Эпидемиялық ахуалы саябыр тапқандай болған Алматыда жағдай күрт өзгерді. Халықаралық әуежай мен теміржол вокзалдарында бақылау қайта күшейтілді. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда коронавирустың жаңа «үнді» штамы тіркелгені туралы хабарлады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қала эпидемиологтары жаңа мутацияларды анықтау үшін Алматы аумағында айналымда жүрген коронавирус штамдарына генетикалық зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бірінші кезекте айналымдағы 90%-ға жуық мутацияланған штамдардың таралуына байланысты қаладағы эпидемиялық жағдай күрделі екенін айтты.
«12-19 маусым аралығында мутацияланған штамдардың айналымын анықтау мақсатында ПТР-диагностикасын жүргіздік. 53 зерттеудің ішінен «британдық штамм» 44 адамда (83%), «оңтүстікафрикалық» екі жағдайда (4%) және бір адамда «нью-йорктік» штамм (1,8%) анықталды. Қалған 11%-да COVID-19 вирусының мутациясы анықталмады», деді Ж.Бекшин.
Мекеме басшысының айтуынша, 16 маусымнан бастап жұқтыру көрсеткіші 0,7-ден 0,96-ға дейін өскен. «Бұл – демалыс орындарына бару мен тұрғындардың бетперде режімін сақтауда эпидемияға қарсы шараларды елемеуі салдарынан болды», деді Ж.Бекшин. Сондай-ақ COVID-19 ауруы өсуінің негізгі себебі инфекцияның тез таралуына ықпал ететін мутацияланған штамдардың пайда болуына да байланысты. Нәтижесінде, 22 маусымда эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасында Алматы тағы да «сары аймаққа» өтті. Жұқтыру көрсеткіші жоғары.
Ж.Бекшин эпидемиялық жағдай ушыға түскен жағдайда шектеу шараларын бақылау 5 күн ішінде жүргізілетінін түсіндірді («жасыл аймақтан» «сарыға» немесе «сары аймақтан» «қызылға» көшу). Сондықтан Алматыда «жасыл аймақ» режімі тағы 5 күн, яғни 27 маусымға дейін сақталады. Сондықтан Алматы қаласының әкімдігі халықаралық әуежайда және қаланың теміржол вокзалдарында бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құзырлы мекеме басшыларымен бірге Алматы халықаралық әуежайы мен қала вокзалдарының аумағындағы санитарлық-эпидемиялық қызметтердің жұмысын тексерді.
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы мен Денсаулық сақтау министрлігінің елде «Дельта» («үнді») штамының айналымына қатысты тапсырмасын ескере отырып, жерүсті қызметтердің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы дайындығы, ұшу аумағында инфекция белгілерін анықтайтын жолаушылар үшін жекелеген инфекциялық бокстардың жұмысы тексерілді. Әуежайға кіреберістегі Ashyq қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебелі екі-үш жолаушы тіркелгені туралы хабардар етіліп, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін бұл адамдар жедел оқшауланды.
Эпидемиологтардың айтуынша, «Дельта» штамы жоғары жұқпалы әрі анықталған штамдарға қарағанда 60% жұқпалы. Орташа алғанда, 1 адамнан 5-6 адам жұқтырады, ал айналымдағы штамдардан 3-4 адамға жұғады. Штамның инкубациялық кезеңі жеті күнді құрайды. Ғалымдардың зерттеулері коронавирустың «үнді» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің ықтималдылығы жоғары екенін айтты. Ж.Бекшин «үнді» штамының симптомдары басқа екенін жеткізіп, үйреншікті штамдардан өзгешелігін атады. Алайда, аурудың белгілері болған кезде дереу дәрігерді шақыру керек. Өйткені жаңа штамм қауіпті. Осыған байланысты Бас санитар қала тұрғындары өзін-өзі емдеумен айналыспауы керектігін тағы да қаперге салды.
Алматы билігі санитарлық-эпидемиологиялық қорғаудың барлық шараларын күшейтуді, оның ішінде әуежай қызметкерлерін вакциналауға шақырды. Сондай-ақ әуежайды дезинфекциялау жұмыстары қайта жалғасатын болады.
Айта кету керек, Алматы эпидемиологтары қауіпті «Дельта» штамынан туындауы мүмкін коронавирус инфекциясының жаңа толқынын жоққа шығармайды. Алматы қаласының коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық штабы тұрғындарды вакциналауға, сондай-ақ бетперде режімі мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, 20 маусымдағы жағдай бойынша SARS-CoV-2 «Дельта» штамы әлемнің 74 елінде анықталған.
АЛМАТЫ