Алматыдағы Сәбит Мұқановтың музейіне келушілерді ерекше таңғалдыратын бір портрет мемориалдық бөлімнің төрінде ілулі тұр. Бұл портретті Хакасияның ерлі-зайыпты қолөнер шеберлері Григорий және Анна Аткниндер кестелеген.
Г.А.Аткнин – кесте тігу шебері. Ол үшін шабыттың негізгі көзі хакас халқының қолөнері болған. Көркем кестелерден басқа суретші кескіндеме, графика және мүсін саласында да жемісті еңбек еткен. Григорий Алексеевич 1906 жылы 14 қарашада Усть-Абаканда дүниеге келген. 1926 жылы Омбыдағы Врубель атындағы көркемсурет техникумына, кескіндеме және декорация факультетіне оқуға түседі. Мәскеуде, Абаканда, Ташкентте оқиды, қызмет істейді. 1962 жылы Алматы қаласына, отбасымен көшіп келген және дәл осы шеберлердің қолынан ақын-жазушыларымыз Ж.Жабаев, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқановтың портреттері кестеленген екен. Қолөнер шебері, суретші Г.Аткниннің ең үлкен еңбегі – кестемен тоқылған портрет жасауды үздік өнер дәрежесіне көтеруі.Музейде тұрған Сәбеңнің жеке портреті кесте (мулине) жіппен шебер орындалған. 1970 жылы Қазақстан Жазушылар одағының арнайы тапсырысымен жасалып, жазушының 70 жылдық мерейтойына тарту етілген. Бұл туралы: «Орнымнан тұрып, қабырғада ілулі тұрған суреттерге қарай бастадым. «Мынау акварель, анау майлы бояумен салынған.. бұрыштағы ше? Кесте ғой. Мынау... бұл қандай шебердің қолынан шықты екен? Қағазға салған сурет те мұндай әдемі болмас... Сәбеңнің дәл өзі: үстінде қазақы түйе жүн шекпені, басында сусар бөрік, көзін сәл қысыңқырап, қулана күліп тұр. Кімнің өнері болса да, көз тимесін!» – деп тамсана жазған екен өзбек жазушысы Насыр Фазылов («Кәдімгі Сәбит Мұқанов», Естеліктер. 1984).Портретті музейге Сәбеңнің 47 жыл отасқан сүйікті жары Мәриям Қожахметқызы 1978 жылы табыстаған. Сәті түсіп музейге келушілер сүйсіне қарап, тамашалайтын құнды жәдігер.
Жанар ТАЕВА,«Алматы қаласының музейлер бірлестігіне» қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері