• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ел және Елбасы 04 Шілде, 2021

Егемендік пен Елбасы – егіз ұғым

4071 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат МӘМИМЕН ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сұхбат.

– Биыл тәу етер Тәуелсіздігімізге, қастерлі Азаттығымызға 30 жыл толады. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл – қас-қағым сәт. Дегенмен, осы аралықта Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып қана қоймай, зор жетістіктерге де қол жеткізіп үлгерді. Жас мемлекет ретінде алған асу, бағындырған белес аз емес. Бүгінгідей мерейлі белесімізде сол толағай табыстарымызды саралап, ой елегінен өткізудің маңызы зор. Егемендіктің елең-алаң шағынан бері елдік мүдде жолында талмай еңбек етіп келе жатқан тұлға, мемлекет қайраткері ретінде бұл кезең туралы сіздің айтарыңыз көп деп білеміз?

– Тәуелсіздік – біздің елдігіміздің айғағы, еркіндігіміздің белгісі. Біздің ең басты құндылығымыз да осы егемендігіміз. Сондықтан оны қастерлеу, көзіміздің қарашығындай сақтау, нығайту – бәріміздің абыройлы міндетіміз.

Біз осы кезеңде мемлекет ретінде толық қалыптасып үлгердік. Бұған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәу­ел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңі­нен тоқталды. Мемлекет басшысы Тәуел­сіздіктің әр онжылдығында ғасыр­дың жүгін арқалаған ауқымды жұмыс атқарылғанына айрықша назар аударды.

Шын мәнінде, бар болғаны 30 жыл­дың ішінде Қазақстан аса маңызды міндеттердің шешімін таба білді. Нақты айт­қанда, мемлекеттіліктің барлық тетігі толық қалыптасты. Мемлекеттік рәміз­деріміз, ұлттық валютамыз және елдігіміздің басқа да дербес белгілері бекітілді. Тәуелсіздіктің берік қалқаны саналатын Қарулы Күштеріміз құрылды. Мемлекеттік басқару жүйесі жолға қойылып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер айқындалды. Қос Палаталы Парламент құрылып, заң шығару ісі жүйеленді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жұмыстары да сәтті жүргізілді. Шекарамыз шегенделіп, алғаш рет халықаралық шарттармен бекітілді. Халық конституциялық еркіндік алып, өз құқықтары мен бостандықтары негізінде қалаған кәсібін таңдап, өзінше өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан халықаралық қауымдастықтан да лайықты орын алып, демократиялы, зайырлы мемлекетке айналды.

Мұның бәрі қазір айтуға оңай болғанымен, қаншама қажыр-қайрат пен ерік-жігерді қажет еткен үлкен жұмыс екенін ескеруіміз керек. Бізден бұрын тәуелсіздік алып, әлі күнге дейін шекара мәселесін шеше алмай отырған мемлекеттер бар. Ал біз осындай міндеттерді үш онжылдықтың ішінде тиісті деңгейде орындай алдық. Сондықтан бүгінгідей тәуелсіздіктің торқалы тойында осы жетістіктерімізді кеңінен дәріптеуіміз қажет. Бұл алдағы бағыт-бағдарымызды айқындау үшін де маңызды. Сол себепті, 30 жылдыққа тек мерейтой деңгейінде емес, өткенге есеп, тарихи оқиғаларға бүгіннің биігінен берер баға деп қарағанымыз жөн.

– Ұлт еркіндігі, ел егемендігі туралы сөз болғанда ең алдымен, ойға Тұңғыш Президентіміздің ерен тұлғасы оралады. Өйткені Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Шын мәнінде, Қазақстанның 30 жылда бағындырған биіктері мен белестері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген сая­саты мен батыл бастамаларының нәти­жесі. Осыған орай Елбасының сенімді серіктерінің бірі ретінде Тұңғыш Прези­ден­тіміздің тәуелсіз мемлекет қалыптас­тырудағы рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасы есімінің қатар айтылуы заңды әрі әділетті. Жаңадан азаттық алған, егемендігін енді еншілеген елдің тізгінін ұстағаннан ауыр жүк жоқ шығар. Бұған тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдар Қазақстан үшін қай тұрғыдан алса да оңай кезең болмағанын қосыңыз. Осындай сындарлы сәтте тарихтың таңдауы, халықтың қалауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.

