1952 жылдың ерте көктемі болатын. Баяу сырғып жатқан керуен күндердің бірінде керегеде ілулі тұрған тымақ бүлк етіп, екі ай бойы үнсіз жатқан шақалақ тура тоғыз айға толған күні шар ете қалады.
Үйдегілердің қолындағы шай ішіп отырған кеселері түсіп-түсіп кетеді. Мұны қазақ нысана дер еді. Сол шар еткен күнінен бастап, өмірінің соңына дейін ұлтының жоғын жоқтап, шырылдап өткен сол сәби – «Алаш баласы бай, қуатты болса екен!» деп шын тілеген Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Шындықты шыңғыртып, ақиқатты ашық айтатын қазақ тележурналистикасының мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлы осылай өмірге келіпті.
Өзінің саналы ғұмырын ел игілігіне экран арқылы арнаған телевизия тарланын бар қазақ жақсы көрді. Тіпті ел оның өзін көрмесе де, дауысын жазбай таныр еді. Тележурналистиканың тұтас мектебіне айналған тұлғаны ел ешқашан ұмытпақ емес.
Жалпы журналистиканың ішінде репортажды жауынгер жанр десек, сол саланы ақсатпай алып жүрген бірден-бір тұлға Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Заманында Қарабақтың қақ ортасында тұрып, тікелей эфирде хабар таратып, оқ пен оттың ортасында жүріп материал әзірлеген де осы есім еді.
Кәсібін кәнігі өнер деп бағалайтын адам ғана мұрат мінберін бағындырады. Ол қарапайым ғана қалпымен жұртшылықтың жүрек төріне көтерілді. Экранның ар жағында отырып-ақ елмен емен-жарқын мәслихат құрды. Микрофонымен-ақ мәселенің шешілу жолына төте тартатын. Нық жүретін, нығарлап сөйлейтін.
Қазақ телевизиясының Джентельмені, сұрақ қоюдың да сұңғыласы деген сипаттамалары тағы бар. Ол қазақ жігіті қандай болу керектігін құр сөзбен емес, сымбатты да сырбаз, күмістен тартқан сымдай тіп-тік тұлғасымен, еңселі де еркін шалқақ кеудесімен үлгі етіп көрсететін. Оның көкейіндегі көрікті ойлар көпшіліктің жүрек сөзіндей болатын.
«Бай, қуатты болайық!». Жадымызда жатталып қалған, ел есіндегі есті осы сөздің иесі бүгінде ортамызда жоқ. Өкінішті, әрине... Бірақ соңына үлкен мектеп қалдырған тұлға тұғыры ешқашан аласармақ емес.