• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Маусым, 2021

Павлодарлық дәрігерлер Джонс Хопкинс университетінің ғалымдарымен тәжірибе алмасты

236 рет
көрсетілді

Павлодар облысының медицина қызметкерлері әлемге әйгілі Джонс Хопкинс университетінің медицина мектебінің ғылыми қызметкерлерінен білім алды. Тәжірибе алмасу вебинар режимінде өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, уақыттың үлкен айырмашылығына қарамастан, тараптар онлайн-кездесу өткізіп, коронавирус инфекциясын емдеудің қыр-сырын талқылай алды.

Медицина ғылымдарының докторы Бенджамин Боднар павлодарлық әріптестеріне тромбоз қаупі жоғары пациенттерде антикоагулянттық терапия және жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті және семіздік сияқты ілеспе аурулары бар пациенттерге қарқынды терапия жүргізу туралы айтып берді. Джонс Хопкинс университетінің пульмонология және реанимация саласындағы ғылыми қызметкері Ребекка Дезуб созылмалы өкпе патологиясы бар науқастарда өкпені жасанды желдетудің рөлі және өкпені жасанды жолмен желдетуді жүргізу кезіңдегі асқынулар туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар ол COVID-19 емдеудегі бактерияға қарсы терапия тәжірибесімен бөлісті.

«Вебинарда талқылаған кейбір мәселелер әлі күнге дейін даулы болып келеді - бұл этиотропты, патогенетикалық емдеу, цитокиндік дауыл, респираторлық және бактерияға қарсы терапия мәселелері. Мені антикоагулянттық терапия тақырыбы қызықтырды. Мен америкалық мамандар оған қандай көрсетілімдер беретінін және қандай антикоагулянттарға артықшылық беретінін білгім келді. Олар біз сияқты дәрілерді - фракцияланбаған және төмен молекулалы гепариндерді қолданатыны белгілі болды», дейді Павлодар облысының штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы Инна Гловацкая.

Вебинарға медицина қызметкерлерінен басқа Қазақстанның Сан-Францискодағы бас консулы Азамат Әбдірайымов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов қатысты.

«Бізге АҚШ-тағы пациенттерді сұрыптау бойынша триаж-жүйесіне қандай тәсіл қажет екені қызық болды. Жалпы, мұндай тәжірибе алмасу бүгінде коронавирус инфекциясын емдеумен айналысатын медицина қызметкерлерімізге пайдалы болды. Біз COVID-19 бар пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру тұрғысынан дұрыс бағытта келе жатқанымызға көз жеткіздік», деді Айдар Сейітқазинов.

Джонс Хопкинс университеті – АҚШ-тың Мэриленд штатының Балтимор қаласында Джонс Хопкинс негізін қалаған жеке зерттеу университеті. Университеттің филиалдары Қытайдың Нанкин және Италияның Болонья қаласында орналасқан. 2013 жылы бұл ЖОО әлем университеттерінің академиялық рейтингінде 17-ші орынға ие болды. Мұнда әртүрлі уақытта 36 Нобель сыйлығының лауреаттары жұмыс істеген.

Хопкинс университеті бүгінгі таңда нақты уақыт режимінде коронавирустың бүкіл әлемде таралуын бақылайды.