Жазу – өмірдің ісі. Қалам ұстаған жан тек қалауымен ғана жазушы атанып кетпейді. Ол көргенін, сезгенін, қорытқанын жазады. Кейде шығармаға жан беруге бұлар да жетпей жатады. Яғни жазуға қаламгердің өз ішіндегі һәм айналасындағы жағымды-жағымсыз қоңыр тіршіліктің бәрі әсер етеді. Ал автордың өз бойындағы қызық, бәлки оғаш, кейде қорқынышты, ерек іс-әрекеттері мен әдеттері екібастан. Шығармашыл адамдардың бұл біртүрлі мінездері – бар болмысы, өмірдегі шынайы қалпы.
Кейде оларды осы тосын мінездері үшін, таңғаларлық әдеттері үшін жақсы көреді. Кейде түсінбей, шоршып түседі. Ал бірде әдебиетке құбылыс болып енген классиктердің әр әрекеті мен түр-тұлға, киім киісіне жапа-тармағай еліктейді (тіпті жазуына еліктеп, өз дарынын жоғалтып алғандар қаншама?!)
Жақсы шығарманың арғы жағында әрқашан жан дүниесі білеу-білеу автор бар. Қаламгердің айналасында да қоғам назар аударарлық дүние көп. Яғни жазушының шығармасы мен өмірін бөліп қарай алмаймыз: бірінің сәулесі мен көлеңкесі екіншісіне түсіп тұратындай.
Набоковтық тәсілдер
Әйгілі «Лолитаның» авторы шығармаға кірісердегі түйдек-түйдек ойларын шағын карточкалық қағазға жазады екен. Бұлай жазу оған түрлі штрихтарды сюжеттік ретсіз өз қалауынша орындарын ауыстырып қолдануға ыңғайлы болған. Мәселен, Набоков «Ада» романын жазып шығуға 2 000 карточка жұмсаған. Сондай-ақ ол жастық астына ылғи парақтар қойып қояды. Яғни аяқасты келген ойларын түрте салу үшін. Байқауымызша, Набоков өз ойына әрқашан сақ болған тәрізді. Бұл автордың жазуға деген ыждағатын да көрсетеді.
«Жатыпжазар» Джойс
Джеймс Джойс ішпен жатып жазғанды ұнатқан. Ол үлкен көк қарындашын алып, үстіне ақ көйлегін киеді екен. Оның бұл ғадетін біртүрлі деуге де болмас, сірә. Себебі қаламгер алыстан нашар көретін болған. Сондықтан толық көк қарындашы жазғанын анық көрсетсе, ақ көйлегі қағазға көбірек жарық түсіреді деп сенген. Иә, жазу үшін һәм жазғаның жақсы шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға болады.
Құлыптанған Гюго
Виктор Гюго бастаған шығармасын уақытында аяқтау үшін өз-өзін аямаған және өз сөзін өзіне тыңдата алған. Ол «Париж Құдай ана соборын» 1830 жылдың жазында бастап, 1831 жылдың ақпанында тәмамдаған. Жазушы мұндай нәтижеге жету үшін бір бөтелке сия сатып алып, өзін бөлмесіне қамап қойған. Жарайсың, Гюго!
Кейде ойлайсың: осы уақытқа дейін қаншама талантты жазушы жалқаулығынан, яки өзін өзі тәрбиелей алмауынан, өзін жазуға отырғыза алмауынан әдебиеттен жоғалып кетті екен?.. Немесе өз деңгейіне жете алмай, қатардағы ортақол авторлардың бірі болып жүрді екен?..
Алма – шабыт шақырады
Неміс ақыны Фридрих Шиллердің бұл ғадетін, шынында біртүрлі десек болатындай. Ол алманы үстел тартпасына шірісін деп әдейі салып қояды екен. Өйткені оған шіріген алманың иісі ұнаған. Тіпті содан шабыт алыпты.
