• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Маусым, 2021

Агросекторды қолдау қарқын алады

176 рет
көрсетілді

Елдің агроөнеркәсіп кешенін қолдау әрі дамыту – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің негізгі бағытының бірі. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын қарқын алмақ. Квазимемлекеттік сектордың халық алдында есеп беруі аясында ел тұрғындарымен әлеуметтік желі арқылы жүздескен холдинг басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов осы және өзге де жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ ол холдингтің 2020 жылғы қызметінің нәтижелері туралы есеп беріп, алдағы жоба-жоспарлармен таныстырды.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес «ҚазАгро» хол­­дингі таратылып, оның құра­мын­­­дағы үш компания биыл «Бәй- т­ерек­­тің» қарамағына өтті. Бұлар – Аграр­лық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы» және Ауыл шаруа­­шылығын қаржылай қолдау қоры. Бүгінде аталған компания­лар өз қызметтерін «Бәйтерек» холдин­гінің аясында ойдағыдай жалғас­тырып келеді. – «Бәйтерекке» қосылған «ҚазАгро» құрамындағы еншілес ком­паниялар штаттық режімде жұмыс істеуде. Әдеттегідей фер­­мерлерге несие үлестіріп, ауыл шаруа­шылығы техникала­рын лизингке беруді, субсидия­лау мен кепілдік ұсынуды жал­­ғастыруда. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» холдингінің екі депар­таменті бұрынғы «Қаз­Агроның» жұ­мыстарымен айналы­суда. «ҚазАгроның» жылдар бойы жи­нақ­талған мол тәжірибесін жұ­мыс барысында кәдеге жарататын боламыз, – деді А.Әріпханов есеп­тік кездесу барысында. Жиында холдинг басқармасы­ның төрағасына ондаған сұрақ қойылды. Сауал жолдағандардың қатарында Қос­танай облысы Жан­гелдин ауда­нының тұрғыны М.Әзімбаев та бар. Ауылдық елді мекенде тұра­тын ол мал шаруа­шылығымен айна­лыс­қысы келе­тінін айтып, кәсіп ашудың қыр-сырын қайдан мең­геруге болатынын сұрады. Сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен несие алудың жай-жап­сарына да қы­зығушылық танытты. – Жеңілдетілген несие алудың жолдары көп. Мәселен, ауылдықтар «Еңбек» бағдарламасының игі­лігін көріп отыр. Ол үшін біздің хол­дингтің құрамындағы Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қорына жүгінуге болады. Оның әр өңірде филиалы жұмыс істейді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге және ауылдық аумақтағы шағын бизнеске микрокредит беріледі. Несие 6,5 жылға ұсынылады. Бағ­дарлама арқылы жеке тұлғалар 4 млн теңгеге дейін несие ала алады. Кредиттің мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды, – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дингі басқармасының төрағасы. Есептік кездесуде Ақмо­ла облысындағы шаруа қожалық­тарының бірінің басшысы Мұса Қазанғапов көктемгі егіс жұмыс­тарына қаржы көбірек бөлінсе екен деген тілегін білдірді. А.Әріпханов көк­темгі егіс және егін жинау жұ­мыстарына республикалық бюджеттен жеткілікті көлемде қаржы бөлініп отырғанын алға тартты. Бұл жұмысқа Аграрлық несие корпорациясы жауапты. – Былтыр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 60 млрд теңге бөлінді. Биыл бөлін­ген сома бұдан қомақты. Яғни 70 млрд теңгені құрады. Байқап отыр­ғандарыңыздай, бөлінетін сома жыл өткен сайын көбейіп келеді. Көктемгі егіс жұ­мыс­тарына арналған қаржыны наурыз-мамыр аралығында толық­тай игер­дік. Ал келер жылға қан­ша қаржы қарастырылатыны күзде республикалық бюджет жос­пар­ланған кезде нақты белгілі болады. Біздіңше, сома 70 млрд тең­геден кем болмауы керек, – деді А.Әріпханов. Қостанайлық Сергей Иванович KazakhExport компаниясының жұмы­сына сын айтты. Оның пікірінше, KazakhExport шағын және орта бизнеске емес, ірі ком­па­нияларға көмек берумен шектеліп отыр. Ал ірі компаниялардың қо­лы онсыз да ұзын дейді, ол. «Бәйте­ректің» басшысы мұнымен келіс­пейді, әрине.– KazakhExport ірі компания­лармен ғана емес, шағын және орта бизнеспен де жұмыс істейді. Келісімшарт сомасы қомақты болған соң, ірі компаниялармен жұмыс жүргізген қолайлы, әлбетте. Бірақ орта және шағын бизнес те назардан тыс қалған емес. Мәселен, өткен жылы біз ша­мамен 115 компанияға 140 млрд теңге көлемінде экспорттық қол­дау көрсеттік. Соның 60 пайы­зы – шағын және орта бизнестің жо­балары. Еліміздің барлық өңі­рін, сондай-ақ түрлі салаларды қам­туға тырысамыз. Атап өтерлігі, шетел­дік серіктестер тұрақты тауа­р тасымалдаушыларға басымдық береді. Ал бұл міндетті көп жағ­дайда ірі компаниялар мінсіз орындайды. Шағын және орта бизнестің жобаларын қарастыруға қашанда әзірміз. 2021 жылдың бес айында 60 млрд теңгеге экспорттық қолдау көрсетілді. Биылғы меже – өткен жылдың көрсеткішін басып озу, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бас­қармасының төрағасы. Экспортты қолдау холдингтің стратегиялық бағыты екенін еске сала кетейік. Бұл ретте KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы үлкен жұмыс жүргізуде. Айта­лық, былтыр KazakhExport 16,1 млрд теңгеге сауданы, 13,5 млрд теңгеге экспорт алдындағы қар­жыландыруды жүзеге асырды. Сақ­тандыру құралдары отандық экс­порт­таушыларға қолжетімді болу үшін компанияны капиталдандыру тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында 10 еншілес ұйым бар. Олар микро, шағын, орта және ірі бизнесті қолдаумен, экспортты, агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытумен, венчурлық қар­жы­­ландырумен, проблемалық ком­панияларды сауықтырумен, сондай-ақ тұрғын үйдің қаржылық қол­жетімділігін қамтамасыз етумен айналысады. Өткен жылғы қызмет қорытын­дысы бойынша холдингтің бар­лық шы­ғындарды, салықтарды және бюджетке төленетін түрлі төлем­дерді шегергеннен кейінгі таза табысы 73 млрд теңгені құ­ра­ды. Холдинг активтерінің мөл­шері 6,8 трлн теңгеге тең. Былтыр «Бәйтерек» холдингі экономиканың шикізаттық емес секторларындағы кәсіпорындарға 1 трлн теңгеден астам сома көлемінде қолдау көр­сетті. Қаржылық қолдау көлемі өт­кен жылмен салыстырғанда 21 пайызға ұлғайған.Биыл холдингтің алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, 460,8 млрд теңгеге ірі бизнес жобаларын қар­­жыландыру көзделген. Сондай-ақ құны 1 трлн теңгеден асатын 11 жобаны іске қосуы жоспарда бар. Осы шағын және орта бизнестің 37 мың жобасы холдинг қолдауына ие болады деп күтілуде. Сол секілді экс­­порттаушыларға 200 млрд теңге кө­ле­мінде қолдау көрсету міндеті тұр. – Біз жаңа бағытта жұмыс іс­теу­деміз. Аграрлық несие кор­­­пора­циясының, «ҚазАгро­Қар­жы» мен Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қорының тетік­тері арқылы агроөнеркәсіптік ке­шенді белсенді қаржыландыру жал­­ғасады. Біз қол­дау көлемін төмен­детпейміз. Кер­і­сінше, «Бәйтерек» хол­дингі өз күш-жігерін өңдеу өнер­кәсібін дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс орын­­дарын құруға және тұтастай алғанда, ұлт­тық экономиканы да­мытуға арнайды, – деп түйіндеді сөзін Айдар Әріп­ханов.