Жоғарыда айтқан еліміздің жетістіктерінің бәрі Елбасы саясатының арқасында мүмкін болған белестер. Тұңғыш Президентіміз 90-жылдардағы әр шешімі Қазақстанның келешегін айқындап берген қадамдар еді. Осы ретте Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан экономикасы тоқыраған, өндірісі тұралаған мемлекет еді. Соған байланысты көптеген әлемдік сарапшылар біздің болашағымызға күмәнмен қарады. Бірақ Елбасымыз сол кезеңде тарихи әрі көреген шешім қабылдап, Қазақстан ядролық қарудан ерікті түрде бас тартты. Меніңше, еліміздің қарыштап дамуында осы бір шешім үлкен рөл атқарды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет қалыптастырудағы ең басты әрі аса маңызды қадамдарының бірі болды.

Жалпы, еліміздің бүгінгі қол артқан табысы, бағындырған биігі, жеткен жетістігі, дербес ел ретінде іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп қана қоймай, алты құрлыққа танылуы – мұның бәрінде Елбасының ұшан-теңіз еңбегі, ерлігі мен өрлігі, қалтқысыз қызметі мен қажыр-қайраты жатыр.

– Жер бетінде өз тілі, тарихы, дәстүрі бола тұра, азаттыққа қол жеткізе алмай отырған көптеген ұлт пен ұлыс бар. Осыған қарап, еркіндіктің қаншалықты құнды, қаншалықты қастерлі, қаншалықты бағалы екенін көреміз. Сіз үшін Тәуелсіздік несімен қымбат?

– Тәуелсіздік деген – қазақ халқының басына қонған бақ. Мен үшін оның әр сәті, әр күні қымбат. Өзіңіз айтқандай, дүние жүзінде өздерінің лайықты орнын таба алмай, жеке ел ретінде танылмаған халықтар жетерлік. Олардың біразы жойылып та кеткен. Ал кейбіреулеріне қатысты бұндай қауіп әлі де сейілмей отыр.

Тарихқа зер салар болсақ, қазақ халқы да тәуелсіздікке дейін талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Тек ХХ ғасырдың өзінде аштық, репрессия, соғыс сияқты зо­балаңдарды бастан өткердік. Міне, соның бәрінен мойымай өтіп, ата-бабаларымыз аңсаған асыл арманға қол жеткізгенімізге биыл отыз жыл толып отыр.

Тәуелсіздік – біздің еркіндігіміз, Ұлы далада Мәңгілік ел құру мұратының орындалғаны. 2017 жылдан бастап ол ресми түрде конституциялық құндылықтар қатарына қосылды. Негізгі Заңның 91-бабында мемлекеттің тәуелсіздігі өзгермейді деп жазылған. Бұл ережені ешкім де, ешқашан да қайта қарай алмайды. Бұның түбінде үлкен мән жатыр.

– Ел егемендігінде Ата Заңның алар орны қандай?

– Конституция – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ұран еткен елдігіміздің алтын қазығы. Көк байрағы желбіреген дербес елдің тәуелсіздігін императивті құқық нормасымен шегелеген, жүзеге асырған осы Конституция және оған негіз болған тәуелсіздік, дербестік декларациялары.

Ата Заңымыз мемлекеттік құрылымды бекітті, адам мен азаматтың құқықтарын жария етіп, қоғамдық қатынастардың ең маңыздыларын өз нормасына икемдеп, оған нормативті қуат берді. Осы орайда бұл қастерлі құжат мемлекет тұғырының қорғаушысы функциясын атқаратынын да айта кеткен жөн.

Былтыр ғана Ата Заңның 25 жылдығы аталып өтілді. Ұйымдастырылған іс-шаралар қоғамның әртүрлі топтарында мемлекеттің конституциялық негіздеріне деген жоғары қызығушылық бар екенін, азаматтар арасында конституциялық патриотизм сезімі кең таралғанын көрсетті.

– 1995 жылғы Конституция француз үлгісіне бейімделген Негізгі Заң болып қабылданды. Біз президенттік билікті, яғни президенттік басқару нысанын таңдап алдық. Бұл таңдау ел тағдырына қаншалықты әсер етті?

– Қазақстан Республикасының тұрақты және үдемелі дамуы бірінші кезекте президенттік басқару нысанын енгізумен тікелей байланысты. Қазақстанның егемен мемлекет ретінде нақты қалыптасуы 1990 жылдың 24 сәуірінен басталады. Нақ осы күні Қазақстанда алғаш рет президенттік лауазым енгізіліп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды.

