• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Шілде, 2021

Мұқағали ғасыры

1326 рет
көрсетілді

Қазақ әдебиетінің тарихына зер салсаңыз, өмір бесігін тербетіп, өлім күйін әлдилеп, оқырманды тасқа тұнған теңіздің тамшысындай таза табиғатымен табыстыратын алтын кезеңдердің көш бастаушысы – ақындар екеніне күмәніңіз қалмайды. Поэзия адамның ең жақын, риясыз сырласы болғандықтан, жыр әлемінің шыңырауындағы астарлы ақиқаты елдің елік көңілін алдымен елеңдетіп жатады. Әйткенмен, сарыла сағынып, сарқыла ойланып, «өз жүрегін өзі жеп, дәмін өзгелерге де татқызатын» (Назым Хикмет) ақындық сапар азабы көп, қиын жол.

Тағдырлы туындылары көңіліңді өксітіп, жан дүниеңді жалындай шарпитын Сергей Есениннің ағынан ақта­рылып «ақындық дегеніміз не?» деген сауалға жауап іздейтін интимдік лирикасы бар. Атақты шайыр өз өлеңінде шы­ғармашылық тақырыбын қозғай келіп, бұл мәселеге де анықтама бере кетеді.

Шындықты айтушы кейіпкердің пікі­ріне жүгінсек, ұлттың жан айқайын жет­кізетін халықтық поэзия мен қоғам­дық қасіретті бір-бірінен бөліп қарамаған абзал. Ақындық – ауыр сынақ, өмірдің қатал шындығын жүрекпен сезіп жырлайтын нәзік лириктің ой орманын өрт шалып, жаны жараланып, дерті асқына түседі.

Әлбетте, жемсауынан басқа ештеңеге бас қатырмай сайрай беретін бұлбұлдар да көп өмірде. Алайда олардың өлең­дерінде жан дүниеңді теңселтіп жіберетін дауылдың екпіні мен басыңды дуалап алатын сезім сиқыры болмайды. Сарай маңайын төңіректейтін жыршылардың тәтті әуендері қоғамды топастандырып, ұйқыға батырса, халық жүрегіне қонақ­тайтын ұлт ақындарының отты жырлары найзағайдай күркіреп, нөсер болып селдетіп, рухты оятады.

Есенин өлгеннен кейін елу жыл өткен соң Мұқағали Мақатаев та ақындыққа баға беріп, орыс шайырының ойын түр­лендіріп, одан әрі дамыта түсіпті.

Бай өлкенің ойынан, тау-тасынан

Біздер де арамыз ғой бал тасыған.

Шырын құйып жатамыз

жүректерге,

Шымшып алып, гүлдердің арқасынан.

 

Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,

Шөп қажап, шегірткедей

дән үзбейміз.

Алты айшылық жол басып,

арып-ашып,

Адам деген патшаға дәрі іздейміз.

Діні де, салты да бөлек екі ұлттың, екі дәуірде өмір сүргенімен тағдырлары ұқсас таланттарының көңіл күйі қарға тамырлы қазақтардың жақындығындай қалай бір-бірімен туыстасып кеткен десейші. Кең дүниеге симаған бұзақы Сергей мен бүлікшіл Мұқағалидың ойлары бір-бірімен сұхбаттасып, ақын мінезі мен өлең мінезінің үйлесім тап­қан жарасымы сүйсіндіреді. Ұлылар үн­дестігі өнердегі таңғажайып құбылыс қой. Есе­нин поэзиясындағы көркем шын­дық­ты Мұқағали толықтырып, мағы­насын байы­­тып жіберіпті.

 Ұямыз бар біздің де – омартамыз.

 Алмағайып бүлінсе сол ортамыз,

 Басымызды бәйгеге тігеміз де,

 Көзімізді біржола жоғалтамыз.

Мықты болсаң, ақын болып

жаралып көр,

 Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер.

Ғұмыр бойы жол басып, арып-ашып,

Адам деген патшаға дәрі алып кел!

Есенинге қарағанда Мұқағалидың шындығы көңілге көбірек қонады. Біз бұл сөзді қазақ болғаны үшін Хан-Тәңірінің Мұзбалағына бүйрегіміз бұрып айтып тұрған жоқпыз. Асылы, ақындықтың ұлы мұраты қоғам қасіретін, халық мұ­ңын жеке басыңның қайғысындай көріп жырлаумен ғана шектелмейді.

Мына әлемге сөз патшасы екеніңді дәлел­дегің келсе, адамзаттың жанын ем­­дейтін дауаны іздеп тап. Қарапа­йым пенде түгіл, қаныпезер жендетті де тол­қытып, мылқауларға тіл бітіріп, керең­дерді естіртіп жіберетін құдіретті жыр туғызып, жүрегі мұзға айналған адамды өзгертуге ұмтылып, мүмкіндігіңді сынап көр. Егер оған шамаң жетпесе, ең дұрысы үндеме. Ақ парақты шимайлап, күні-түні азаптанып, әуре-сарсаңға түскеннен өлең шықпайды. Құдайдың қалауымен ғана ақындық қонады адамға.

Ақын әлемнің жан жарасын емдеп, тіршілік топырағына ізгіліктің, иман­дылықтың, мейрімділіктің, тазалықтың ұрығын сеуіп, Құдайдың бар екенін дүр­кін-дүркін еске салып тұру үшін жара­тылған жұмбақ құбылыс. Аспаннан түс­кен төрт кітаптағы ұлы сөздер ұмы­тылып, Тәңірімен тайталасқан қоғам­ның айдыны лайланғанда, ұлы Жарату­шының мәңгілік ғибраты, жыр жолдары арқылы даналықтың дариясындай болып санамызға құйылып жатты емес пе.

Киелі кітаптардың бірінде айтылатын «Ұрпақтар келеді, ұрпақтар кетеді, ал Жер-Ана мәңгілік тұра береді, Күн шығады да, қайтадан батып, шыққан жағына қарай қайта асығады», деп басталатын, екі дүниенің шуағындай жарқы­раған шұғылалы сөздер есіңізде ме? Забур, Тәурат, Інжіл мен Құранды оқуға тиым салынған кеңестік заманда осындай мағынадағы иллахи шындықтың имани тәмсілінің сәулесі ақын жырлары арқылы ақылымызға қонақтап, жанымызды нұрландырған жоқ па еді.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!

 

Өтеді ғой...

Өтеді барлығы да,

Күн арқалап кетеді таңды мына

Менің жаным ашиды барлығына;

Таң нұрына, адамның тағдырына

Менің жаным ашиды өткендерге,

Жаңа ғана өмірге жеткендерге

Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,

Енді сендер өмірден өтпеңдер деп.

 Өмір мен өлім күресінің арпалысында туған мына жолдарды оқығаннан кейін поэзия падишасының сөз сиқыры арқылы өз әлемін туғызуға келген құді­рет екенін мойындамасқа амал кем. Құдай жоқтан бар жасап дүниені жаратса, ақын да сөзден сұлулық туғызып, мыңдаған жылдар бойы адамдық се­зімді аялап, махаббатымен мәпелеп ке­леді. Әлемнің ақындық жүрегі тоқтап қал­са, дүниені қараңғылық қаптап, ұлы сезім­дердің теңізі тартылып, адам жанының жапырағы қуарады.

Әрине, ақын Құдай емес, бірақ ол ел қайғысына қабырғасы қайыса жү­ріп, жалғанның тау-тасын кезіп, жанға ем болатын дауа іздейтін құдірет иесі. Таңының өзі қап-қараңғы болып атқан бүгінгі күнінен түңілсе де келешектен кү­дерін үзбей, айлы түндерде жал­ғыз­дығымен сырласып, мәңгіліктің құпия­сын зерттеп, жүрек қазынасын өлең­нен тауып, адамның өшкен өмірін де жарығы сөнбейтін жұлдызға айналдырып жібереді.

– Бір адам өлсе,

Бір жұлдыз қоса сөнеді, –

Бір кезде біреу, осылай маған деп еді.

Есімде әлі біреудің былай дегені:

– Бір адам туса,

Бір жұлдыз бірге келеді.

 

Сенбесең сенбе,

Осыған, әйтеу, мен сенем.

Құлазып қалам,

бір жұлдыз ағып сөнсе мен.

Несі бар оның?

Айып па, адам тағдырын

Бүкіл ғаламның биіктігімен

өлшеген?!

 

Аспанда кейде,

Бір жұлдыз ағып баратса,

Тұрам да қалам,

Бұралмай қалған сағатша.

Керемет неткен!

Адамның келте өмірін,

Жұлдыз бен Жердің

қашықтығынан жаратса.

Мәртебелі поэзия адам жанын сауық­тыратын – Алланың шипасы. Жалған­нан жұбаныш таппай, басын бәйгеге тігіп, сөз шырынынан дәрі іздейтін ақындар болмағанда, сезіміміз суалып, кенезесі кепкен шөлге айналып кетер ме едік, баяғыда. Кім білсін? Бәлкім сондықтан ба екен, дариға-жүрек туғызған ғажайып ғазалдармен сырласқанымызда құс-уақыттың тұзағынан босаған азат ойымызбен қауышып, еркіндіктің ауасымен тыныстағандай бір әдемі көңіл күйді басымыздан кешеміз емес пе.

Поэзия! Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе,

неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Бір жалт еткен түстей өте шығатын дүние-жалғанда, көңіліңді жыландай арбайтын басқа да думанды қызықтардың толып жатқанына қарамастан, сөз пат­шасының жанына ем болатын дауаны өлеңнен ғана іздейтінінің себебі неде осы? Әлде әлемде жоқ әділеттілікті ор­нат­қысы келіп, тажал тағдырмен арыс­тандай арпалысып, найзағайдай тұ­танған өлең отына өртеніп өлу олардың пешенесіне жазылған тағдырлары ма? Неге ақындар жеке басының рахатын ойлап, тіршілік қамын жасап, әрекет етудің орнына зұлымдықпен қылыштасып, жауыздықпен жағаласып, жалғыз жанын тозаққа тастай салады, ойланбастан.

«Есектің артын жусаң да мал тап», деп дүйім елге ақыл айтқан ұлы Абайдың өзі де малын көбейтіп, тіршіліктің тезе­гін теріп кетуге құмбыл болған жоқ. Мың­мен жалғыз алысып, надандықты жеңе алмасын біліп, қайран сөзі ездерге қор болғанда жаны қиналған кемеңгер адамнан емес Алладан көмек сұрап, ше­рін тарқатып, қайғысын жеңілдететін жұ­банышты сөзден тапты.

