Елордадағы Sheraton Nur-Sultan Hotel қонақүйінде eQonaq – туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған бірыңғай ақпараттық жүйесінің жұмысы таныстырылды.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, вице-министр Ғабидолла Әбдірахымов, күш құрылымдары және туристік бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Ведомоство басшысы өзінің алғы сөзінде туризм саласының қазіргі таңдағы негізгі міндеттерінің бірі – цифрландыру және туристердің келу процестерін жеңілдетуге арналған ақпараттық жүйелерді кеңінен енгізу екенін атап өтті.
Ал Kazakh Tourism басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев шетелдік туристерді тарту мәселелерінде олардың санын ғана емес, атап айтқанда, туристер біздің елде қанша күн тоқтайтынын, қандай орындарға жиі баратынын, қандай қызметтерді пайдаланатынын білу маңызды екенін айтты.
«Шетелдік туристердің Қазақстанда болған күндер санын есептеу үшін қонақүйде тұрғаны туралы мәліметтерді алу қажет. Біз әрбір қонақүй өз қонақтарының есебін жүргізетінін және оларда осындай мәліметтердің бар екенін білеміз. Міндет – осы деректерді бірыңғай талдау жүйесіне жинақтау», деді Ержан Еркінбаев.
Жоба дайындаушылардың хабарлауынша, eQonaq жүйесі Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүйелі іс-шарасы және бастапқыда туристік ағын статистикасын реттеуді көздеген болатын.
Сондай-ақ өткен жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік туристерді міндетті тіркеуден бас тарту керектігін мәлімдеген еді. Енді бұл функция орналастыру орындарына бекітілген. Ал көші-қон қызметтеріне ақпарат берудің одан арғы процестерін оңайлату үшін eQonaq жүйесі осы міндеттерге сай интеграцияланған.
еQonaq жүйесін тәжірибе жүзінде пайдалануды Kazakh Tourism ұлттық компаниясы 2020 жылдың IV тоқсанында жүзеге асырған. Қазіргі уақытта жүйе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 383 орналастыру орнында (қонақүйлер, хостелдер, демалыс үйлері және т.б.) 21985 туристі тіркеп, енгізген.
Сонымен қатар жүйені дайындаушылар Ashyq жүйесімен интеграциялауды жоспарлап отыр.
«Өздеріңіз білетіндей, Ashyq жүйесінің арқасында адамдар кинотеатрларға, дәмханалар мен мейрамханаларға қайта кіргізе бастады. Ол үшін тек ЖСН-іңізді енгізіп, QR кодты сканерлеу қажет. Алайда шетелдіктер ЖСН-сіз қазақстандық жүйені пайдалана алмайды, жүйеде шетелдіктер туралы деректер жоқ. Бұл деректерді біз eQonaq жүйесі арқылы ала аламыз. Бұл туристерге ел ішінде қауіп-қатерсіз жүруге мүмкіндік береді, сонымен қатар біз үшін туристер тоқтаған жерлерге ғана емес, сонымен бірге олар орналасқан жерлерге де қосымша мәліметтер қосады. Бұл туризм саласындағы инфрақұрылымды жоспарлау кезінде де көмектеседі, өйткені біз туристер легін көреміз», деп мәлімдеді Ержан Еркінбаев.
Осы жылдың маусым айында Алакөл, Балқаш, Атырау және Ақтау қонақүйлеріне eQonaq жүйесі кезең-кезеңімен енгізілді. Жыл соңына дейін еліміздің басқа да туристік аймақтарын қамту және eQonaq жүйесі бар қонақүйлер санын 600-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.