1965 жылы Бронкс зообағында «Жер бетіндегі ең қауіпті жануарлар» атты көрме өтеді. Оны неменеге жазып отыр дейсіз ғой, әлгі көрмеде көрменің атын арқалаған ерекше картина қойылған екен. Оны тамашалауға келген әрбір адам айна орнатылған туындыдан өзін көреді-міс. Көрменің қызығы да, шыжығы да сол. Ал бұған қарап, біздің ойымызға данышпан Ницщенің нақылы оралды. «Адам – саналы жануар һәм уәде бере алатын мақұлық». Иә, туындының түп мағынасы осы афоризмге астар болып тұрғандай. Біздің бүгінгі әңгімеміз осы оқиғамен қанаттас.
Жо-жоқ, бұл киттердің әні емес, теңіздің әні.
Киттер неге ән айтады білесіз бе? Алып су жануарларының сиқырлы үні ұлы теңізді тербететінін естіп пе едіңіз? Екі аяқты пендеден келер кесапатты алдын ала сезген тіршілік иелерінің алыстан құмыға шыққан ғажайып даусы жүрек елжіретеді ғой, шіркін! Бұл асқақ әуен тек теңіз жануарларына ғана тән. Қанатты қырандай көк теңізде еркін көсілген еңгезердей балықтардың батыл қадамы маңайындағы өзі сияқты суда ғұмыр кешкен сүтқоректілерді ажалдан арашалап қалады екен. Ғанибет емес пе? Ал теңіз болса олардың осы ерлігі үшін ешқашан құрғамайды.
Киттердің әуезді әуені – олардың қарым-қатынас құралы. Бірі білсе, бірі білмес теңіз сүтқоректілерін аулауды тоқтату туралы бастама сол сұлу сазды естігеннен басталған. 1960 жылы биолог Роджер Пэйн алғаш рет өркешті киттердің даусынан бір тылсым музыка шығатынын байқайды. Бұған қызыққан ғалым оны таспаға жазып алып, айналасына тарата бастайды. Сөйтіп киттердің әндері жазылған альбомның бір данасын сол кездегі атақты әнші Джуди Коллинзге сыйлайды. Эстрада жұлдызы білімпаз биологтің әрекетіне таңдай қағып, пластинканы үйіне барып тыңдайды. Міне, ғажап! Табиғаттың тылсым үнін естігенде елдің сүйіктісіне айналып үлгерген талантты әнші есінен танардай толқып, көкірегі қарс айырылады.
Бір өкініштісі, сол уақытта жыл сайын адамдар мыңдаған китке қармақ салып, оның ішінде әнші һәм сазгер өркешті киттерді аяусыз өлтіретін болған. Бұл бассыздыққа тоқтау болар ешкім жоқ-тұғын. Биологтің шырылдайтыны да сол еді. Енді әннен әсерленген әнші теңіз қарақшыларының қасқөйлігін әшкерелеу үшін әрі зор дауысты киттерді сақтап қалу үшін олардың қамқоршысына айналады. Тіпті өзінің репертуарына киттердің әнін қосады. Осылайша, «Киттер мен бұлбұлдар» альбомы жарыққа шығады. Аудиожазба көп ұзамай кеңінен таралып үлкен атаққа ие болады. Сол арқылы бүкіл әлем бірінші рет теңіз алпауыттарының даусын естиді.
Өркешті киттердің әндері адамзаттың санасында дүмпу туғызды. Ән салатын, өзіндік тілі бар жаратылыс иесін еш себепсіз өлтіру дүниедегі ең ауыр қылмыстың бірі екенін түйсінді. Адамдар су жануарларының ақылдылығына қайран қалып, табиғат заңына қарсы шығуға болмайтынын бағамдады. Бұл оқиға киттерді қорғау қозғалысының бастаухатына айналды. Ақыры игілікті іс 1986 жылы қатыгездікпен балық аулау ісін кәсіптің көзіне айналдырып алған кәсіпорындарға тосқауыл болды. Киттердің әсерлі әні жауынан сақтандырды. Бүгінде 19 ақпан – теңіз сүтқоректілерін қорғау күні. Оны дүниежүзілік киттер күні деп те атайды.
Солтүстік Мұзды мұхиттың түбінде, тынық түннің астында киттер әлі күнге ән айтады. Бұл олардың сүйікті ісі. Зерттеушілер теңіз сүтқоректілерінің даусы әнші құстардың шиқылы сияқты әртүрлі болады деуде. Даусын түрлендіріп ән салатын су жануарларының жұмбағы күні бүгінге дейін беймәлім. Әй, солай болғаны да дұрыс шығар. Әйтпесе адамзат құпияларды талқандауға құштар ғой. Түбіне жеткен соң, теріс айналып шыға келеді. Сосын тағы да тарпа бас салуы ғажап емес.
Қызықты қараңызшы, ұрғашы және еркек киттер ән айту арқылы бір-бірін кездесуге шақырады екен. Кәдімгі махаббат хикаясы дерсіз. Ол ол ма кейбір теңіз сүтқоректілері сол арқылы ойын алаңын белгілейді. Күнделікті қарапайым сигналдар навигация ретінде де құнды. Тісті киттер өздері шығарған дыбыстарды эхолокация үшін пайдаланады. Қазір ғалымдар жапон киттерінің тек өзара түсінетін ерекше дыбыс шығаратынын айтуда. Бұл бір атадан тараған бауырларын сағынғанда орындайтын әуен екен.
Иә, теңіздің де өз тұрмыс-салты һәм мәдениеті бар. Орыс жазушысы Сергей Довлатовтың «Теңіз біз туылғанға дейін тұңғиық, біз өлгеннен кейін де тұңғиық болады. Әрі кетсе біз сол тұңғиық теңіздегі құмның кішкентай ұнтағымыз» дейтіні бар. Кейде киттердің әнін тыңдап отырып, табиғаттың тылсым құбылыстарына уақыт таразы бола алмайтынын ұғамыз. Адамзат ше, қай дәуірде де тек өз әнін тыңдатуға тырысып келді. Өзінен басқа ешкімді естімейді, құлағы бітеулі. Сондықтан заман құбылды, рухани күйзеліске түстік. Әй, саналы жануарлар-ай!
Айтпақшы, «Жер бетіндегі ең қауіпті жануарлар» көрмесін тамашалаған оқырмандар содан бері айна алдында ұзақ тұра алмайды екен. Ал сіз ше, сіз айнадан кімді көресіз?