Қызық! Шағаладай шарқ ұрып, ойдың кенішін қазымырланып өлеңнен іздей­­тіндей, шынымен де поэзиядан ас­қан құнар­лы тереңдік, сиқырлы сұлу­лық, ұлы құдірет жоқ па мына фәниде?

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан,

алаңдардан.

Шырақтардан, оттардан,

жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан.

 

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,

Ақша бұлттан іздедім,

жасыннан да,

Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,

Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,

Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Адамға қаратылып айтылғандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде ­поэзия дегеніміз дүние-жалғаннан тірек іздеген ақынның Алламен сырласуы, ақ қаздар арасынан аққуын ажырата алмай, нағыз махаббатты аңсап, басын тауға да тасқа да соғып, дертіне дауа сұраған – жан айқайы. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дегенімізбен адамзаттан досы болмайтын ақын да жалғыздықтың зарын тартып, өз қиялында Тәңірмен тілдесіп, өлең-құдіреттің алдында ағыл-тегіл ақтарылып, шындығын жасырмай айтып, Аллаға жүрегін ашады.

Поэзия жұмбақ тылсым арқылы әлем­мен сұхбаттасатын – Алланың екін­ші тынысы. Ақын өлеңмен шерін тарқата отырып періштедей пәктікті, дариядай даналықты, таңғы ауадай тазалықты аңсаумен өмірден баз кешіп өтеді.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан.

 

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,

Күннен, түннен,

гүлдердің бүршігінен.

Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен.

 

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттардан іздедім, сағаттан да,

Сені іздедім.

Іздеймін, тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!

Құдіретті поэзия жүрек қойнауын­да­ғы қазынаңды қопарып, ең асыл, ең сұлу, ең ізгі, ең асқақ армандарыңды ұйқыдан оятады. Фәнимен ертерек қош­тасып, мәңгілік мекеніне асығыс аттанып кеткенімен ақындардың өлеңдері тіршілікке жан бітіріп, ұлы сезімдерді тірілтеді. Ноқтаға басы маталып, жарық күнмен қимай қоштасқан олардың өнерін тануға өлгеннен кейін жол ашылып, жыр алыбының екінші – мәңгілік сапары өмір­ге қадам басқанда сөз өнерінің жан сарайы жаңғырып, әдебиеттің тағы бір дәуірі жаңа түскен жас келіндей болып босағадан аттайды.

 Қазақ әдебиетінің классигі Мұқағали Мақатаевтың өнер аспанындағы бағы да өлгеннен кейін ғана жанып, сол ғажайып жұлдыздың жарығы миллиондаған жү­ректерді табындырып, имандай ұйытып келе жатқанына міне жарты ғасырға жуық­тап қалыпты. Биыл ұлы ақынның туғанына 90, ал екінші – мәңгілік өмі­рінің басталғанына 45 жыл болды. Яғни қырық бес жыл өмір сүретінін көріп­келдікпен болжаған тау тұлғаның қайтыс болғанына да биыл тура 45 жыл толыпты.

Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі...

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде.

Қырық бес жас адам үшін аз ғұ­мыр болып көрінгенімен, мәңгілік өнер туғы­затын талантқа берілген зор мүмкіндік. Артына өлмейтін мол мұра қалдырған әлемдік поэзияның жарық жұлдыздары Байрон мен Лермонтовтар қырықтың қырқасына жетпей қыршыннан қиыл­ды. Әйткенмен, ғұмыры қысқа болды деме­сең, рухы азат, тәуелсіз елдің то­пы­рағын еміп туып, өмірдің де, шы­ғар­машылықтың да рахатын көрген ағыл­шын мен орыс шайырының қандай арманы бар? Дәулетті отбасында туған екі ақынның да бақытты балалық шағы болды. Елінің ең жоғары оқу орнында білім алып, шығармашылықпен емін-еркін айналысты. Лорд Байрон жалғыз поэмасымен («Чайльд Гарольдтың қажылығы») ағылшындардың қошеметіне бөленсе, Пушкиннің қазасына арнаған жалғыз өле­ңімен Лермонтов қоғамды дүр сіл­кін­дірді. Билікке жақпаса да Байрон мен Лермонтовтың таланты көзі тірі­сін­де мойындалып, халық махаббатына бө­ленді.

Ал Мұқағали ше? Кіндігі кесіліп, көзін аша салысымен жерден таяқ жеп жүріп жетімнің жылауы, жесірдің жоқ­тауын естіп өскен сәбидің көңіліндегі кесек мұздар қырық бес жыл бойы ері­мей, қайран жүрегі дүниеден дос іздеп, сезімі тұншығып өмірден өтті. Лер­мон­товтың әдеби мұрасының қадірін білген, түрмеге түскенде артынан із­деп барған Белинскийдей сыншысы бол­ды. Ал Мұқағалидың сыншысы ақы­лы жоқ тобырға қосылып ақынды көп­пен бірге таяқтады. Өлеңді түсінетін әде­би қауымның сиқы осындай болса, бас­қа­лардан не үміт, не қайыр? Алайда, маң­дайына қарғыс таңбасы басылғандай болған жаны нәзік, жүрегі әсершіл Мұқағали өмірінің соңғы сәтіне дейін басынан сипайтын аялы алақанды ананың сүтін іздеген сәбидей аңсап, Алладан ме­дет, адамнан мейірім, ертеңнен үміт күтті.

