• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Шілде, 2021

Плей-офф бәсекелері аяқталды

199 рет
көрсетілді

Еуропа жасыл алаңдарында өтіп жатқан футболдан Кәрі құрлық біріншілігінің плей-офф кезеңіндегі бәсекелер өз мәресіне жетті. Соңғы күнгі ойында Германия Лондонда Англиядан жеңілсе, Глазгодағы бәсекеде Украина футболшылары Швециядан басым түсіп, тұңғыш рет Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

«ФУТБОЛДЫ БӘРІ ОЙНАЙДЫ, БІРАҚ ӘРҚАШАН НЕМІСТЕР ЖЕҢІМПАЗ БОЛАДЫ». Бұл осыдан 31 жыл бұрын сол кездегі Англияның даңқты футболшысы Гари Линекердің Германиядан жеңілгеннен кейін ашына айтқан сөзі еді. Осынша уақыт футболмен қатар өмір сүрген әйгілі тәмсіл енді бұдан былай дәйексіз болып қалды. Дәл осы сөзді ағылшындардың өздері айтып, бұл сөзді өздері жоққа шығарды. «Уэмблиде» өткен ойында ағылшындар Стерлинг пен Кейннің соққан голының арқасында «неміс мәшинесін» тоқтатып, өздері Еуропа чемпионатының финалына сенімді қадам жасады. 2014 жылғы әлем чемпионатында алтын, 2010 жылғы біріншілікте қола. Еуро-2008-де күміс, Еуро-2012 және Еуро-2016 турнирлерінде қола жүлде. 2017 жылғы Конфедерациялар кубогында алтын. Және соңғы екі ірі турнирдегі сәтсіздік – 2018 жылғы әлем чемпионатында топтан шыға алмау, биылғы Еуроны 1/8 финалда аяқтау. Міне, Германия құрамасының бас бапкері Лёвтің «Бундестимдегі» дәуірі осылай аяқталды. Жалпы, Англия және Германия құрамалары арасындағы кездесу қай заманда да тартысты өтетіні белгілі. Сейсенбі күнгі ойын ағылшындар үшін жәй ғана жеңіске жетіп, келесі кезеңге өту керек болған қатардағы 1/8 матчы емес еді. Олар үшін бұл ойынның маңыз­дылығы одан да жоғары болатын. Себебі немістер «Уэмблиде» 1975 жылдан бері жеңілістің не екенін білмей келе жат­қан-ды – жеті жеңіс, бір тең ойын. Ағылшындардың осы ойындағы бар мақсаты – «неміс мәшинесін» қалайда тоқтату-тын. Жанкүйерлер байқаған болса керек, қазір Саутгейт шабуылға емес, қорғанысқа қатты көңіл бөлуде. Осы Еуропа чемпионатында Англия үш орталық қорғаушымен (Уокер, Магуайр және Стоунз) ойнап жүр. Ал ағылшын жанкүйерлерінің мұндай ойын тәсіліне көңілдері толмауда. Бірақ тактика өз жемісін беруде. Қазір Саутгейтке жарқын жеңістің түкке де қажеті жоқ, оған ең керегі – Еуропа чемпионатының қос құлақты кубогы. Көп жанкүйер ойын алдында Англия – Германия матчынан бір күн бұрын болған Хорватия – Испания (3:5), Франция – Швейцария (3:3) ойыны сияқты голдан жаңбыр жауғызған бәсекені күткен болатын. Бірақ екі ұжым да қателік жіберуден қорқып, ойынды өте сақтықпен бастады. Екеуіне де бұл ойында жеңілуге болмайтын еді. Бірінші себебі – Еуродан шығып кетесің, екіншісі – тарихи ойында қарсыласыңа жол бересің. Шыны керек, бірінші таймда Рахим Стерлинг пен Тимо Вернердің бір мәрте гол соғатындай қауіпті шабуыл ұйымдастырғанынан басқа түк те көргеніміз жоқ. Ойын біраз зеріктіріп жіберді. Екінші таймның басы жанкүйерлердің одан әрі ішін пыстырды. Ойынның 75-минутында ғана Люк Шоудан тамаша пас алған Рахим Стерлинг Нойер қорғаған қақпаны дәл көздеп, ойынның сәнін кіргізді. Арада аз уақыт өткенде Мюллер қақпашымен бірге-бір шығып, гол соға алмады. Есеп – 1:1 болудың орнына 86-минутта таблода 0:2 нәтижесі тіркелді. Харри Кейн өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ойынның нүктесін қойды. Сондай-ақ бұл Саутгейт үшін реванш матчы болды. 