• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Оқиға 27 Маусым, 2021

Достықтың жарқын үлгісі

409 рет
көрсетілді

Өзбекстан Журналистері шығармашылық одағы республикадағы қазақ, тәжік тілдерінде жарыққа шығатын басылымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жақында сондай шаралардың бірі «Нұрлы жол» және «Овози тожик» газеттерінің редакцияларында өтті.

Өзбекстан Республикасы Олий Маж­лисі Заң шығару палатасы Сенаты Кеңесінің, сондай-ақ Өзбекстан Респуб­ликасы Министрлер Кабинетінің «Нұрлы жол» газеті редакциясында Өзбек­стан Журналистері шығармашылық ода­ғы­ның төрағасы Олимжон Усаров, төраға орынбасары Холмурод Салимов, жетекші маман Лариса Суреневна және ақпарат қызметі маманы Ислом Асил­бековтердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шара барысында Өзбекстан Жур­налистері шығармашылық одағы  «Нұрлы жол» және  «Овози тожик»  газеттерінің редакциясына заманауи компьютер сыйлады.

Олимжон Усаров «Нұрлы жол» газеті ұжымының Өзбекстандағы саяси-экономикалық, әлеуметтік салалардағы жетістіктерді жұртшылыққа кеңінен жеткізуде, ақпарат саласын дамытуда қызметі жоғары екенін айтып, Өзбекстан Журналистер шығармашылық одағына мүшелікке қабылдауды ең алғаш осы екі редакциядан бастағанын хабарлады.

Дөңгелек үстелде О.Усаров куәліктің жаңа үлгісі бекітілгенін, оған төсбелгісі рәміздік мағынаға ие екенін тілге тиек етіп, «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы Ғұламзәкір Юсуповқа және газеттің тілшісі Жаннат Молдашеваға куәлік пен төсбелгіні салтанатты түрде тапсырып, оларды шығармашылық одағына мүше болуымен құттықтады.

 Шара барасында көпұлтты мемлекетте баспасөз және сөз еркіндігін қамтамасыз ету барысындағы реформалардың, бұқаралық ақпарат құралдарын жан-жақты қолдау, түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері арасында өзара достық қатынастарын одан әрі күшейту бойынша жұмыстардың дәйекті жалғасып келе жатқаны айтылды.

– Өзбекстандағы саяси үдерістер мен жаңаруларды тұрақты жариялап, өзбек-қазақ халықтары арасындағы туыстық байланыстардың берік болуына үлес қосып келе жатқан «Нұрлы жол» газетінің еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары арасында алатын орны ерекше. Өзбекстан Журналистері шығармашылық одағы мен Қазақстан Журналистер одағы арасында ынтымақтастық меморандумы жасалған. Құдай қаласа, біз үдерісті одан әрі жандандыра түсеміз. Алдағы уақытта елімізде өткізілетін «Олтин қалам» сынды түрлі байқауларға,  сонымен қатар халықаралық деңгейде өткізілетін байқауларға да ұжымдағы үздік журналистердің қатысуына қол­дау білдіреміз, – деді Өзбекстан Жур­налистері шығармашылық одағының төрағасы Олимжон Усаров. 

 «Нұрлы жол» газеті қызметкерлерінің ақпарат саласындағы еңбегі ескеріліп, мемлекет тарапынан марапатқа ие болып келеді. Газеттің бас редакторы Ғ.Юсупов «Мехнат шухрати» орденімен марапатталса, тәжірибелі журналист Қатира Нұрбаева «Өзбекстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері»  атағына ие болды. Сондай-ақ Райхан Бабатаева, Жұмагүл Әлімбекова, Әзиза Айқожаева мен Жаннат Молдашевалар «Шухрат» медалімен марапатталған. Елімізде журналистер арасында өткізілетін «Жылдың ең үздік журналисі» бай­қауында Әзиза Айқожаева, Жаннат Молдашева, Гүлжамал Байтөреева, Арухан Ақпанбетовалар сыйлыққа ие болды. «Жылдың ең үздік журналисі» байқауының жүлдегері Рүстем Төленов «Ең ұлы, ең ғазиз» байқауында ІІ орын иегері атанған. Айгүл Тешебаева Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының «Абай» медалімен марапатталды.

 

Арухан АҚПАНБЕТОВА,

«Нұрлы жол» газетінің тілшісі