• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2021

Саналы ғұмырын газетке арнаған

462 рет
көрсетілді

Былтыр жазда алымды ақпараттарын, мазмұнды мақалаларын, сырлы сұхбаттарын іздеп жүріп оқитын оқырмандары танымал журналист, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лау­реаты, Мәдениет қайраткері Жолдасбек Дуанабайдан көз жазып қалды.

Қаршадайынан қара сөзді пір тұтып өскен ұшқыр қалам иесінің алғашқы дүниелері аудан­дық газетте жарық көрді. Алайда ол кісінің еңбек жолы Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің журналистика фа­культетін бітіргеннен кейін жет­кіншектердің сүйікті басылымына айналған, қазіргі «Ұлан» газетінен басталды. Осы басылымда жүріп, журналистиканың қазанында қай­нап, мәртебелі мамандықтың қыр-сырын үйренді. Содан соң талай талант түлеп ұшқан «Жас Алашта» еңбек етіп, танымдық мақалаларымен елге танылды. Белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы «Жұрт жадындағы Жол­дас­бек» атты естелігінде: «Жол­дасбекпен бірге «Жас Алашта» екі-үш жыл қызмет істеген соң біз басқа жұмысқа ауыстық. Ол сол басылымда қалып, оншақ­ты жыл тер төкті. Газеттің жыр­тығын жамады. Күнделікті ақпа­ратты аждаһадай жұтып жататын басылымның өмірі тығындал­майтын өңешін толтырумен айна­лысты. Ол барлық дерлік жанр­ды игерді. Хабар-ошар әзірлей­тін бөлімде машықтанып, қаламы­нан түрлі заметка туындатты... Қатар­ынан озған замандас келбетін айшықтап, портреттік очерк жазды. Қай басылымда қызмет істе­се де, ол асқан ұқыпты­лы­ғы­мен көзге түсті» деп жазады.Кейінірек Жолдасбек респуб­ли­­калық «Айқын» газетінің ірге­та­сын қаласып, соның дамуына айтар­лықтай үлес қосты. «Жас қазақ» басылымы бас редак­торының орынбасары болғанда да жемісті жұмыс істеп, еліміздің өзекті мәсе­лелерін қаламына арқау етті. Біраз жыл ол кісімен әріптес болған Парламент Сенатының депутаты, қаламгер Нұртөре Жүсіп: «Жол­дасбек Дуанабай үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қашан да тыңнан тақырып тапқанға шебер еді. Елдің көкейінен шығатын мәселелерді дереу әзірлейтін. Мұ­ның барлығы көп оқудан шы­ғатын қасиет. Әлемдік журналистика жаңалықтарына жиі құлақ түріп жүру­ші еді. Оның архивінде неше түрлі танымдық мақала жинаулы тұра­тын. Ол кісі қалжыңға шебер бо­латын. Тауып айтқыштығы да бар. Балаша ақкөңіл еді» деп айтады.Саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған асыл азаматтың оқырмандары барда есімі ұмытылмайды деп сенеміз.