• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Маусым, 2021

«Алтын Орда: өркениеттер тоғысында»

1466 рет
көрсетілді

Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны мен рөлін ашып көрсету, қазақ мем­лекеттілігінің қалыптасу тарихы, көшпелі қоғамның саяси және этно­мәде­ни құндылықтарын қарастыру мақ­сатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті­нің тарих факуль­теті «Алтын Орда: өркениеттер то­ғы­сын­да» тақырыбында халықаралық ғы­лы­ми-теориялық конференция өткізді.

Ұлы даланың ежелгі дәуірден бастап қазірге дейінгі тарихын зерттеуді жалғастыруға Пре­зи­дент Қ.Тоқаев «Тәуел­сіздік бә­рі­нен қымбат» бағдар­ла­ма­лық ма­­қа­­ласында аса мән берген бо­ла­тын. Осы мақсатты жү­зеге асы­ру үшін Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титутында «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге де­йін» 7 томдық іргелі ғылыми еңбекті әзірлеуде. Осы орайда институт директоры Зиябек Қа­былдинов өздерінің бас­тамасымен қолға алынған академиялық еңбектің дайындалу барысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, академиялық жинақтың үшінші томы Алтын Орда дәуірімен бай­ланысты. «Сонымен бірге ше­телдік аудиторияға арнап Қазақ­станның қысқаша тарихын жазу жұмысы қолға алынуда. Бұл ең­бекте де Алтын Орданың тари­хы қажетті деңгейде көрсетіле­ді. Зиябек Қабылди­нов атап өт­кендей, бүгінде Қа­зақ­­стан – пост­кеңестік елдерде Ал­тын Ор­да­ның егемендігін жал­ғас­тырған бір­ден-бір егеменді ел. Сон­дық­тан да Қазақстан басқа да түркі ха­лықтарының қатарында осы мем­лекеттік құрылымның мұ­­ра­гері болып саналады.

Тарих тақырыбын толғаған жиынды жүргізген Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық универ­сите­ті Әлеуметтік даму жөнін­де­гі про­рек­тордың міндетін атқару­шы Әлия Масалимова қарар қа­был­­данып, ғалымдар көтерген мә­­се­лелер алдағы уақытта да кең кө­­лем­де талқыланатындығын жет­кізді.

Алтын Орда дәуіріндегі тарихи кезеңдерді өз зерттеулері негізінде түсіндіріп өткен ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков «Дешті Қыпшақ және Алтын Орда» тақырыбында баяндама жасады. Тарихшының айтуынша, осы аталған мәселенің бірқатар ерекшелігіне көңіл бөлінбей қа­луда. Академик осы орайда дала өркениетінде көне ғасыр, орта дәуірде төрт алып империяның пайда болу тарихына тоқталып өтті. Ұлы дала шеңберінде пай­да болған ғұндардың, көктүрік­тердің, қыпшақтардың және де Еуразия құрлығындағы Шың­ғысхан империясының маңы­зын ашып көрсетті. Болат Көмеков өз сөзінде Жошы хан ұлысы­ның маңызын, рөлін анықтау үшін Шың­ғысхан­ға дейін тарихымызды, қандай жағдайда болғандығы мен қандай үрдістерден өтіп, немен аяқтал­ды деген мәселеге зер салу қажет», деді. Осы орайда Жошы ұлысын динамика ретінде қарастыруды ұсынған тарихшы екі ғасырда көптеген өзгерістің орын ал­­ған­дығын назарға алып, тарихи үдеріс­тер­дің жүзеге асу барысындағы ке­зең­дерге тоқталу қажеттігі мен деректерді әрі қа­­рай зерттеу ісінде Алтын Орда тарихын жете білетін мамандар қажет, деп атап өтті.

«Тұңғыш Президент – Ел­басының тапсырмасымен ұлт­тық тарих саласындағы зерттеу­лер­ді кеңейту мен тереңдету жө­ніндегі шараларды жүзеге асыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, әлемнің көптеген елінен 30 мыңға жуық де­ректер жиналды. Сол кезде Алтын Орданың 750 жылдығы назарымызға ілінген болатын. Кеңестік кезеңде бағзыдағы тарихымызды айта алмай келдік. Осы орайда үш мың жылдыққа қарай тереңдейтін тарихымызды өзіміз зерттей алатын, үлгі болатын кезеңге келдік. Ал Алтын Орда арғы тарихымызға сәуле түсіретін кезең» деп атап өткен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңес­шісі Өтеген Оралбаев ендігі кезекте тарихшылардың алдында қайраткерлік һәм ғы­лыми парыз тұрғандығын еске салды.

