Елордадағы руханият ордаларының бірі Сәкен Сейфуллин музейінің қоры бай. Онда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері туралы тың деректер, зерделі зерттеулер мен жәдігерлер жинақталған. Соның ішінде келушілер дауылпаз ақынның алтын қалта сағатына қызығып қарайды. Бұл құнды дүниенің өзіндік тарихы да бар.
1934 жылы жазушы Максим Горькийдің бас болуымен Мәскеуде Кеңес жазушыларының бүкілодақтық бірінші съезі өтеді. Сол кездегі Одақ құрамындағы республикалардың көркемсөз зергерлері жиналған маңызды жиынға Қазақстаннан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бастаған ақын-жазушылар делегат болып қатысады. Ал 1936 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Сәкен атамыздың әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына орай салтанатты кеш өтіп, осы мерейлі жиында өкімет ардақты азаматты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттап, алтын қалта сағат табыс етеді.
Алтын қалта сағат Швейцарияның «НҮ МОZER» фирмасында шамамен 1870-1880 жылдары жасалған. Сағат жоғарғы сынапты алтын 18 к /750 сынама/ салмағы 100 гр. 1882 жылы шыққан. Диаметрі – 45 мм, үш қақпақтан тұрады. Сыртқы қақпақта Сәкен Сейфуллиннің есімі жазылған, ішкі қақпақта «HY MOZER&CE» «ECHAPPEMENTE ANCHE» «RERRES» «QUALITELEPAINE» фирмасы деп жазылған.
Сәкен атамыз ұсталып кеткеннен кейін қайраткердің зайыбы Гүлбаһрам анамыз алтын қалта сағатты ақынның қолының табы тиген бірқатар затпен бірге сақтап қалған. 1973 жылы ол кісі қайтыс болғаннан кейін, жақындары оларды Алматы мұражайына тапсырған. Қазір бұл – Сәкен Сейфуллин музейіндегі бағалы жәдігердің бірі.