Қолданыстағы Конституция Респуб­лика Президентінің мәртебесі мен өкі­леттіктерін анықтап берді. Ол мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып белгіленді. Халық пен мемле­кеттік билік бірлігінің, Конституцияның мыз­ғы­мастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі бола отырып, мемлекеттік биліктің барлық тар­мағының келісіп жұмыс істеуін және Үкі­мет органдарының халық алдындағы жауап­кершілігін қамтамасыз етуге мандат алды.

Президенттік басқару нысанын таңдау ел ауызбіршілігін қамтамасыз етуге, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ауыр жүкті жұмыла көтеруге мүмкіндік берді. Барлық процесс конституциялық талаптар аясында өрбіп, кейбір елдерде орын алған билік арасындағы еңсерілмейтін келіспеушіліктерге жол берілмеді.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасының бастамасымен рес­публикалық референдумда қабылданған Конституция елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітудің құқықтық негізін қалады. Ал бұл межеге жетудің алғышарты қандай болып еді?

– XX ғасырдың соңында әлем тарихында болған теңдессіз оқиғалардың бірі – КСРО-ның ыдырауы. Бұл сәт қуаныш пен қиындықтарға толы болды. Бір жағынан Қазақстанның жеке мемлекет ретінде қалыптасуына зор мүмкіндік ашылса, келесі жағынан бұрынғы байланыстар үзіліп, елдің қазынасы бос, жалақы мен зейнетақыны уақтылы төлеу мүмкін емес, адамдар базар аралап кеткен заман басталды.

Дербестікті алуға ұмтылу кезеңінде Нұрсұлтан Әбішұлы көреген басшы ретінде болашақ тәуелсіздігімізге негіз болатын ірі қадамдарға батыл бара білді. Алғашқы бүкілхалықтық сайлауда қазақстандықтардан тікелей ел болашағын айқындауға мандат алып, Елбасы қолданыстағы Конституцияны қабылдауға бастамашылық жасады.

Бүгінгі Қазақстан Конституциясы Тұңғыш Президенттің мемлекетшілдік идеясы құқықтық позициясының жүзеге асқан көрінісі. Конституция әлемдік озық тәжірибеге сүйенген, халқымыздың дәстүр әдетіне иек артқан, интеллектуалдық қуатына бейімделген жаңа үдемелі өркениеттік құндылықтарға жетелейтін бағдарлы құжат болды. Елбасы оның нормаларын жетік білумен қатар, жатқа айтып отыратыны оның әр бабы өз жүрегінен, толғанысынан туғанынан деп ойлаймын.

– Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Елбасымыз өзінің Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешім қабылдады. Соның нәтижесінде Қазақстанда жоғарғы билік толығымен Конституцияға сәйкес ауыс­ты. Осы ретте бүгінгі саяси жүйеміз бен ба­ғытымыз туралы өз пікіріңізді білдір­сеңіз?

– Тұңғыш Президентіміз осы шешімімен ел дамуының келесі кезеңін бастап берді десек, артық айтқандық бола қоймас. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуін қамтамасыз етті. Билік транзиті толығымен Конституция талаптарына сәйкес жүргізілді.

Сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің тізгінін ұстады. БҰҰ сынды іргелі халықаралық ұйымда басшылық қызмет атқарған, күрмеуі қиын күрделі кезеңде еліміздің Үкіметі мен Парламент Сенатын басқарып, үлкен өмір өткелдерінен өткен, Елбасының сенімді серіктерінің бірі болған Президентіміз алғашқы шешімдерімен-ақ саяси сабақтастықтың сара жолы жалғасатынын анық аңғартты. Содан бері Мемлекет басшысы елімізді жаңғырту бағдарын табысты іске асырып келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамалары мен реформалары Елбасының мемлекеттілікті одан әрі үдемелі дамыту жөніндегі стратегиялары мен дәстүр­лерінің жалғасы екені ақиқат.

Өткен екі жыл Тұңғыш Президенттің мемлекет пен халық мүддесі үшін жасаған тең­дессіз қадамының дұрыстығын көр­сетті.

– Енді әңгімемізді Конституциялық Кеңестің қызметіне қарай бұрсақ. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеу жолында Кеңес қандай істер атқарды?

– Мемлекеттіліктің дамуында, демо­кра­тиялық және құқықтық мемлекетті қалып­тастыру процесінде елдің Негізгі Заңының үстемдігін, конституциялық нормалардың тікелей қолданылуын, олардың заң шығаруда және құқық қолдану практикасында тиісінше іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды шарт болып саналады. Конституциялық заңдылықты сақтаушы ретінде жауапты миссия жүк­телген конституциялық бақылау органдары бұл міндеттерді шешудің пәрменді құралы.

