Екі күнге жалғасқан футболдан Қазақстан чемпионатының 18-тур ойындары өз мәресіне жетті. Екінші жарыс күніндегі бәсекелер Қостанай, Атырау, Орал және Ақтау қалаларында ойналды.
Турдың орталық ойыны турнир кестесінде үздік үштіктің қатарында келе жатқан Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» арасында өтті. Үш ұпай үшін жан алысып, жан беріскен бәсекеде командалардың күштері тең болды. Қостанайдағы Орталық стадионда ұйымдастырылған кездесуде командалар төрт гол соғып, матч 2:2 есебімен аяқталды. 18-турдың бір күн бұрынғы ойынында «Астананың» сырт алаңда «Қызылжардан» жеңіліп, үш ұпайдан қағылғаны «Тобылға» да, «Қайратқа» да тиімді болды және бұл екі командаға да қосымша мотивация сыйлады. Өйткені бұл кездесуде «Тобыл» жеңіске жететін болса, турнир кестесінде «Астанадан» үш ұпайға, «Қайраттан» сегіз ұпайға алыстап, чемпионатта жеке-дара көш бастайтын еді. Ал оңтүстікастаналық ұжым үш ұпайға иелік етсе, онда арадағы ұпай санын екеуге дейін қысқартып, турнир кестесіндегі жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберетін еді. Бұл, әрине, ең бірінші қазақстандық футбол жанкүйерлеріне тиімді-тін. Себебі қалған турларда көшбасшы командалар мейлінше ұпайдан шашау шығармай, жинақы және жанкүйерлерге ұнайтын тартысты ойын көрсетеді. Егер жанкүйерлерде матчтың сценарийін жазуға, алдын ала жоспарлауға мүмкіндік болғанда, кешегі «Тобыл» мен «Қайрат» арасындағы ойынның шарықтау шегі турнир кестесінің шиеленісуімен аяқталар еді. Дегенмен, бұл кездесу «Астана» футболшыларының және жанкүйерлерінің қуанышына орай тең есеппен аяқталды. Ойынды көтеріңкі көңіл-күйде бастаған «Қайрат» футболшылары 23-минутта есепті ашты. Гол авторы – Артур Шушеначев. Бұл – Артурдың қатарынан соңғы үш ойында соққан үшінші голы, ал биылғы чемпионаттағы жалпы жетінші добы. Осы нәтижесінің арқасында ол үздік сұрмергендер қатарына қосылды. Бірінші таймның соңына дейін қонақтардың есепті еселейтін тамаша мүмкіндіктері болған еді, алайда Вагнер Лав та, Артур Шушеначев те өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Сөйтіп бірінші 45 минут 0:1 есебімен «Қайраттың» пайдасына аяқталды. Үзіліс кезінде Александр Москаленкодан тиісті ақыл-кеңес алған алаң иелері ойындарына өзгеріс жасап, нәтижесінде 53-минутта Руслан Валиуллиннің арқасында таразы басын теңестірілді. Арада 13 минут өткенде Азат Нұрғалиевтің айып алаңына асырған пасын қайтаруға тырысқан Раде Дугалич абайсызда өз қақпасына гол соғып, «Тобылды» алға шығарды. Осы голдан кейін стадионға жиналған жанкүйерлер де, ойынды теледидар арқылы тамашалаған көрермендер де алаң иелеріне үш ұпайды ұстата салған. Алайда екінші таймда «Тобылдың» ойынын күшейту үшін алаңға шыққан Серікжан Мұжықов 73-минутта жоқ жерден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалған қостанайлықтар қорғаныстың жоспарын ойластырамыз дегенше ардагер футболшы Вагнер Лав мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестіріп кетті. Қалған 14 минутта таблодағы 2:2 есебі төрешінің соңғы ысқырығына дейін өзгеріссіз қалды. Бір қызығы, екі клуб арасында бірінші айналымдағы кездесуде де осындай есеп тіркелген болатын. Оралдағы «Ақжайық» стадионында өткен ойында «Ақжайық» Жамбылдың «Таразын» қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті. Ойындағы алғашқы голды 29-минутта Дмитрий Мичуренков пенальтиден соқты. Ал 69-минутта Мирам Сапанов есепті еселесе, араға екі минут салып Вячеслав Швырев матчтың нүктесін қойды. Чемпионатты тәп-тәуір бастаған Ақтаудың «Каспий» клубы кейінгі турларда сүреңсіз ойын көрсетіп жүр. 16-турда өз алаңында «Қайсардан» 2:4 есебімен жеңілсе, 17-турда сырт алаңда «Қайратты» ұта алмады. Ал міне, 18-турда чемпионаттың дебютанты Түркістанның «Тұранымен» Ақтауда ұпай бөлісуге мәжбүр болды. «Жас Қанат» стадионында өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Сонымен қатар Атырауда өткен 18-турдың соңғы ойынында да тең есеп тіркелді. Өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған «Атырау» кездесудің есебін бірінші болып ашқанымен, екінші таймның 74-минутында қонақтар таразы басын теңестіріп кетті. Алаң иелерінен Петр Гжельчак мергендік танытса, «Қайсар» сапынан Думан Нәрзілдаев гол соқты. 2 және 3 шілде күндері өтетін 19-тур ойындарында «Қайрат» – «Атырау», «Астана» – «Шахтер», «Ақтөбе» – «Ақжайық», «Тұран» – «Тобыл», «Қайсар» – «Ордабасы» және «Жетісу» – «Қызылжар» командалары сынға түседі. Осы ойындардан кейін Қазақстан чемпионаты екі ай үзіліске шығып, матчтар қыркүйекте жалғасады. Бұл уақыт аралығында командалар Қазақстан кубогы ойындарына және Еуродода бәсекелеріне қатысады.