен ел чемпионатына қатысу үшін өз отаныма ораламын. Ал содан кейін бізді «Тур де Франс» додасы күтіп тұр. Сонымен, алда көптеген маңызды жарыс­тар бар және дұрыс бағытта келе жатырмын деп ойлаймын. Менің биылғы басты мақсатым – Олимпия ойындарында бақ сынау», деді Якоб Фульсанг.