P.S.: Мейлі, өзі білсін. Ең бастысы, бұзылған алманы жемесе болды. Денсаулығына зиян келсе, өлеңді кім жазар еді?..
Түрлі-түсті Дюма
Александр Дюманың қызық қылығы әртүрлі түстерге байланысты болыпты. Ол көркем шығармасын жазуға көк түсті қағазды қолданыпты. Ал поэзияны сары қағазға, мақалаларын қызғылт қағазға ғана жазыпты. Автор таңдаған бұл түстердің сыры неде деп ойлайсыз?
Тағы да Хемингуэй
Біз осыған дейін Хэм ағайдың түрлі қырлары мен ғадеттерін жиып-теріп жазғандай болғанбыз. Алайда талантты адамдардың таңғаларлық іс-әрекеттері таусылмайды екен. Әлқисса.
Сонымен Хемингуэйдің айтуынша, ол күніне 500 сөз жазып жаттығады екен. Бұл жұмысымен көбінесе таңертеңнен түске дейін ғана айналысыпты. Жазушы Фицджеральдқа жазған хатында түкке тұрмайтын 91 беттік жазудан бір бет шедевр шығады дейді. Байқап көру керек екен...
Кофе құйыңыз...
Оноре де Бальзак кофеге тым құмар жандардың бірі болды. Жазушылық күйге түсу үшін де кофе ішетін. Тіпті күніне 50 кесеге дейін ішкен сәттері болыпты. Зерттеушілердің сөзінше, Бальзак «Адамзаттық комедия» шығармасын жазу кезінде мүлдем ұйықтамаған. Әрине бұл көп ішкен кофенің әсері.
Одан бөлек Вольтер де кофеқорлығымен атақты. Ол күніне 40 кесе кофе тауысқан.
Өлгендер қайтып келмейді
Артур Конан Дойлдың кейіпкерлері ақыл-есі сау, саналы азаматтар болса да, өзін олай деп айта алмаймыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ұлының өлімінен соң жазушы спиритизммен ауырып, қайтыс болған адамдармен сөйлесе бастапты. Сондай-ақ досы Гарри Гудинидің магиялық қасиеттері бар деп сендіріпті. Ал Гудини бұл «сандырақты», әрине жоққа шығарған.
Жаттығу жазуға да серік
Егер бір сәт шығармашылық тоқырауға ұшырап, миыңыз ашыса, бірнеше минут аяғыңызды көкке көтеріп, тұра тұрыңыз. Бұл біздің емес, американ жазушысы Дэн Браунның ақыл-кеңесі. Оның айтуынша, мұндай «терапия» жеңілдеуге және жұмысыңды бір жүйеге келтіруге көмектеседі. Бұдан бөлек оның жазу үстелінде ылғи құмсағат тұрады. Яғни Браун бір сағат сайын жұмысын тоқтатып, түрлі жаттығулар жасайды.
Диккенс дәстүрі
Чарльз Диккенс мәйітханаға баруды жақсы көріпті. Мұның сырын «Көзге көрінбейтін беймәлім бір күш мені мәйітханаға тартады да тұрады», деп түсіндіреді. Қай қалаға сапар шексе де, ең алдымен мәйітханаға соғып, ондағы суып қалған денелердің арасында бірнеше сағат уақыт өткізіп, өлілерге «сүйсінеді» екен. Ол өзіндегі бұл сезімді «жиіркеніш тартылысы» дейді. Әрине үйренерлік те, қызығарлық та іс емес.
Жұма мен он үш
Әйгілі «Тиффанидегі таңғы ас» шығармасының авторы Трумен Капоте өмірінің соңына дейін тек қарындашпен ғана жазыпты. Тіпті кейін жазу машинасы пайда болғанда да ол диванда жатып жазғанды тастамаған. Сондай-ақ автор шығармасын жұма күні бастамайды екен һәм аяқтамайтын да. Ал қонақүйдің нөмірі 13 болса, міндетті түрде ауыстыратын. Жұма мен он үштің Капоте үшін қандай жазығы бар екенін кім біліпті...