Тәуелсіздіктің торқалы тойында Конс­ти­туциялық Кеңестің шешімдері мемле­кеттік егемендіктің жекелеген діңгектерін қалыптастыруға, іске асыруға және нығайтуға ықпал еткенін ерекше атап өткім келеді. Кеңес қаулыларында елдің конституциялық құрылысының негіздері, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, Республика азаматтығы, сайлау жүйесі, Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің мәртебесі мен өкілеттігі, билік тармақ­тарының өзара қарым-қатынасы, заң шығару процесі, соттардың және өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті мен қызметі мәселелері қаралды. Бірқатар шешімдер Конституцияда бекітілген мемлекеттің ұзақ мерзімді түпкі мақсаттарына қатысты болды. Олардың негізінде салалық заңнама қабылданып, тәжірибе қалыптасты.

– Әңгімемізге тұздық болатындай, осы шешімдердің ішінен нақты мысалдар келтіре кетсеңіз?

– Мәселен, Конституциялық Кеңес Қазақ­­станда көпазаматтық, оның ішінде қоса­за­маттық институтына жол беріл­мейтінін баса айтты. Оның түсіндір­месіне сәйкес, аз­а­маттық институт Респуб­лика егемен­дігінің, тәуелсіздігі мен консти­туциялық құры­лысының айқындаушы белгісі. Өйткені мемле­кеттің азаматтарынан тұратын Қазақ­стан халқы ғана мем­лекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Жа­қында кейбір шетелдерде жүр­гі­зілген конс­титуциялық реформалар мұн­дай ұста­нымның маңыздылығын тағы да рас­тады.

Кеңес 2003 жылы Конституциядағы Қазақстан территориясы деген ұғым оның егемендігімен тығыз байланысты екенін атап көрсетті. Елдің аумағын бөлшектеуге, мемлекеттің келісімінсіз табиғи ресурстарды пайдалануға және Қазақстан өңірлерінің мәртебесін өздігінше өзгертуге тыйым салынатыны нақтыланды.

Тіл саясатының негіздері де Конститу­циялық Кеңестің қаулыларында егжей-тег­жейлі ашылды. Қазақ тілі Қазақстан мемле­кеттілігін айқындайтын факторлардың бірі, оның егемендігін рәміздейді және Республика халқының бірлігін білдіретін еліміздің конституциялық-құқықтық мәртебесінің элементі екендігі тайға таңба басқандай жазылды.

– Елімізде құқық үстемдігін орнық­тыруда, құқықтық мемлекет принциптерін қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңестің алар орны ерекше. Жақында ғана Парламентте оның кезекті жолдауын жария еттіңіз. Биыл халық қалаулыларына қандай ұсыныстармен келдіңіздер?

– Конституциялық Кеңестің қызметі мемлекеттіліктің нышаны, әділеттің шыңы, байрақ елдің аманаты бекітілген Ата Заңның орындалуын қамтамасыз етуге арналған.

Конституция бойынша бағынып өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндеттілік емес. Бұл – азат адамдардың артықшылығы.

Шығыстың Аристотелі, Ұлы ғалым әл-Фараби «Адам тек құқықтық мемлекетте бақытқа кенеледі», деген екен. Сол себепті Негізгі Заңның жасампаз әлеуеті қосымша жүйелі заңнамалық және өзге де шаралармен нығайтылуға тиіс.

Осы тұрғыдан қарағанда, азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет. Бұл бағытта соттардың Конс­ти­­­ту­циялық Кеңеске өтініш жасау, судьялар­­дың тараптардың қолданылатын заңның кон­­­с­титуциялылығын тексеру туралы өтініш­­хаттарын қарау тәртібін оңтайландыру өзекті.

Өздеріңізге мәлім, жыл басында Қазақстан Өлім жазасының күшін жоюға арналған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Ендігі міндет – Қылмыстық кодексті соның ережелерімен үйлестіру.

Қылмыстық істерді қарау кезінде сот ісін жүргізудің қисынды мерзімдерін айқындаудың жалпы өлшемшарттарын белгілеу керек. Кейбір елдерде құқық қорғау органдары тергеп-тексеруді негізсіз созғаны үшін зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу қарастырылған. Бұл тетікті де зерделеген жөн. Мүгедек жандардың әлеуметтік ортаға етене араласуына қолайлы жағдайлар жасау ерекше мәнге ие.

Цифрландыру ауқымының өсуіне байланысты дербес деректерді қорғаудың және азаматтардың қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасылық құпиясы болуына конституциялық құқықтарды іске асырудың маңызы зор.

