Әлемдік күш орталығы Батыстан Шығысқа қарай қайта ойыса бастаған кезеңде «Жаңа ұлы ойында» геосаяси «жүректің» орны туралы әртүрлі көзқарастар болғанымен, жалпы жағдай «Кавказ – Орталық Азия –Оңтүстік Азия геосаяси үшбұрышының» маңыздылығын көрсетіп тұр. Мұндағы басты сұрақ – бұл жаңа дүниежүзілік тәртіп қалай құрылады деген сұрақ. Ол жойқын соғыстан кейін немесе ұзаққа созылған бітіспес соғыстардан кейін құрыла ма, әлде ынтымақтастыққа бағытталған бітімшіл тәсіл осы үдерісте үстем бола ма? Осы аймақтың дәл ортасында орналасқан түркі-ислам әлемі, атап айтқанда, Қазақстан мен Түркі Кеңесі екінші тәсілді/тезисті қолдайды. Бұл тезиске сәйкес Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасындағы билік үшін күрестегі «жұмсартушы буферлі аймақ» рөлі алдыңғы қатарға шығады.
Жуырда аймақтың өз ішінде пайда болған жүйелі түрде ұйымдастырылған дағдарыстарға қарсы дипломатиялық-ынтымақтастық механизмін сәтті қолдану осыны растап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, өзінің географиялық үлкендігімен, әртүрлі этностық және діни топтардың басын қосқан демографиялық құрылымымен және тәжірибелі-көреген басшылығымен Қазақстан Шығыс пен Батыс үшін маңызды «синтез ел» ретінде ерекшеленеді.
«Бейбітшілікті қалыптастырушы» ел…
Барлық геосаяси теориялар тұрғысынан «Геосаяси жүрек» деп сипатталатын Еуразияның орталығында орналасқан Қазақстан Ресейдің оңтүстікке жету саясатында маңызды ел болса, ал Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде батысқа қарай ашылу стратегиясында басым бағыттардың бірі болып саналады. Қазақстан транзиттік ел ретінде Орталық Азия елдерінің Мәскеу және Бейжіңмен байланыс орнатуына мүмкіндік береді. Бұл жағдай Қазақстанды Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері үшін басты акторға айналдырады.
Оңтүстік Азия мен Өзбекстан арасында құрылуы жоспарланған Мазари – Шариф – Кабул – Пешавар темір жол желісі, әсіресе, география тұрғысынан Нұр-Сұлтанды одан да маңызды елге айналдыратынын ескеруіміз керек. Сондай-ақ Каспий теңізінде орналасқан Ақтау және Құрық сияқты Қазақстан порттары Орталық Азияны Әзербайжан, Грузия және Түркия бағыттары арқылы Батыс әлемімен байланыстыратындығын есте ұстаған жөн.
Қысқаша айтқанда, Қазақстанның геосаяси жағдайы бұл елді солтүстік-оңтүстік пен шығыс-батыс арасындағы көпірге айналдырады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның даналығымен жүргізілген жан-жақты сыртқы саясат Нұр-Сұлтанға маңызды актор болуға мүмкіндік берді. Назарбаев мырзаның көшбасшылығына қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың геосаяси зердесі мен дипломатиялық тәжірибесі де Қазақстан позициясының күшеюіне және елді халықаралық аренада беделді субъектіге айналдыруға қызмет етуде.
Қазақстан Назарбаев пен Тоқаев мырзалардың саясаттарының шеңберінде аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін түрлі қадамдар жасауда. Данышпан көшбасшы Назарбаев және маңызды дипломатиялық тәжірибесі бар Тоқаев Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың Азия құрлығы елдерінің, Ресей мен Қытайдың мүдделеріне сай келетіндігін жақсы біледі. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстар кезінде Қазақстанның шиеленісті азайтуға бағытталған саясаты осыны тағы бір рет растады.
Транскаспий дәлізі
Аймақтық қауіпсіздікке қатысты мәселелердің бірі – Орта дәлізбен байланысты Транскаспий дәлізі. Бұл дәліз Қытайды Еуропаға жалғайтын жаңа және қуатты балама жол ретінде мамандардың назарын өзіне аударуда. Қазіргі жағдайда Бейжің әкімшілігі үшін теңіз жолдарын қауіпсіз деп айту мүмкін емес. Атап айтқанда, АҚШ-тың Тынық мұхитындағы ықпалының күшеюі, Тайванға байланысты мәселелер және Арктикадағы бәсекелестіктің артуы Бейжіңді қауіпсіз дәліз болып табылатын құрлық дәліздеріне қарай бағыттауда. Сонымен қатар Қытай Батысқа жол ашып жатқанда, оны Ауғанстан сияқты тұрақсыз аймақ алаңдатады. Осы себепті Транскаспий дәлізі Бейжің үшін ең қауіпсіз бағыт болып саналады.
Орталық Азияның транзиттік жол болып саналуы және Кавказ аймағымен байланыс орнатуы аймақтағы мемлекеттердің экономикасының жақсаруына және ол елдердегі халықтардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына айтарлықтай әсер етуі ықтимал. Бұл оң әсер Орталық Азия мен Каспий маңы аймағының бейбітшілік пен достық кеңістігіне айналуына жол ашуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай өзгеріс бұл аймақпен қарым-қатынасын ойдағыдай жалғастырып, Оңтүстік Азияға жол ашу мақсатында қауіпсіз Орталық Азияны қажет ететін Ресейдің мүдделерімен сәйкес келеді.
