Осыдан дәл 45 жыл бұрын, 1976 жылдың жазында Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық семинар-кеңесі өтті.
Осыдан дәл 45 жыл бұрын, 1976 жылдың жазында Мәскеуде жас журналистердің бүкілодақтық семинар-кеңесі өтті. Идеологияға қатты көңіл бөлінетін кез. Жиырма бес пен отыздың арасындағы қылқандай жастар алдында кеңес журналистикасының кілең бір ығайы мен сығайы сөз сөйледі, бай тәжірибесін бөлісті.Солардың бірі – атағы жер жарған публицист Генрих Боровиктің журналист жұмысының қадірі жайында айтқаны есімде қалып қойды. «Мына дүниеде өзінің бір өмірінде жүздеген жандардың өмірін сүріп көргендей күй кешетін, ондаған кәсіп иелерінің тыныс-тіршілігін сезінетін екі мамандық бар. Олардың қандай мамандықтар екенін білесіздер ме?» деген еді Генрих Авиэзерович. Қол көтерген жігіт: «Біреуі – актер мамандығы. Актер патша да болады, бақташы да болады, солдат та болады...» деген тұрғыда айтты да тоқтап қалды. Басқа ешкім суырылып шығып, оның сөзін толықтыра қоймады. Күтіп тұрмыз. «Екінші мамандық – журналист», деді мэтр. Бәріміз серпіліп сала бердік. Сөйтті де, сөзін былай жалғады: «Журналист бір аптада дәрігердің, келесі аптада мұғалімнің, одан кейінгі аптада спортшының ішкі дүниесіне еніп, солардың кейпіне кіріп жатады, сол мамандықтардың бәрінің де жай-жапсарын жалпылама болса да жан-тәнімен сезіне алады. Сондықтан да сіздер – адамға бір-ақ рет берілетін мына өмірде тіршіліктің барынша көп қырын көруге мүмкіндік жасайтын ең жақсы мамандықты таңдаған бақытты адамсыздар»... Осы сөзді ұмытқан емеспін. Журналистік жолды таңдаған жастар біле жүрсін деп еске салып жатырмын.Иә, журналист – бақытты болуға барынша кең жол аша алатын мамандық. Генрих Боровик айтқандай, неше түрлі адамдардың өмірін сүріп көрудің, неше түрлі кәсіптің қыр-сырын сезініп қалудың сыртында, бұл мамандықтың саған сыйлайтын мүмкіндігінің өзі қыруар. Осы кәсіпті игергенің үшін ғана, ақпарат құралында жұмыс істейтінің үшін ғана саған бүкіл елге сөз арнау құқы, мемлекеттегі қоғамдық құбылыстарға баға беру құқы беріледі. Ондай құқ әкімге де, министрге де берілмейді. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, әкім басқа облыстың жұмысына баға берсе-ақ, министр өзге салаға араласса-ақ басы дауға ілігеді. Ел туралы сөйлеу – журналистің еншісі. Басқалар салаға жауап береді, журналист санаға жауап береді. Сала үкіметті құрайды, сана қоғамды құрайды. Міне, осыдан журналистік жұмыстың бөлекше жауапкершілігі туындайды. Не айтары бар, өкінішке қарай, дәл қазір журналистиканың жаны жүдеуленіп, жалы жығылып тұрған кезі. Бұлай дегенде қаржы қыспағынан іссапарлардың жоққа жуықтағанын, журналистердің өмірді білуі кемігенін, пандемия құрсауынан жұртшылықпен етене араласудың азайғанын айтқалы тұрған жоқпын. Жаппай коммуникацияның жаһанды жайлауы журналист қызметінің қадірін қашыру қаупін әкеле жатыр. Азаматтық журналистика бұқаралық ақпарат құралдарының кәсібисізденуін күшейте түсіп отыр. «Кез келген кісі жаза алатын нәрсені бұларға бес жыл бойы несін оқытады?» деп таң-тамаша қалатындар да табылады. Осындай кезеңде біз намысты қамшылап, кәсіби шеберлікті шыңдауға көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Елдің өмірін өзгерту халықтың көңілін өзгертуден басталғаны жөн. Сын сағатта адамдардың сағын сындыруға, үмітін үздіруге көп ақылдың керегі жоқ, осындай кезеңде қайратты қамшылауға, намысты осқылауға, ертеңгі келер жақсылыққа сендіруге, соған ұмтылдыруға көп ақыл да керек, көп шеберлік те керек. Түптің түбінде дәл солай боларына сенеміз.Өз атымызға қайтадан толық тигеніне екі жыл толған кәсіби мерекеміз құтты болсын, ардақты әріптестер! Жазар жақсылығымыз, жеткізер жаңалығымыз көбейсін!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,2003-2004 жылдардағы Ақпарат министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты