• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2021

Электронды коммерция: қаржы қайда кетіп жатыр?

521 рет
көрсетілді

596 млрд теңге. Бұл – ел тұрғындарының былтыр интернет арқылы жасаған саудасының жалпы сомасы. Бір жыл ішінде электронды коммерция нарығы 82 пайызға өрлепті. Пандемия кенет бүйірден соққанда адамдар өздерінің қалай ғана онлайн тұтынушыға айналып шыға келгенін де аңғармай қалса керек.

Әрине, мұны жақсы жаңа­лыққа балаймыз. Ақша айналымы артты. Азаматтардың онлайн сауаты көтерілді. Алайда жа­қында бір қызық дерек шықты. Былтыр мамыр айынан бері қазақ­стандықтар негізінен ресей­лік интернет-дүкен тауарларын сау­далай бастаған. Сатылым саны 23-ке, ал орташа чек 10 пайызға – 12 176 теңгеге бір-ақ өскен.

«Пандемия Қазақстан тұр­ғын­­дарының интернеттегі тө­лем көлемін арттырды. Айна­лым 2019-2020 жылдармен салыс­тырғанда 35 пайызға артты. Не­гізінен «телевидение», «интернет және IP-телефония» және «франшиза» санаттары бойынша сатылым деңгейі артқан», деп жазады ЮKassa сарапшылары.

Бұған қарап қазақстан­дық­­­тардың көбіне гаджет пен тұрмыстық техниканы, сонымен қатар тамақ өнімдерін, спорт пен туризмге арналған тауарларды, автобөлшектер мен аксессуарларды көптеп сатып ал­ғанын байқаймыз. Сондай-ақ қазақстандықтар киім, аяқкиім, аксессуар, косметика, парфюмерия, кәдесый және балалар тауарларына да белсенді түрде онлайн тапсырыс берген. 2021 жылдағы әзірге ең үл­кен орташа чек – 56 659 теңге. Аталған сатылым туризм санаты бойын­ша жасалған. Ресейлік ин­тернет-дүкендердің клиенті болу тұр­ғысынан Қарағанды, Нұр-Сұл­тан, Шымкент, Семей, Ал­маты қалалары көш бастап тұр.

Аз уақыт бұрын осы саланың жәй-күйін әдейілеп зерттеген PwC былтыр онлайн-тапсырыс деңгейінің 20, ал орташа чектің 52 пайызға өскенін айтып еді.

«Доллармен жасалған на­рық көлемі де 2019 жылмен салыс­тырғанда 72 пайызға өсті. Бұл теңгенің құнсыздануымен байланысты. Офлайн дүкен­дерден барып тауар алудың мүм­­кін болмауы нарықтағы ой­ын­шылардың өз платформа, сер­вис, төлем про­­цесін және жет­кізу қызметін дамы­туына сер­пін берді. Бұл жағ­дай өз ке­зегінде тұтынушылар тарапынан сенімнің артуына және электронды коммерцияның ерек­ше қарқынмен дамуына әсер етті», делінген зерттеу мәтінінде.

Сондай-ақ телефон арқылы жасалған онлайн сатылым кө­лемі де 2019 жылғы 80 пайыз­дан 2020 жылы 88 пайызға дейін жоғарылаған. Ресей ин­тер­нет-дүкендерінің саудасын қазақ­стандықтардың қыздырып жат­қанын айттық. Жақында Пе­тер­бург халықаралық эко­но­­ми­калық форумы өтіп, онда 2030 жылға Еуразиялық эко­но­ми­калық одақтағы (ЕАЭО) элек­трон­ды сауда үлесін арттыру жайы сөз болды. Сөз басындағы дерек пен бұл әңгіменің бір-бірімен қаншалықты байланысы бар, алдыңғысы соңғысының же­місі ме, ол жағын білмедік. Десе де шенділердің кейбір сөзін кел­тіріп өтейік. Еуразиялық эко­но­микалық комиссияның (ЕЭК) мә­лімдеуінше, одақ аясында онлайн сауда дамуы үшін алдымен са­лық төлеу, логистика және тұ­тынушылар құқығын қорғау сияқ­ты мәселелерді шешіп алу керек.

«Бізге электронды коммер­цияның бірыңғай нарығын қа­лыптастыру және дамыту өте маңызды. Алайда бұған деректер алмасудың ұлттық стандарттары, төлем жүйелері кедергі кел­тіруде. Одақта ондай барьер­лер болмауы тиіс. Мүдделі тараптар кейбір тауарлардың нарықтағы танымалдылығын жасанды түр­­де арттырып, басқаларды ығыс­тырғысы келеді. Комиссия на­рықтағы үстем жағдайын асыра пай­даланды деп айыпталған қы­тайлық Alibaba компаниясына ұқсас жағдайды болдырмауға ниетті. ЕАЭО-да электронды коммерция үшін ешқандай дискриминациясыз ашық орта құруға барлық мүмкіндік бар», дейді ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнёв.

Материалды әзірлеу барысында ресейлік Ozon интернет-дүкенінің де қазақстандық на­рыққа шығуды жоспарлап отыр­ғаны жайлы оқып қалдық. Бұған дейін компания Беларусь елінде «Озон Рокет Бел» операциялық компания­сын тіркеген. Олар ал­дағы бес жылда ТМД-ны жау­лау­ды мақсат тұтып отыр екен. Қа­зіргі кезде бұл интернет-алаң­қайда 20 санат бойынша 11 млн-ға жуық тауар түрі ұсы­нылады.

Интернетте шекара жоқ десек те оның да өзіндік террито­риясы мен дербестігі болуы ке­рек екенін бағамдаймыз. Ре­сейлік интернет-дүкеннен тауар алу – ақшаңды Ресейге жі­беру. Қазақстандықтардың онлайн төлем қабілетінің арта түс­кеніне қуана отырып, ендігі ке­зекте өзіміздің өндірушілер мен сатушылар электронды алаң­қайда белсенді бола түссе екен дейсің. Әйтпесе, Еуразиялық эко­номикалық комиссия бас­шыларының бірыңғай орта құ­рамыз деп, электронды сауда алаңын да ортақ «базарға» айналдырамыз деп белсенуі бізге онша жағып отырған жоқ.