Бірде олай ауытқып, бірде бұлай,

Бір байламға келе алмай

жүргенім-ай.

Таулы аймақтың ауасы секілденген

Аумалы да, төкпелі күндерім-ай!

 

Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай,

Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай.

Не туары белгісіз жүкті әйелдей,

Не болары белгісіз тағдырым-ай?

 

Өз-өзінен өзегім өртенгенде,

Өз-өзімнен түңіліп, жеркенгенде,

Сары ауру сарғайтқан науқастайын,

Үміт күтем, бүгіннен, ертеңнен де.

Көкке қарап жалбарынғанымен Құ­дай­дан қайыр болмады, аспаннан мейі­рім тамбады, үміт те жартасқа соғы­лып, талқаны шықты. Қайтпек керек?

Болмысы байтақ шайырдың ұлы таланты қайтыс болған соң ғана мойындалып, шығармаларының бағасы беріле бастады. Мұқағалидың тамылжыған лирикасы, тылсымы тұңғиық дастандары­ның құпиясын тануға деген құлшыныс та сол кезде пайда болып, ақын мен оқыр­манның риясыз сырласу дәуіріне есік ашылды.

«Үлкен таланттардың өлгеннен ке­йін жаппай танылуының, ел махаббатына бөленуінің, шынайы бағасын алуының немесе асыра дәріптелуінің негіз-төркінінде олардың барша гүлін аша алмай, бар жемісін бере алмай кет­кен өкініші де жататыны анық. Яғни сол шексіз құрмет, мол ілтипатта олар­дың жарыққа шыға алмай кеткен зор мүмкіндіктерінің де үлесі бар», дейді Тұрсынжан Шапай. Талантты сыншы «Ой түбінде жатқан сөз» кітабында өт­­кен ғасырдағы 80-жылдар – шарт­ты түр­де «Мұқағали жылдары» болға­ны­на жан-жақты тоқталып, себебін де түсін­діре кетеді.

«Жырқұмар қауымның ең ыстық ілти­паты осы жылдары біздіңше Мұқа­ғали творчествосына арналды. Таза ықы­лас – әуейілікке, шынайы құрмет – әсіре әспетке арналып, ақын есімін модаға, әлдебір фетишке айналдырып жіберген жайларымыз да жоқ емес. «Мұқағалишылдық» поэзияда, көбінше, жас буын творчествосында (әсіресе стильдік-интонациялық ыңғайда) көрініс берді...Әрине, кең тұрғыдан қарасақ онда тұрған шетіндік, ерекше шошитындай ештеңе де жоқ. Мұндай құбылыс Төлеген мен Рубцовтан кейін де болған. Бұл – бәрінен бұрын, ақынды жан-жақты тану кезеңі. Оқырман жұртшылықтың рухани-эстетикалық серпілісі».

Содан бері де міне табаны күректей отыз жыл өтті. Жалына қол тигізбейтін арғымақтай зауылдаған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде әлемде қоғамдық сана­ны дүр сілкіндірген сан-алуан өзге­ріс­тер болды. Дүние қолдан түсіп кеткен кеседей талай рет төңкеріле жаздады.

Үмітімізді шабақтап, көңілімізді күп­ті етіп, елдің ертеңгі күнге деген сенімін сәруар сәулесімен арайландырған игі­ліктер де аз емес. Ең бастысы әдебиеттің аяғын тұсаулаған цензура алынып тас­талып, айтқымыз келген ойымызды жұм­бақтамай, еркін сөйлейтін жағдайға жет­тік. Кешегі өнердің құндылықтарына күмәнмен қарайтын ұрпақ дүниеге кел­ді. Көптеген әдеби туындылардың он­даған жылдар бойы елді алдарқатқан ар­зан идея­сы тулақтай тозып, халықты мәж­бүрлеп оқытқызған көлемі кере қарыс романдар, поэмалар күресінге тасталғанда өнердің идеологияға бағынбайтын өз заңдылығы болатынын түсіндік.

Бірақ қандай аумалы-төкпелі заманды басымыздан өткерсек те Мұқағали поэзиясына деген ыстық ықыласы­мыз бір мысқалдай да суымапты. Қайта ке­рі­сінше, елдің ақын мұрасын оқуға қы­зыққан ынтасы жылдан-жылға арта тү­сіп, Мұқағали феноменін уақытша құ­бы­лысқа санап, құмалақ ашып, сәуе­гейлік жасағандардың жорама­лы жоққа шықты. Тағдыры ауыр Қа­сым­нан кейін шығармалары жаппай жұрт­тың қызығушылығын туғызып, ел ара­сында қызу талқыланып, барлық қазақтың шексіз махаббатына бөленген Мұқағалидай ақын әдебиет тарихында болған емес. Егер Қасым адамдық ұлы сезімге қылау түсірмей, поэзия­ны таптаурын идеологияның ажал тыр­на­ғы­нан аман алып қалса, ұлы ақын­дар­дың ешқайсысына ұқсағысы келмеген Мұқағали жәудіреген жанарлардан жас емес, қан ағызып, қазақтың қара өлеңін қайта тірілтіп, жырға жан бітірді.

Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Поэзияны құдіретті киесіндей қас­тер­леген ақынның өнерге берілген адал­дығына, өлең үшін өмірін құрбан етуге даяр жанкештілігіне күмән келтіре алмайсың. Жүрегінің түбіне кір жасырмай оқырманмен риясыз сырласатын шынайылығы, өлеңді өліп-өшіп сүйген махаббаты оған сізді сендіртеді.

Ұлы ақынды оқығанда ақылмен түсін­діріп бере алмайтын ерекше бір таза­лықтың лебін сезесің. Жан таза бол­ғанда ғана жүректен жақсы өлең туады. Будданың «Вималкирти» сутрасында «Егер ақыл-ойың таза болмаса бәрі де таза емес, егер ақыл-ойың таза болса бәрі де таза» екені айтылады. Мұқағалидағы тазалық дүниеге басқаша көзбен қарап, күйбең тіршіліктің қарбаласында бай­қала бермейтін Құдайлық сұлулықты сезінуге мүмкіндік беріп, адамның қа­дірін біліп, өмірдің қас-қағым сәтіне де­йін бағалауға үйретеді.

Сарыуайым салудың не керегі,

Көгереді, бәрі де көгереді!

...Көп досымды жоғалттым

осы қыста,

Келесі жаз, білмеймін не береді...

 

Саралақаз оралды сазға тағы,

Ақ тырналар аспанды боздатады.

Сұқсыр көкек тоғайдан сұңқылдаса,

Қай-қайдағы мұңымды қоздатады.

Өмірдің жалғандығын жыр-құдіре­тінің қауызына сиғызып жіберген өсиет­тік өлеңде қаншама телегей-теңіз ой, ар­насынан асқан өзендей күркіреген сыр­шыл сезім төгіліп-тасып жатыр де­сей­­ші. Мұқағалиды оқығанда өлеңмен жа­­ныңды сауықтырып, көңіліңнің кірін жуып, пендешіліктің балшығы жұқ­па­ған адамдық табиғатыңды адас­пай тап­қандай қуанасың. Себебі ақын поэзия­сында Гераклиттің рухынан жұққан қасиет бар. Бәрі де онда қалыпты орны­нан қозғалып, көңіл кеңістігінен кө­те­ріл­­ген алапат құйын жаныңды үйіріп әке­­теді. Мұқағали шығармашылығында адам сезімінің жанартауы қопарылып жатады.

Жанымда менің

жасырын жатқан вулкан бар,

Жалынын атпай,

Жасырын ғана бұрқанған.

Жайғасып алып,

Сахара, дала, мұхиттар,

Сапырыла алмай,

Сұрапыл жанар тұр таулар.

 

Жанымда менің

Атылмай жатқан жасын бар.

Өзендер жатыр,

Мұршасы келмей тасуға.

Ғаламнан үлкен осынау

жұмыр басымда,

Жеңісе алмай,

Зарядтар жағаласуда.

«Ұлы таланттардағы ішкі субьек­тивтік элементтің молдығы – гуманизм­нің белгісі. Бұл бағыттан қорықпаңыз; ол сізді алдамайды да адастырмайды. Ұлы ақын өзі туралы, өзінің «мені» туралы айтып отырып, жалпы, адам баласы туралы айтады, өйткені оның болмысында адам баласына не тән болса, соның бәрі бар. Сондықтан да оның мұң-шерінен өз шеріңізді көресіз, оның жанынан әркім-ақ өз жанын түсінеді де, оның ақын ғана емес, адам, өзінің адамгершілік жағынан бауыры екенін таниды», дейді орыс сыншысы В.Г.Белинский.

Мұқағали ұлттық топырақтан жара­тылған – адам жанының суреткері. Ол жүрегінің түбіне терең бойлап, адам жанының трагедиясын түп-тамырына дейін үңіліп зерттеді. Бәзбіреулер сияқты шығармашылығы арқылы жанының тереңіндегі құпияларды бұқпантайлауға тырыспады. Оқырманнан ештеңені жасырмай, өз болмысын зерттеп, ғажайып жаңалықтар ашты. Өлеңдері арқылы өз тағдырын әңгімелеп, күмәні арқылы, жеке басының күдігін айтып, жанын жалаңаштап тастап, өзін әшкерелеуден де қорықпады. Біз Мұқағалидың өлең­дерінен өмір мұхитында адасқан өзіміз­ден аумайтын адамды көргендей болдық. Ол адам еді. Сол үшін біз оны жақсы көр­дік. Өлеңдерін оқи отырып, жаны­мызбен сырласқандай әсер алдық. Уақыт өте келе ұлы ақынның «махаббат пен ғадауат майдандасқан», өмір мен өлім арпалысының азабындағы қай­шы­лықта туған ұлы поэзиясы өлеңге беріл­ген адалдықты, өмірдегі тазалықты, шы­ныдай шынайылықты сүйетін өнер адам­дарының басын біріктірген жалпыұлттық құбылысқа айналды.

Адамды адам түсінбеу – бір ақырет,

Ойлы жас, түсініпсің, рахмет!

Рахмет!

Жассың ғой жалыны мол,

Жалыны мол және де қуаты көп.

Ойлы жас!

Өлең менің бар тынысым,

Жақсы сөзім –

жаны игі халқым үшін.

Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,

Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.

Өлеңмен күні-түні сырласса да құ­мары бір басылмай қойып, мәңгіліктің шырағын жағуды аңсаған ақын арманы орындалды. Амалсыз бұғып, іші­нен тынып өтпей, жүрегінің түбіне кір жасырмай ақ жауындай болып жыр нөсерін төккен Мұқағали поэзия­сы өз заманындағы ойлы жастарды ғана тол­ғандырып қоймай, ХХІ ғасыр ұрпақ­тарының да қиялына қанат бітірді. Ендігі таңда Мұқағалидың өлеңдерінсіз қазақ поэзиясының кешегісін де, бүгінгісін де, болашағын да көзге елестету мүмкін емес. Ал осындай соқыр көзден де жас ағызатын шынайы жырларды туғызған тұлға, өз шығармаларының келешекте кеңістікті шарлап, барлық қазақтың жүрегін жаулап, ұлттық орбитаға шығып кетерін сезді ме екен?

«Данышпан жан өзінің кім екенін білмейді» деген тұжырым тым ұшқары пікір» (Тәкен Әлімқұлов). Тоғыз жол­дың торабындағы сан-алуан өнердің іші­нен поэзияны таңдап, жанына серік еткен Мұқағали ішкі бір түйсікпен өзінің қайталанбас болмыс, кесек талант, ірі ақын екенін сезді. Ақын өлеңдерінің қуат­ты тасқыны, құстай еркіндігі, құді­ретті рухы оны бізге анық аңғартады.

Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің.

Бұйрат құмдар –

бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар –

бусанып терлегенім.

 

Аспанындай кей сәтте күрсінемін,

Жас талындай жауқазын

бүршік едім.

Кең дүние, керемет қалпыңменен,

Жүрек болып кеудеме кірші менің.

 

Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,

Секілді бәрі менен көз алмаған»

Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.

Мұндай поэтикалық декларация­ны жалпақ жұртқа жария ету үшін ба­тылдықтан бөлек ақынның өз өлең­дерінің шын бағасын білетін зор сенімі бо­луы керек. Жыр нөсерін селдетіп, бір­де оттай жанып, бірде найзағайдай күр­­кіреп, енді бірде қара нөсердей құ­йы­лып, екпіні дауыл тұрғызған Мұ­қа­ғалида ондай сенімнің болғаны анық. Дүние саларынан бір жыл бұрын ақын күнделігіне қонақтаған мына сөздер, айтқан сөзіміздің шындық екенін растай түседі. «Ей, безілдектер! Сендер емес­сіңдер маған баға беретін! Нағыз баға­лаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, бізді әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен ХХІ-ғасыр ұрпақтарының құрда­сы­мын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтар­дың туы­сымын да» («Қарасаздан ұшқан ­қар­­лығаш», «Жалын» баспасы, 1999 жыл, 139 бет).

Мұқағали әулие екен. Көріпкелдікпен айтқан сәуегейлігі айна-қатесіз дәл кел­ді. Ұлы ақынның дәуірі әдебиет төріне жайғасып, мұқым қазақтың жанын жырларымен жаулаған Мұқағали ғасырының таңы сібірлеп ата бастады.

 * * *

 Мұқағали ғасырының шымылдығы әлдеқайда ертерек, осыдан отыз жыл бұрын түрілуі тиіс-тұғын. Өмірден өте салы­сымен, әдеби мұрасының ер-тұр­маны түгенделіп, жыр жинақтары қо­лы­мызға тигенде, өнер аспанына қар­лығаш-үмітін ұшырған мына бізге, сол ұлы дәуірдің сағаты соққандай бо­лып көрінген. Ал алпыс жылдығы қарса­ңында екі томдық таңдамалысының жа­рық көруі ұлтымыздың рухани тыныс-тіршілігіндегі елеулі оқиға болды. Көңі­лімізде үміт пен күдік арпалысқан сек­сенінші жылдары «Жазушы» баспа­сынан шыққан қос томдықты әупірім­деп жүріп әрең қолға түсіріп, жастанып оқып бәріміз де «түн ортасында тіл­сіз қабырғалар сөйлеп кеткендей» (Марат Қабанбай) сұмдық хәлді бастан кешкенбіз.

Алдымнан атса болды ақ таңдарым,

Аялап қарсы аламын бақтан да әрі.

Теуіп-теуіп тас-талқан етер едім,

Тағдырдың маған құрған

қақпандарын,

Алдымнан атар болса ақ таңдарым.

 

Оңымнан туса болды ай-күндерім,

Қайтер дейсің қажаған қайғың мені.

Лайланбай ақ таңда жатса болды,

Аққу жүзген көңілдің айдын көлі.

Қайтер дейсің қажаған қайғың мені.

 

Ертеңім жақсы болғай бүгіннен де,

Не рахат таба аламын түңілгеннен.

Ақ таңдарым артымда қалса игі еді,

Ана-жерге бас иіп жүгінгенде,

Алып жотам иіліп бүгілгенде.

