Қаламды – қару, сөзді – серт деп ұғатын журналистер қазір сирек. Бұқаралық ақпарат құралын төртінші билік десек, сол үлкен беделдің құнын құлатпай жүру үшін де терең парасат-пайым, жазуға деген аса зор махаббат пен ыждаһат керек.
Әрине, мұндай межеден журналистиканың кешегі классикалық мектебінен өткен, жазу-сызудың мехнатын азап деп емес, өнер дәрежесінде бағалайтын өрелі жандар ғана көрінеді. Саналы ғұмырының барын сарғайған газет беттеріне сарп еткен сондай тұлғаның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мағауия Сембай еді. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетін ширек ғасырға жуық басқарған білікті басшы, талапшыл редактор, бас басылым «Egemen Qazaqstan» газетінде де жемісті қызмет еткен публицист Мағауия Сламбекұлының жалпы қазақ баспасөзінің көшін алға ұзатуда еңбегі ерен десек қателеспеген болар едік.Кешегі қазақ журналистикасының корифейі, намыстың наркескені атанған Нұрмахан Оразбековтің алдын көрген, тәлімін алған журналист-қаламгер Мағауия өзі де кейін ағалар салған сара жолды дара даңғылға айналдыра білді. Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған қиын-қыстау кездің өзінде «Тамыз бүлігін» тайсақтамай бірінші басқан «Ortalyq Qazaqstan» газетінің беделі ел ішінде әрқашан биік. «Егеменнен» кейінгі екінші газет» деген бейресми атағы бар ақиқаттың алдаспаны Мағауия Сембай басқарған тұста да тұғырынан төмендемеді. Баспасөз баһадүрлерін баптауда оның ерекше ұстаздығы өз алдына жеке тағылым. Жалпы, оның редакторлығы тек мансап маңайында ғана емес, мінез мінберінде де көрініп тұратын. Биыл аталған облыстық газеттің торқалы тоқсан жылдық тойы. Шіркін, Мағауия Сембай бұл қызықты көре алай өмірден озды... Әрине, өкінішті, бірақ соңында шәкірттері бар ұстаздың «аты да, хаты да» ешқашан өлмек емес.