• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Маусым, 2021

Июнь жарлығы

2427 рет
көрсетілді

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа Ресей империясы дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар, дамымаған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді.

Соғыс салдары барлық халықтар­ға, соның ішінде қазақтарға да асар ауыр зардабын тигізді. Осы кезде қазақ даласынан майдан үшін орасан көп жылқы, ауылшаруашылық өнім­дері жөнелтілсе, Түркістан өлкесінен 40 899 044 пұт мақта, 38 мың шар­шы метр киіз, 3 млн пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473 928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12 797 түйе күштеп алынып, майдан­ға жолданған екен.

Қазақ қоғамы осындай ауыр жағ­дайды бастан өткеріп жатқан тұста, 1916 жылы маусым айында патшалық билік «Июнь жарлығын» шығарды. Онда: «Империяның бұратана халық­тарының ер адамдарын қимыл үстіндегі армияның қорғаныс һәм әскери құры-­

лыстарын салуға, сонымен қатар мем­ле­кеттік қорғаныс үшін қажет бас­қа да жұмыстарға тарту туралы» жар­лық шығарып, бұратаналарды тыл жұ­мы­­­сына жегу арқылы армия қатарын то­лық­­­тыруға қажет орыс шаруалары мен жұмыс­­шыларын босатып алуды көздеді.

Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде қазақтар қоныстанған далалық облыстардан – 100 мыңнан астам, Жетісу өңірінен 87 мың адам тарту жоспарланған.

Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоғын пайдаланып болыстық басқар­ма­лар мен ауыл старшындары жастары­­ның асқандығына қарамастан, кедей жігіт­тер­ді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге» қосып, тамыр-таныстары­ның ба­ла­ларын жасын үлкейтіп немесе кіші­рейтіп әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.

Мәселен, 50-60 жастағы кедей шалдар 30 жаста болып, 25-30 жастағы бай балалары 50 жастан асқан болып жа­зылды. Сол кездегі Саратов губер­ния­сының депутаты А.Ф.Керенский 60 жас­­­-

тағы шалдардың 30 жаста болып жа­зыл­­ғандығын, ал бай балаларының 25-30 жастағылары 50-ден жазылған

дығы ­­орыс шенеуніктері мен жергілікті қазақ әкім­сымақтарының парақорлығы деп шенейді.

Алаш қайраткерлері осы аласапыран жағдайды «қазаққа қалай пайдаланамыз» деген көзқарасты ұстанды. Сөйтіп, «Қазақ» газеті бетінде талқылау жүргізіліп, күші басым үкіметке қар­сы шығудың халықты қырғынға ұшы­ра­тарын ескертіп, сабыр сақтауға шақыр­ды. 1916 жылы шілде айында алаш қай­рат­керлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатовтар газет арқылы халыққа үндеу тастады.

Осы үндеуде: «Отандастарымыз – орыс халқы, діндестеріміз – мұсыл­ман­­­дар, татар халқы, сондай-ақ басқа да көр­ші халықтар өрттің жалынында лаулап жанып жатыр. Бізге бұдан сырт қалуға болмайды. Өзіміз боданы бо­лып отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту, басымызды сауғалап үйден шықпау, мемлекетті қорғауға атсалыс­пау, дұшпанға көмек көрсетумен пара-пар» дей отырып, қазақтың бұл жарғыға қарса шықпауын, қайта тылға барып со­ғыс өнерін үйрену қажет екенін, ең со­ңында жоғарыдағы соғыста Ресей же­ңіске жетсе, қазақ автономия сұрауға то­лық үмітті боларын халыққа түсіндіріп бақты.

Соңынан көтеріліс басылып, қазақ жігіттері майданға окоп қазуға жіберіле бастаған кезде, оларға бас-көз болып, кейін аман-есен оларды ауылға жеткізу қажет болған жағдайда алаш арыстары бастаған қазақ зиялылары бірге май­данға аттанды. Бұны нағыз патриотизм деп түсіну керек. Өйтпегенде сауатсыз, орыс тілін түсінбейтін көптеген қазақ жігітерінің елге оралуы екіталай еді.