Тірліктің тылсымынан десі қайт­қан Хан-Тәңірінің мұзбалағымен мұң­дасып, шерімізді тарқатқанда көңіліміз босап, көзіміз жәудіреп, кімнен айырыл­ғанымызды енді түсінгендей ах ұрып, жерді тоқпақтап, ақынды жоқтап оңа­шада жылап та алғанбыз. Оқырман Мұ­қағали өлеңдерінен барар жер, ба­­сар тау таппай қиналып, ауыздық са­лын­ған асау тағдырымен арпалысып, бұға­лықтан босай алмай жанұшыра жанта­ласқан өз өмірін көргендей әсер алды. Жырларымен жанын жұбатып, рухымен өмір сүрді.

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын,

Сен бесігім болмасаң,

нағып тудым?!

Өз ұямды өзіме қимайсың ба,

Неге мұнша пендеңді

сабылттырдың?!

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын!

Ой тұңғиығы мен сезім тұнықтығы­нан туған Мұқағали поэзиясы кеудемізде тыным таппай соғатын өз жүрегіміздің дүрсілін тыңдатты. Әсіресе көп нәрсені әлі парықтап үлгермеген, ақымақ көңілі өрттен де рахым дәметіп, дерттен де ме­йірімін күтіп жүрген мына біз сияқты жастарды Мұқағали өлеңдерінің құдіреті есінен тандырып жібере жаздап, еркін билеп әкетті.

Мұқағалидың жаны қиналып, рух­ты сезіну үшін қанымен жазған шығар­маларының кемелдігіне таңдану бізге аздық етті. Ақын жырларын біз жан дү­ниеміздің баға жетпес байлығындай қас­терледік. Ет-жүрегімізді елжіреткен ол туындыларда биік парасатпен бір­ге қаты­гез көрегенділік те бар-тын. Мұқағали сұлу сөздің артына тығылмай, жанын жұмбақтамай, тағдыры мен жырын жалаңаштап тастап, өмір мен өлім туралы білетін шындығын бізге жасырмай айтты.

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз

ұлы келмеген.

 

Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген...

Өмір жайлы сұрай берме

сен менен.

 

Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген,

Жалған айып таңылғанда көлденең,

Ақиқаттың аппақ туын бермеген.

 

Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Heгe ақылды ақымақтан жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді?

Иә, иә, неге шынында да әлі күнге дейін парасаты биік данышпандар танымы таяз топастардан жеңіліп келеді? Неге біз ұлы ақындарды көзі тірісінде баға­лай алмай, өлген соң өтірік жылай­мыз? Биліктің ыңғайына жығылған сарай бұлбұлдарының қалың кітаптары бұрқырап жарық көріп жатқанда, неге ұлы Мұқағалидың жыр жинақтары бит­тің қабығындай болып шықты? Неге замандастары ұлы талантты бағалай алмады? Құдайым-ау! Мұқағали елеу­сіз қалатындай біреу емес, қазақ поэзия­сының жарқыраған Күні ғой. Күнді сезбейтіндей, көрмейтіндей шынымен де көңіліміз мешеу, санамыз соқыр бол­ғаны ма? Құмарымыз қанбай, ұлы ақын­ның шығармаларын қайта-қайта оқыған сайын біз осы сұрақты өзімізге мың-сан рет қойдық.

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам,

оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

Өмірі күрсінумен, өкінумен, мұңаю­мен, өксуімен өткен ақындарға өлгеннен кейін Алланың рақымы жауатын болса керек. Мұқағали өлгенмен, өлеңі өлген жоқ, болашаққа арналған екінші – рухани өмірі баянды болып, ақберен жырлары жүректерді жаулап, жалғасын тапты.

Көп құмарттым өмірге,

көп көрмедім

Үміт еттім, ұмтылдым,

көп терледім.

Ашкөзденіп қайтейін, ей, Болашақ,

Көрмеген күндерімді өткер менің.

 

Сапалақ сан ой мені мезі қылды,

Сен түйсін, түйсінбегін сезімімді.

Атан жортса арқамнан

мыңқ етпеген,

Айыптасаң өзің біл төзімімді.

 

Жыр жорығына аттандым,

кезіп жүрдім,

Мен бір сәт дамылдадым,

көзімді ілдім.

Жазылмаған жырымды

жалғайсың ба?

Жаңа жыр бастайсың ба,

өзің білгін.

Ақын өмірден өткен жылдары да әде­биет сүйер қауымның арасында тал­ғам үшін бір-бірімен таласып жататын келіс­пеушіліктер болып тұратын. Бірақ Мұқағалиға деген махаббат біздің басымызды біріктіріп жіберді. Барлығымыз да оны жақсы көріп, өлең­дерінен өзіміз­ді тауып, ғажайып әлемнің қақпасын ашқандай болдық.

Жөн болмас, сірә,

өмірмен ұстасқаным,

Бір ғұмыр дүниенің құшпас бәрін.

Күнің шығып келеді, ей, Болашақ!

Бесінге ауып барады

түскі аспаным...

 

Өмір-мәңгі, уақыт – мүмкін елес,

Кел, Болашақ! Сауық құр,

күлкіңе көш!

Бір күн шықса,

бір күннің батуы анық,

Екі күннің тұруы мүмкін емес,

Ақын шығармаларының жан шыңы­рауынан естілген ғаламат музыканың шынай­ылығы, тіпті поэзияға мүлде қы­зық­пайтын жұрттың да өлеңге деген сү­йіс­пеншілігін туғызды. Адамдық се­зі­­­мімізді оятқан Мұқағали жырларын біз жа­­нымызды нұрландырған адамдық рух­тың ұлы сәулесіндей қабылдадық.

