• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Шілде, 2021

Ізгі ниет ойындары

398 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 5 шілдесінде Ізгі ниет ойындарының тұсауы кесілді.

Мәскеуде өткен додаға 79 мемлекеттен келген 3 мыңнан аса спортшы қатысты. Олар спорттың 18 түрі бойынша сайысқа түсіп, барлығы 187 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бұл – 10 жылға жуық уақытқа созылған үзілістен кейін Жер шарындағы екі ұлы держава – КСРО мен АҚШ құрамаларының аса ірі кешенді жарыстарда алғаш рет шеберлік байқасуы еді. Оның алдында америкалықтардың Мәскеу Олимпиадасына (1980 жыл) бойкот жариялағаны, ал Кеңес Одағы Лос-Анджелеске (1984 жыл) барудан бас тартқаны белгілі.

Қос жүйе – социалистік және капиталистік бағыттағы мем­лекет­тердің өзара тартысы ал­ғаш­қылардың пайдасына шешілді. Әсіресе, жарыс қожайындарының қарқыны күшті болды. КСРО құ­ра­масы 241 (118 алтын+80 күміс+43 қола) жүлде алып, жал­пы­­командалық есепте жеке-дара көш бастады. Америкалықтар бас­ты қар­сыластарынан көп қа­лып қойды. АҚШ спортшылары 142 (42+49+51) медальді мо­йындарына ілді. Қос алпауыттан кейінгі орындарға ГДР (7+11+10), Румыния (6+6+6), Бол­гария (4+7+20) және Польша (2+3+6) спортшылары жайғасты. Бұл елдердің барлығы да сол кездері социалистік бағытта еді. Тек содан кейінгі сатыларға Канада (2+0+2), Жапония (1+0+3), Аустралия (1+0+2) және Ұлы­британия мен Пор­тугалия (1+0+1) жайғасты. Сондай-ақ бас жүлде алғандардың қата­рында Эфиопия мен Швейцария (1+0+0) бар. Барлығы бұл жарыста 32 команда мүшелеріне жеңіс тұ­ғы­рына көтерілу бақыты бұйырды.

Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, гимнасшылар сайысында Юрий Королев бес алтын алып, барша жанкүйердің қошеметіне бөленді. Валентин Могильный мен Елена Шушунова төрт рет теңдессіз деп танылса, Вера Колесникова үш мәрте топ жарды. Көркем гимнастика­дан Татьяна Дручинина дара та­лантымен оқ­шауланды. Мың бұралған ару төрт жаттығу бойынша жеңімпаз атанды. Жүзушілер жарысында америкалық Анджела Маерс пен Лэсли Деланд үш реттен алтыннан алқа тақты. Жеңіл атлеттердің 100 метрлік бәсекесінде Канаданың желаяғы Бен Джонсон шашасына шаң жұқтырмады. Ол атағы жер жарған Карл Льюистің өзін артқа тас­тады. АҚШ-тың даңқты спринтері қола медальді қанағат тұтса, екінші орынды Нигерияның «қара маржаны» Чиди Умо иеленді. Биіктікке секіруде көпшілік болгариялық Стефка Костадинова мен Ольга Турчактың өзара тартысын тағат­сыздана күтті. Бұл сайыс ал­ғаш­қысының пайдасына шешілді.

Ізгі ниет ойындарында бір­неше рет әлемдік рекорд жа­ңар­ды. Солар­дың арасынан Сер­гей Бубканы ерекше атап өтсек, еш айыбы жоқ. Донецкіден кел­ген спортшы 6 метр 01 сан­тиметрлік көрсеткішпен бас жүл­дені қанжығасына байлады. Ле­нинградтық Владимир Сальников екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілумен шектеліп қалмай, еркін тәсіл бойын­ша 800 метрлік қашықтықты 7:50, 64 секундта жүзіп өтті. Аме­рикалық Джесси Джойнер-Керси онсайыста 7148 ұпай жиса, желкенді спорттың жампоздары германиялық Михаэл Хюбнер мен Эстонияның мақтанышы Эрика Салумяэ да әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді.

Кеңес Одағы құрамасының жалпы есепте айқын жеңіске қол жеткізуіне Қазақстанның спорт­шылары да сүбелі үлес қос­ты. Атап айтсақ, боксшылар бәсе­кесінде Игорь Ружников (63,5 кило) барлық қарсыласын бет қа­ратпай ұтты. Жартылай фи­налда жерлесіміз кейіннен кәсіп­қой бокстың шоқжұлдызына ай­налған Рой Джонсты жеңсе, ақтық сында венесуэлалық Ан­хель Педросаны әбден сабады. Кәрім­жан Әбдірахманов (48 кило) пен Александр Мирошниченко (+91 кило) күміс медальді мойындарына ілді. Шешуші тұста Кәрімжан армениялық Ншан Мун­чяннан ұтылса, Александр Қиыр Шығыстан келген Вячеслав Яковлевке жол берді. Ал Ерік Хакімов қолаға қол созды. Дзю­дошылар додасында 65 кило салмақ дәрежесінде белдескен Әли Хамхоев алдына жан салмады. Спорттық гимнастикадан қолды тіреп жасайтын жаттығуда Валерий Люкиннің мықтылығы еш күмән туғызбады. Сол секілді басқа да спорт түрлері бойынша өрелі өнерлерімен көзге түскен қазақстандықтар аз болған жоқ.

Арада төрт жыл өткен соң екінші Ізгі ниет ойындарын АҚШ-тың Сиэтл қаласы қабылдады. Бұл жарыста КСРО мен АҚШ құрамалары біраз тірескенімен, бұл жолы да командалық сайыста Одақтың өрендері озды. Содан кейін де айтулы доданың жалауы тағы үш мәрте желбіреді. Бұл бәсекелер КСРО ыдыраған соң (1994 жылы Санкт-Петербург, 1998 жылы Нью-Йорк және 2001 жылы Брисбен қалаларында) өтті.