Ұлы даладан Анадолы даласына жалғасқан геосаяси көзқарас
Ұлы даланың орталығында орналасқан Қазақстанның позициясын бір орталық ретінде күшейтетін барлық өзгеріс Транскаспий дәлізіне әсер етеді. Өйткені Транскаспий дәлізі – Ұлы даладан Анадолы даласына дейін жалғасып жатқан геосаяси көзқарастың жемісі. Транскаспий дәлізін нығайту және оның функциясын арттыру Кавказдағы бейбітшілікке ықпал етеді. Атап айтқанда, Қазақстанның Түркия, Әзербайжан және Грузиямен қатынастары тереңдей түседі деп болжауға болады.
Қарастырылып отырған дәліз сонымен қатар Екінші Қарабақ соғысынан кейін алға тартылған, аймақтық бейбітшілікке, өркендеуге және дамуға негізделген «Алтылық ынтымақтастық платформасы» идеясының жүзеге асуына үлес қосады. Атап айтқанда, Қытай – Орталық Азия – Кавказ – Түркия – Еуропа бағытындағы Зенгезур дәлізінің маңызы арта түседі. Осы тұрғыда Кавказдағы экономикалық тұрақтылық Арменияны да қызықтырып, Ереванды Алтылық ынтымақтастық платформасына қосылуға және аймақтық бейбітшілікке жетелейді.
Тіпті, егер бұл жоба жүзеге асса, Қазақстан аталған платформа мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы ынтымақтастықтың ең маңызды біріктіруші күшіне айналуы мүмкін. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтан Шығыс пен Батыс арасындағы көпірге айналып қана қоймайды, ол өзінің ықпалын өз аймағынан тыс жерлерде арттыру арқылы Азиядағы жетекші ойыншылардың біріне айналады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзаның Әзербайжан сапарын осы шеңберде бағалауға болады.
Кездесулер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Қазақстанды Әзербайжан, Грузия мен Түркияға жалғайтын және Каспий теңізі арқылы өтетін Транскаспий дәлізі) шеңберіндегі жобаларды іске асыру жоспарлары айтылды және тараптар арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және транзиттік-көлік әлеуетін дамытуға мән берілді. Қазақстандық компаниялар Қарабақты қалпына келтіруге белсенді қатысуға шақырылды. Сондықтан Тілеубердінің Әзербайжанға сапары Қазақстанның Орталық Азия, Кавказ және Азияда маңызды ел екендігінің тағы бір дәлелі болды.
Транскаспий дипломатиясы
Нұрсұлтан Назарбаевтың Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселесіне қатысты ұстанымы, тезисі және әсіресе, аймақтағы түркі республикалары арасындағы мәселелерде ұстанған бітімгершілік және сындарлы дипломатиясы өз нәтижесін бере бастады. Осы тұрғыда Түрікменстан мен Әзербайжанның Достық мұнай кен орны туралы келісімі де Каспий теңізінің «Достық теңізіне» айналуына үлес қосады.
Қазақстанның Түркі Кеңесі шеңберінде ұстанған саясаты өзін Транскаспий өлшемінде айқын көрсетеді. Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мырзаның үстіміздегі жылдың қараша айында Ыстанбұлда өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) көшбасшыларының саммитіне қатысуы туралы шешімі Түркі Кеңесі елдерінің бірлігі мен ынтымағы рухын нығайтты.
Түркия – Грузия – Әзербайжан – Түркіменстан – Ауғанстан транзиттік көлік дәлізі болып табылатын Лапис-Лазули маршруты осы ретте Каспий маңы аймағының маңызын арттыра түседі. Қазақстан осы дәлізге қосылған кезде Орталық Азия – Еуропа интеграциялық бастамасының соңғы бөлігі тәмамдалған болады. Осылайша, алға қойылған «Көпжақты көлік саясаты» толықтай жүзеге асады.
Қорытындылай келе, әлемдік саясаттағы шиеленіс күшейіп тұрған кезде Қазақстан Орталық Азия, Кавказ және Каспий аймағындағы ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды субъектілерінің біріне айналуда. Назарбаев мырза қалыптастырған іргетас негізінде Тоқаев мырза ұсынған жол картасының арқасында көптеген елдердің айтарлықтай жетістіктерге жететіні анық. Бұл Кавказ бен Орталық Азияның, жалпы Азияның шарықтауын тездетеді. Әсіресе, Түркі Кеңесі аясында дамып жатқан қатынастар Түркі әлемін көпполярлы әлемдегі тұрақсыздықты тұрақтандыратын, тепе-теңсіздікті теңгеретін күшке айналдырады. Бұл сондай-ақ құрлықаралық «қол алысу» позициясын ынталандырады. Осы тұрғыдан қарағанда, «Геосаяси үшбұрыштың» жүрегі болып табылатын Каспий аймағын алдағы кезеңде әртүрлі жағдайлар күтіп тұрған болуы мүмкін. Сол кезде қазақ дипломатиясы тағы бір рет өз міндетін атқарып, іске кіріседі деп болжау үшін аса көріпкел болудың қажеті жоқ.
Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,
профессор, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін