• RUB:
    5.05
  • USD:
    494.95
  • EUR:
    525.49
Басты сайтқа өту
Ауыл 02 Шілде, 2021

Солтүстікте шаруалар жайылым жер таппай жүр

421 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде жайылымдардың тапшылығынан тұрғындар малды жаппай жоюға мәжбүр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жайылымдардың жоқтығынан Березовка ауылындағы ірі қара мал саны бірнеше есе азайған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл мәселе жергілікті кәсіпорындар жерді өз қарамағына алғанынан кейін туындаған.

Ауыл шаруашылығы басқармасы да өңірдегі ауылдардың жартысында жайылым тапшылығы бар екенін айтады. Березовка ауылында шамамен бес жүз гектар жер жетіспейді.

Бірнеше жыл бұрын Березовкада жас малды есептемегенде 200-ге жуық ірі қара мал болған. Қазір 30-ға жуық сиыр қалыпты.

«Менің 10 бас жылқым бар, оларды ауылдан 300 км жерге алып кеттім. Себебі, жақын жерде жайылым жоқ. Барлығы жыртылған. Жылқыларға қыста қандай жем-шөп беретінімді білмеймін», деді жергілікті тұрғын Шарнияс Рүстенов.

Бүгінде Березовка ауылында бес жүз тұрғын бар. Максим Ищук Петропавлдан ауылға көшіп, мал шаруашылығын дамытуды жоспарлағандардың бірі. Бірақ жайылымдардың тапшылығы фермердің жоспарларына кедергі келтіруде. 

«Бір жағынан әскери полигон болса, екінші жағынан алқаптар егіннен бос емес. Сиыр-бұзау бағатын орын мүлдем жоқ. Қойларды Мамлют ауданына апаруға тура келді. Сүт сауылымы 2 есе төмендеді, сиырлар салмағын жоғалтты. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие алғым келген. Енді оны не үшін алатынымды да білмей тұрмын», деді Максим Ищук.

Шенеуніктер аймақтағы жайылым тапшылығы фермерлердің жаппай егін егуге шешім қабылдауынан туындағанын айтады.