Еске салсақ, 2004 жылдан бері ТМД мемлекеттерінің баспалары арасында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Искусство книги» атты халықаралық байқау бар. Кейінгі жылдары бұл бәйгенің аты шығып, абыройы артып, салмағы еселене түскен. Былтырғы жыл қорытындысында да қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар жоғары нәтиже көрсетіп, әр аталым бойынша жүлделі орындар иеленген еді.
Биыл XVIII мәрте өткізілген «Искусство книги» байқауына Қазақстан Республикасы төрағалық етті. Ұйымдастыру және қатысушы мемлекеттер ұсынған кітаптарды жинақтау жұмыстарын Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы атқарды. Халықаралық жобаның қорытынды жиналысы жуырда онлайн форматта өтті.
Қорытынды жиналыстың алғашқы күніндегі отырысқа байқау төрағасы, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, ұсынылған кітаптардың сапасы да айтарлықтай өскенін атап өтті. «Бұл байқаудың басты мақсаты – ТМД мемлекеттері арасындағы баспа ісі саласы бойынша әрі жалпы руханият бойынша өзара ынтымақтастық қарым-қатынасты тереңдету, дамыту және жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыру, қолдау көрсету, тәжірибе алмасу», деді ол.
Бірінші күннің жоспары бойынша алты мемлекеттен ұсынылған кітаптарды таныстыру және талдау жұмыстары жүргізіліп, пікірталас үш сағатқа созылған. Қазылар алқасы ұсынылған кітаптардың халықаралық ынтымақ- тастық, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, кітаптың безендірілуі сияқты бағыттардағы басымдықтарын, ерекшеліктерін, ізденіс нәтижелерін бағалады. Негізгі басымдық ұсынылған еңбектерді номинация талаптарына сай екенін анықтауға, жаңа тақырыптардың ұсынылуына бағытталды. Байқау шартына сәйкес ұсынылған кітаптар 10 номинация бойынша («Содружество», «Моя страна», «Диалог культур», «Книга для детей и юношества», «Наука и образование», «Арт-книга», «Искусство иллюстрации», «Отпечатано в содружестве», «Победа», «Гран-при») сынға түседі.
Айта кетейік, қорытынды отырысқа Армения Республикасынан Ұлттық кітапхананың Халықаралық жобалар координаторы Маргарэт Асланян, Беларусь Республикасынан Ақпарат министрлігінің Баспа ісі және полиграфия ісі басқармасының басшысы Владимир Андриев, Қазақстан Республикасынан Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов және «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Байкенова, Қырғыз Республикасынан Мемлекеттік кітап палатасының директоры Койчымбек Момункулов, Ресей Федерациясынан Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Александр Воропаев қатысты.
«Искусство книги» байқауына Қазақстан Республикасының төрағалық етуі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жауапкершілігі жоғары жұмыс болды. Ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқан Ресей Федерациясынан Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Александр Воропаев елдер арасындағы мәдени байланыстарға тоқталды.
«Біз «Искусство книги» байқауын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу арқылы ТМД мемлекеттері арасындағы рухани байланысты, мәдени қарым-қатынастарды нығайтып келеміз. Осы бағыттан алып қарасақ, бұл байқаудың тәжірибе алмасу алаңына айналып, халықаралық ауқымда маңызды рөл атқарып отырғанын байқаймыз. Қазақстан Республикасы биылғы байқауды қашықтан ұйымдастыра отырып, өте жоғары деңгейде алып шыққанын айта кетуіміз керек. Байланыс сапасы да, байқауды ұйымдастыру және оған жергілікті мамандарды шақыру, төрағаның әрдайым тікелей байланыста болуы – іс-шараның маңызын арттыратын қадамдар», деді ол.
Ал Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кітап палатасының директоры Койчымбек Момункулов: «Қазақстан Республикасының баспа ісі саласы жыл санап қарқынды дамып келе жатқанын осы байқау төңірегінде көріп отырмыз. Елдің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттайтын ірі шығармалар басылып жатыр. Біз де биыл осы халықаралық конкурсқа қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының қырғыз тіліндегі нұсқасын ұсынып отырмыз. Әдебиет пен өнерде шекара жоқ, біз бауырлас халықтардың мәдениетіне, діні мен тіліне, салт-дәстүріне әрдайым құрметпен қараймыз», деп атап өтті.
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жиналысты қорытындылай келе, екі күн бойы онлайн байланысқа шыққан әрбір қатысушыға алғыс білдірді. «Биыл екінші мәрте әлемдегі эпидахуал салдарынан халықаралық байқауды онлайн форматта өткізіп отырмыз. Дегенмен қысылтаяң уақыт болса да, біз халықаралық қарым-қатынастарды нығайтуды, баспа ісі саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін өзіне жүктейтін «Искусство книги» байқауы өз деңгейінде өтті деген ойдамыз», деді ол.
Байқаудың қазылар алқасы Мәскеу халықаралық кітап көрмесі аясында байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасын (онлайн өтуі мүмкін) талқылап, егер дәстүрлі форматта өткен жағдайда басқосуға уағдаласты.