Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын «Барыстың» жаңа маусымға дайындығы аса мәз болмай тұр. Маусымаралық үзілісте қазақстандық ұжымның құрамы күшеюдің орнына күн сайын әлсіреп барады. Мәселен, бүгінге дейін командадан 15 хоккейші кетті. Ал олардың орнына небәрі бес ойыншы ғана келді. Олардың екеуі қақпашы болса, екеуі – қорғаушы, тағы біреуі – шабуылшы.
ҚХЛ-дің кезекті маусымының басталуына екі ай қалса да, елордалық ұжым әлі де бас бапкер Юрий Михайлиспен бір ымыраға келе алмай жатыр. Былтыр бір жылдық келісімшартқа отырған екі тарап әлі күнге дейін келісімнің созылғанын немесе тоқтағанын хабарлаған жоқ. Бас бапкер нақтыланбаған соң, «Барыс» құрамадан кеткен ойыншылардың орнына лайықты ойыншылар ала алмай отырған сыңайлы. Жоғарыда айтқанымыздай, «Барысты» бүгінге дейін өрге сүйреп келген 15 хоккейші елордалық ұжымнан кетті. Әзірге астаналық клубпен соңғы болып қорғаушы Леонид Метальников қоштасты. Ол алдағы маусымнан бастап Владивостоктың «Адмирал» клубының намысын қорғайды. Өскемен хоккей мектебінің түлегі Метальников «Барыс» сапында 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Алты жылда ол ҚХЛ-да 95 матч өткізіп, 16 (1+15) ұпай жинаған. Сондай-ақ Леонид әр жылдары «Казцинк-Торпедо» (Өскемен), «Южный Урал» (Орск) және «Сарыарқа» (Қарағанды) клубтарында ойнап, 2018/19 маусымда Жоғары хоккей лигасының (ЖХЛ) чемпионы атанды. Петров кубогын иеленген тұста жылдың үздік қорғаушысы деген атаққа ие болды. «Адмирал» былтырғы маусымда пандемияға байланысты ҚХЛ ойындарына қатысқан жоқ. Сонымен қатар мұның алдында «Барыс» сапынан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Валерий Орехов та кетіп, финляндиялық клубқа ауысқан. Тіпті 22 маусымда финляндиялық ХПК клубы Ореховтың ресми түрде команда сапына ауысқанын жариялап, ойыншыны дүйім жұртқа таныстырды. 21 жастағы хоккейшінің бір жылдық келісімшартқа қол қойғаны туралы да хабар таратты. Осы ақпараттан кейін «Барыс» Ореховтың мансабын Финляндия чемпионатында жалғастыратынын растады. Алайда елордалық клуб бірер күн өткен соң өз ойыншысының басқа клубқа ауысуы туралы ақпаратты жоққа шығарып, қорғаушы алдағы маусымда «Барыста» ойнайтынын мәлімдеді. ҚХЛ-дың былтырғы маусымында Орехов 32 матч өткізіп, 10 (2 + 8) ұпай жинады және бір плей-офф ойынында нәтижелі пас берген. Жалпы жазғы үзілісте «Барыстан» кеткен соңғы ойыншы Метальников болады деген үміттеміз. Қазіргі таңда елордалық клубта бес-ақ қорғаушы қалды. Олар – Даррен Диц, Самат Данияр, Егор Шалапов, Олле Альсинг және Эриек Мартинссон. Бүкіл маусым бойы осы бес қорғаушы ойнамайтыны белгілі. Енді «Барыс» кем дегенде тағы да бес қорғаушымен құрамын күшейтуі керек. Шебер шабуылшылар да керек-ақ.