1996 жылы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Англия мен Германия кездесіп, пенальти сериясында Гарет гол соға алмай, немістерге жол берген болатын. УКРАИНА – ТҰҢҒЫШ РЕТ ШИРЕК ФИНАЛДА. Шотландия астанасында өткен ойында Украина футболшылары қосымша таймның соңғы минутында Швеция қақпасына жеңіс голын соғып, ширек финалға жолдама алды. Ал осыдан бірер апта бұрын Украина жарысты топтық кезеңде аяқтаудың сәл-ақ алдында тұрған. Топтық ойындарда сүреңсіз ойын көрсетіп, өздігінен келесі айналымға шыға алмай қалған Андрей Шевченко шәкірттері Испанияның ірі жеңісінің арқасында қосымша жолдамамен 1/8 финалға шығып еді. Кездесуді шведтер тамаша бастап, допты біраз уақыт өз бақылауында ұстады. Бірақ есепті бірінші болып Украина құрамасы ашты. Ойынның 27-минутында «Манчестер Сити» мен Украина құрамасының қорғаушысы Александр Зинченко Еуродағы өзінің алғашқы голын соғып, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Арада көп уақыт өтпей швециялық шабуылшы Эмиль Форсберг Георгий Бущан қорғаған қақпадан саңылау тауып, таразы басын теңестірді. Сөйтіп, тең есеп ойынның 90-минутына дейін өзгеріссіз қалды. Қосымша таймда да командалар бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, жанкүйерлер де, бапкерлер де пенальти сериясына дайындалып жатқан болатын. Алайда 121-минутта Александр Зинченконың әуелете асырған пасын тоқтатпастан қақпаға бағыттаған Артём Довбиктің соққысы қақпа торында тулады. Украина – ширек финалда. Бірінші овертайм аяқталар тұста Швеция футболшысы Маркус Даниэльсон ойын тәртібін өрескел бұзып, алаңнан қуылды. Негізі осы бір сәт Швеция құрамасын сәтсіздікке ұшыратты деуге болатын шығар. Осылайша Украина құрамасы өз тарихында тұңғыш рет ширек финалға шығып отыр. Енді олар 3 шілде күні Римде Англия құрамасымен кездеседі. ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 1/8 ФИНАЛЫ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ? БІР СӨЙЛЕММЕН... Әлем чемпионы мен Еуропаның вице-чемпио­ны – Франция, соңғы Еуропа чемпионы – Португалия жарысты осы кезеңде аяқтады. Килиан Мбаппе шешуші сәтте қателесіп, Швейцария қақпасына пенальти соғудан мүлт кетті. «Ажал» тобына түскен бірде-бір ұжым (Германия, Франция, Португалия) ширек финалға шыға алмады. Еурода автогол бойынша рекордты нәтиже тіркелді – 9 автогол. Плей-оффтағы ең бірінші ірі есеп Дания – Уэльс ойынында тіркелді – 4:0.Бірінші қосымша тайм Италия – Аустрия кездесуінде ойналды. Ең сәтті күн – 14 гол соғылған Испания – Хорватия (5:3), Франция – Швейцария (3:3, пенальти – 4:5) ойындары болған күн болды.

1/4 ФИНАЛДА кездесетін құрамалар

2 шілде22:00. Швейцария – Испания (Санкт-Петербург)01:00. Бельгия – Италия (Мюнхен)

3 шілде22:00. Чехия – Дания (Баку) 01:00. Украина – Англия (Рим)