• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Шілде, 2021

Жұмыссыздық ұлы көштің бастауы ма?

275 рет
көрсетілді

Жақында ғана елден азаматтарымыздың үдере көшіп жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Онда I тоқсанда біздің елге 2,1 мың адамның қоныс аударғаны, есесіне 5,5 мың адамның көшіп кеткені айтылады. Азаматтар негізінен Ресей, Германия, Израиль елдеріне аттанған.

Олар не үшін кетті, қазақ дала­сының несі жақпай қалды? Әрине, себеп алуан түрлі. Анық-қанығын күздегі халық сана­ғында мамандар есептей жатар. Бір қын­жылтатыны, көшіп кеткен 5 мың адамның 4 мыңнан астамы еңбек­ке жарамды санатқа кіреді. Елде жұмыссыздық дең­гейінің өсуі де азаматтардың бас­қа елдер­ге қоныс аударуына әсер етіп жатқаны сөзсіз. Нақты қан­ша адам жұмыс таппай елден кеткенін кесіп айту қиын, әлбетте. Десе де жылдан жылға бос жұмыс орындарының азая тү­суі осындай пайым жасауға итермелейді.

2021 жылдың I тоқсанында елдегі жұмыссыз жүрген адамдар саны 451,3 мыңға жеткен. Былтырмен салыстырар бол­сақ, екі қолға бір күрек тап­пағандар 2 пайызға артқан. Жақын­да ranking порталы қызық деректі жариялады. Онда елдегі 450 мыңнан астам жұмыссыз адамның 15 пайызының жылдан астам уақыт бойы жұмыс таба алмай сенделіп жүргені айтылады.

«Жұмыс іздеп жүргендеріне айдан аз уақыт болғандар саны – 83,6 мың, ал 121,7 мың адам 1-3 ай аралығында, тағы 109,1 мың адам 3-6 ай аралығында жұмыс іздеп жүргендер. 69,6 мың адам жылға жетпейтін уақыт бойы жұмысқа орналаса алмаған. 65,7 мың адамның жұмыс іздегеніне 12 айдан асып кеткен. Жыл бойы жұмыс таппаған азаматтар саны 2020 жылмен салыстырғанда 44,3 пайызға көбейген», деп жазды ranking. 

Мамыр айының басында әлем­­­де жұмыс іздеу бойынша ең көп пайдаланылған сайттар бес­тігіне – indeed.com, jooble.org, glassdoor.com, myworkdayjobs.com ­және hh.ru кірген. Ал қазақ­стан­­дықтар rabotanur.kz, qyzmet.kz,­ profi.kz, olx.kz, market.kz­ және enbek.kz арқылы кәсіп тап­­қанды жөн көреді.

Біздің назарымызды аударып отырғаны – елден кету дерегі. Азаматтардың Қазақстаннан үдере көшуі мен жұмыссыздық статис­тикасының арасында­ бай­ланыс болмауы мүмкін емес. Елден лайықты жұмыс таппаған, тапса да жалақысы көңілінен шықпаған талай жас шетелдерде несібе теріп жүр. Олардың арасында таныстарымыз да көп. Әсіресе, жастардың өз болашағын Қазақстанмен байланыстырмауы жанға батады. Жақында осы мәселені Мәжіліс депутаты Александр Милютиннің көтергенін де көзіміз шалды.

«2019 жылы біліктілігі жоғары мамандардың шетке кетуі 50,6 пайыз болды. Былтыр пандемия мен шектеулерге қарамастан бұл көрсеткіш 54,3 пайызға жетті. Олардың арасында дәрігер, педагог, техникалық маман иелері де көп. Жастардың елден кету көрсеткіші шұғыл дабыл көтеру деңгейіне жетті. Сарапшылардың айтуынша, адам капиталы дең­гейінің, қазақстандықтардың өмір сапасының, ертеңге деген сенімділіктің төмендеуі және қол­жетімді білімнің болмауы жастарды осындай қадамға итермелеуде. Он мыңдаған жас білім алу үшін шетелге, оның ішінде Ресейге кетіп, оқуын аяқтаған соң сол жақта біржола қалып қойып жатыр», дейді депутат.

Соңғы жылдары Қазақстаннан қоныс аударған азаматтар саны жылына ұдайы 35-45 мың адамды құрап келеді. Мәселен, 2018 жылы 40 мыңнан астам ел тұрғыны миграцияға кеткен. Былтыр Қазақстаннан кеткендер саны 29,1 мыңды құраған. 2019 жылмен салыстырғанда кетушілер саны 35,6 пайызға азай­ған. Бұл да тәубе етерлік дерек. Алайда 30 мың адамыңыз да аз цифр емес.

Жұмыссыздық мәселесі елден кетуге себеп боларлық көп себептің бірі ғой деп ойларсыз. Біздіңше, бұл негізгі себеп болуы да ықтимал. Өйткені адам баласы ең бірінші кезекте нәпақа табуды ойлайды. Жаңалық ашқандай етіп айтып отырған бұл логикамызды ешкім де жоққа шығара қоймас. Қазақстандықтар жиі кететін Ресей, АҚШ, өзге де Еуропа елдерінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінің әлдеқайда жоғары екені анық. Сондықтан елдегі жұмысқа үміт артпай, келешегін шекараның арғы бетінен кө­ретін азаматтар саны әзір азая қой­майды. Біздің білеріміз осы...