Былтыр шілде айында қазақ баспасөзі тарихының білгірі, журналистика теориясы мен тәжірибесінің тарланы, ұлағатты ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергенов дүниеден озды.
Қырықбай ағамыз қасиетті Баянауыл топырағында өмірге келген. Жасынан жазбалары аудандық газетте жарық көріп, ел ішінде «тілші бала» атанды. Орта мектепті бітіріп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Баянауыл аудандық газетінде әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі және Павлодар облыстық радиосында қызмет істей жүріп, туған өңірінің тарихы мен руханияты жайында тың деректер жинап, оқырмандарға танымдық мәні зор мақалалар ұсынды. 1987 жылы өзі білім алған Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика тарихы» кафедрасына оқытушы болып орналасты. 1992 жылы ҰҒА корреспондент-мүшесі M.X.Асылбековтің ғылыми жетекшілігімен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы диссертациялық кеңесте «Отечественные записки» журналы Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты туралы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын, 2001 жылы «Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты.Ардақты азамат қазақ тарихы мен журналистикасына қатысты оқулықтар, оқу құралдары мен монографиялар, жүздеген ғылыми мақала жазып, отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Сонымен бірге Баянауылдың бай тарихы мен тағылымды тұлғалары туралы құнды еңбектер жазды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Журналистика және саясаттану факультеті «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының профессоры қызметін атқарып, бірнеше білімді шәкірт тәрбиелеп, оларды ғылым жолына баулыды. Халқымыз «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деп бекер айтпаған, кейінгі жас ұрпаққа мазмұнды мұра қалдырған ғибратты ғалымның аты мәңгі жасайтыны анық.