Алтын Орда дәуіріндегі әде­биет пен дін тақырыбына баяндама жасаған тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Юлай Шамилоғлы фольклор, Ислам өркениеті, парсы тіліндегі ең­бек­­тер барысына тоқталып өтсе, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов «Сыр бойындағы Алтын Орда ес­керт­кіштері» тақырыбына қа­тыс­ты деректермен бөлісті. Сыр­дың бойындағы Кердері, Аса­нас кесенесі, Іңкәрдәрия бо­йын­дағы Сырлытам, Ұйғарақ қо­нысы, Мыңшоқы қаласының та­рихы әрі осы аумақтан та­был­­ған жәдігерлер аймақтың ар­хеологиялық маңызын аша тү­се­ді. Ал осынау тарихи ескерт­кіш­тер­ге мемлекеттік тұрғыдан көңіл бө­ліп, туризм бағытында дамыту – уақыт талабы.

«Тоқтамыс және алыптар шай­­қасы» тақырыбында баян­да­ма жасаған Талас Омар­беков Тоқ­тамыс ханға ерекше назар ауда­рудың себептеріне тоқталды. Негізінде «Алтын Ор­­даның мұ­ра­гері кім?» деген сұ­раққа жауап іздегенде Тоқта­мыс­тың заманы біздің қазақтың тарихы екеніне назар аудару қажет. Тоқтамыс және оның алдында Ұрыс ханнан бері қарайғы кезең қазақ тарихы­ның дәуірі болып табы­лады», ­деп атап өтті тарихшы. Осы тұста Жошы ұлысын да қазақ тарихымен байланыс­тыру мәселесі бой көрсетеді. Бірақ Жошы ұлысынан кейінгі оның ұрпағы Бату және оның ұрпақтарының қазақ даласына тікелей қатысы жоқ. Ханның ұрпақтары Алтын Орданы ұстап тұра алмай тарап кетті. Сондық­тан да Талас Омарбековтің айтуынша, Батудың кезеңі біздің тарихымыздан тысқары жатыр. Осы орайда тарихшы қазақ тарихына қатысты деректерді екшегенде шетелдік, әсіресе орыс зерттеушілерінің деректеріне сын көзбен қарау қажеттігін ал­ға тартты. Өйткені орыс тарих­шыларының еңбектерінде Тоқ­тамыс ханға қатысты жағымды деректер кездеспейді. Ол Әмір Темірге қарсы 400 мың қол жинаса, Шыңғысханның өзі қазақ жеріне 250 мың ға­на әскерімен кірген. Тоқтамыс Алтын Орданы он жеті жыл билеген. Оның үлкен жұмысы өзіне дейінгі кезеңде жиырма бес жылға созылған таққа таласу үрдісін тоқтатып, Күліктегі (Куликов) шай­қаста Мамайды өлтірді. Осы тарихи деректерді дұрыс саралап зерттемесек, Алтын Орда тарихы бос тарих болып қалады», деп атап өтті Талас Омарбеков.

Тарих тақырыбын қозғаған алқалы жиын әрі қарай да маз­мұнды зерттеулермен жал­ға­сын тапты. Конференция қатысу­шы­лары археологиялық зерттеулер, соның ішінде Жошы ұлысы­ның, Ноғай Ордасы мен Қазақ хан­дығының ру­хани астанасы бол­ған Сарайшық қала­сына және қазіргі уақытта қазба жұмыс­та­ры жүргізіліп жатқан Сыр бойын­да­ғы ірі сауда және қолөнер орталы­ғы бол­ған Қышқалаға, соны­мен бірге Алтын Ордадағы тұрмыс­тық ахуал, Еуразия құр­­лы­ғын­да­ғы саяси, мәдени және әлеу­мет­тік та­рихты зерттеудің заманауи­ қыр­­ларына зер салып, арнайы қарар қабылдады.

 

АЛМАТЫ