Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мейірім: шығармашылық және мейірімділік баспалдақтары» атты балалар шығармашылығының ІІІ инклюзивті музейлік фестивалі өтті.
Мазмұнды іс-шараның мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың дарындылық қабілеті мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету.
Фестивальдың ашылуында Ұлттық музейі директорының қор қызметі жөніндегі орынбасары Абай Сатыбалдин жиналғандарды мәдени шарамен құттықтап, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттырудың маңыздылығын айтып, осы байқауды өткізуге қолдау көрсеткен Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мен «Дар» қоғамдық қорына алғысын жеткізді.
Өз кезегінде «Дар» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Динара Рахимбекова қоғамда ерекше балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобалардың дамып келе жатқанын атап өтті.
«Дар» қоғамдық қоры – әрқашан осындай бастамаларды қолдап, ерекше балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және оларды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгі өткізіп отырған шарамыз балаларға ұнап, жақсы көңіл күй сыйлады деп ойлаймын», – деді ол. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Nur Otan партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов те оқушылардың әлеуметтену мүмкіндіктері мен қоғаммен қарым-қатынас жолдарына тоқталды.
Мәдени іс-шара дамытушы шеберлік сабақтар үлгісінде өтіп, оған 7-18 жас аралығындағы ерекше білім алуды қажет ететін 60-қа жуық бала қатысты. Фестиваль бағдарламасында «Менің елім – менің Қазақстаным» тақырыбындағы «Шеберлер ғаламшары» музейлік үйірмесіне қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі және «Киізден сурет: киіз басу», «Сазтерапия», «Тұмар жасау» және «Ермексаздан пейзаж» тақырыбында 4 шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Осы шеберлік сабағында балалар киізден түрлі-түсті картиналар, әдемі тұмарлар, ермексаздан табиғат көріністерін, сондай-ақ, қолөнер шеберлерімен бірге көзе ұршығында саздан құмыра жасады. Айта кетейік, «Сазтерапия» шеберлік сағатын көзеші шебер Азамат Ысқақов пен №65 мектеп-гимназияның тәрбиешісі Әсел Қайсанова өткізсе, «Ермексаздан пейзаж» шеберлік сағатын «Қасиетті жол» оңалту орталығының әдіскерлері жүргізді. Ал Nur Оtаn партиясының Jas Оtan жастар қанатының және Adal Volenteer Club мүшелері фестивальда ерікті ретінде жұмыс істеді. Сонымен қатар балалар ақыны Дина Ораздың фестивальға арнап жазған «Мейірім ордасы» өлеңін Елдос Іскендіров пен Арнұр Хайруллин нақышына келтіріп оқып берді. Фестиваль соңында қатысушы балаларға арнайы сыйлық сертификаты табыс етілді.