– Биылғы 9 маусымда Мемлекет басшысы адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Олар Конституциялық Кеңес жолдауындағы ұсыныстармен қалай үйлеседі?

– Қазақстанның басты мақсаттарының бірі адам құқықтарын жан-жақты қорғау болып қала береді. Конституцияға сәйкес, олар мемлекеттің ең жоғары қазынасы. Бұл бағытта құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғыртуға бағытталған кезекті реформалар жүргізілуде.

Республика Президентінің аталған Жарлығы уақыт талабына сай және бұл үрдіске жаңа серпін берері анық. Адам саудасын, әйелдерге қатысты кемсітуді жою, бірлесу, пікір білдіру бостандығын, қылмыстық сот төрелігі саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету, азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу және тағы басқа өзекті мәселелерге қатысты Үкіметке бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекітіп, жүзеге асыру тапсырылды. Конституциялық Кеңес алғашқылардың бірі болып өз жолдауында ұсынымдарын енгізді. Олар Үкімет жоспарына енеді деп сенеміз.

Сайып келгенде бәріміздің көздегеніміз бір мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік институттардың тиімділігін көтеру, құқық үстемдігін қамтамасыз ету.

– Біраз уақыт бұрын Республика Президенті Конституциялық Кеңеске заңгерлер қауымына қатысты заңды қарау жөнінде өтінішпен жүгінді. Оның аясында пікірталастар болғаны мәлім. Олар шешімін тапты ма?

– Конституциялық Кеңес адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты Парламент қабылдаған заңды Конституцияға сәйкес деп таныды. Өздеріңізге белгілі, 9 маусымда Мемлекет басшысы бұл заңға қол қойды.

Конституциялық Кеңес атап көрсеткендей, білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Осыған орай мемлекет жеке адамның аталған құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатымен қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауға тиіс.

Заңға оң бағасын бере отырып, Конституциялық Кеңес оның Ата Заңға сәйкестігіне әсер етпейтін, бірақ құқық қолдану практикасында қиындықтар туғызуы мүмкін кейбір кемшіліктеріне назар аударды. Оларды Парламент алдағы уақытта қарамақ.

Бұл іс заң шығару процесінде орын алған даулы мәселелердің Конституция ережелері мен ол бекіткен тәртіпке сәйкес өркениетті жолмен шешілгенінің айғағы. Конституциялық Кеңестің отырысына барлық құқық қорғау органдарының басшылары, адвокатура, нотариат, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары қоғамдастығының өкілдері, олардың облыстық алқалары мен палаталары, заңгер ғалымдар қатысып, ойларын еркін айтты. Осыдан екі жыл бұрын біз Кеңес Регламентіне толықтыру енгізіп, ұйымдарға өз бастамасымен қорытындыларын жіберуге мүмкіндік беріп едік. Ондағы мақсат – өтінішті жан-жақты қарау. Осы жолы біз сексенге жуық хат пен ұсыныс алдық. Заңгерлердің мұндай белсенділігі қаралған мәселелер бойынша толық мағлұмат алуға септігін тигізді.

– Күні ертең ел болып елорда күнін атап өтеміз. Жүзікке қондырған жақұттай еңселі елордамызға қандай лебіз білдіресіз?

– Қазақ тарихына терең үңілген адам бұл сәнді астанамызды – сонау азаттық деп аттан түспеген, ел бостандығы жолында жандарын пида еткен ержүрек батыр бабаларымыздың аңсап кеткен асыл мұраты деп таныр еді. Тәуелсіздіктің айтулы жетістіктерінің бірі – Сарыарқаның төрінде шолпан жұлдызындай жарқыраған жаңа астананы салу. Астана – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы тәу етер Тәуелсіздіктің тұғыры. Оны біз әрқашан қадір тұта білуіміз керек. Оның бас архитекторы – Елбасының өзі. Жаңа елорданың сәні мен мәні де, сәулеті мен дәулеті де Қазақстанды төрткүл дүниеге паш етті. Енді осы биіктен төмендемей, бүгінгі жетістіктерімізді еселеу – әрқайсымыздың міндетіміз. Осы жолда барша қазақстандықтарға толайым табыс тілеймін!

Айтулы мерекемен барша халықты шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің жүрегі – елордамыз көркейе берсін. Әр отбасына амандық, береке, шаттық тілеймін!

 

Әңгімелескен Ғабит Мүсіреп,

«Egemen Qazaqstan»