 Халықтың арнасынан асқан өзендей ақтарылған шынайы махаббатын, ақын­ды тануға құлшынысын, рухани мұрасын дәріптеп, лайықты бағасын бе­руге ұмтылған ниетінің тазалығын көр­генімізде Мұқағали ғасырының боса­ғадан аттап, төрге озғанына көңі­лімізде бір мысқалдай да күмән қал­маған. Әйткенмен, өлең-қазынасы жалпы­ұлттық құбылысқа айналғанына қа­ра­мастан, Мұқағалитану дәуірінің есі­гі жар­тылай ашылған күйінде қалып қойды. Неге?

Шартты түрде ХХ ғасырды даныш­пан Абайдың дәуірі болды десек қате­леспейміз. Мың жылда, рабайда бір туатын кемеңгеріміздің мазмұны бай, мағынасы терең мұрасын таныту мен насихаттау жолында төгілген тер де көп, жасалған жұмыс та шаш-етектен. Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар бас­тап беріп, сөз өнеріміздің алыптары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіровтер жалғастырып, әде­биетіміздің көрнекті өкілдері Әбділ­дә Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев, Әзіл­хан Нұршайықов, Қалижан Бек­хожин, Герольд Бельгер, Тұрсынхан Әбді­рахманова, Мұхтар Мағауин, Рамазан Тоқ­таров, Иран-Ғайып, Темірхан Медет­бектер оны одан әрі дамытып Абайтануға үлес қосты. Бұдан бөлек әдеби сындағы Мұхамеджан Қаратаев, Сағат Әшімбаев, Тұрсынжан Шапайлардың, ғылымдағы Қайым Мұхамедханов, Құдайберген Жұбанов, Айқын Нұрқатов, Зәки Ахметов, Қажым Жұмалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Сейіт Қасқабасов, Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Әлкей Марғұлан, Рәбиға Сыздықова, Тұрсын Жұртбай т.б. мүйізі қарағайдай академик, профессорлардың еңбектерін ойша шолып өтсек Абайтану ғылымының жемісті болып, әдебиетіміздің алтын арнасына айналғанына сынық сүйем күдік тумайды. Мұның сыртында жазылған кітаптар, салынған суреттер, түсірілген кинофильмдер, көрермен тамашалаған сахналық қойылымдар қаншама. Халық болып жұмылып атқарған игілікті істері­міздің нәтижесінде қазақ рухының ең биік көрінісі ұлт аспанын арайландырып тұр.

Ұлы Абайға көрсетіліп жатқан құр­меттің қай-қайсысын да көпсінуге болмайды. Хәкімді жан-жақты танып, рухына жанасқан сайын халықтың ой-өрісі кеңейіп, талғамы күшейіп, мәдениеті ар­тып, мінезі көркем бола түседі. Дүние­танымы ұлғайып, тереңдікке бет қойып, адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұмтылысы күшейіп, бойындағы жақсы қасиеттері арта береді. Міне, сондықтан да «Абай десек, біздің есімізге қазақ халқы бойындағы, ең асыл, ең озық қасиеттер елестейді» (Герольд Бельгер).

Бұл бағытта атқарылған, атқарылып жатқан игілікті істердің заңды, орынды екенін мойындағанымызбен, бойы­мыздағы ұлы сезімдердің бәрін жалғыз Абай оятпағанын ойланбауға бола ма? Мұқағали поэзиясы еркімізді би­леп, көңіл бесігімізді тербеткен жыл­дар есіңізде шығар. Сол уақытта Алаш­тың аспаны Мұқағали болып қуа­нып, Мұқағали болып күңіреніп, біре­се күндей жарқырап, біресе түндей тұн­жырап тұрды емес пе? Содан бері ширек ғасырдан астам мерзім өтсе де елдің Мұқағалиды тануға құштарлығы арта түспесе, еш кемімеді. Жұрттың көзін қы­зық­тырып, өмірдің биік аспанында Мұ­қа­ғали жұлдызы ерекше жарқырап тұр.

Әрине, хәкім Абайға ешкімнің де таласы жоқ. Ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп Абайдың таудай тұлға, сахарадай шежіре, сегіз қырлы бір сырлы суреткер, қайраткер, санаткер, ойшыл екені жеріне жеткізіліп айтылып келеді. Шығармашылығынан бөлек, жеке өмірі де назардан тыс қалмай, бүге-шігесіне дейін зерттелді. Соның арқасында біз «махаббат пен ғадауатқа» ерте қаныққан кемеңгердің рухани мұрасын ғана емес, үй-ішіндік,  рулық, таптық шәркездіктерге жауап іздеуге мәжбүр болған жеке басына қатысты тіршілік түйіткілдерінен де жан-жақты хабардармыз. 

Мұның бәрін білуіміз – заңды құбылыс. Өйткені, «жақсылыққа сүйсініп, жамандыққа зығырдансаң, опасыздан опық жеп, баяндыға бәрекелді жаудырсаң, аузың алғысқа, көңілің қарғысқа барса Абай жадыңа түседі. Өзіңнің өмірдегі орныңды ойласаң, тіршіліктің мәнісін шақсаң, мақсатты сараптан өткізсең, тебіренсең, толғансаң, ойдың олжасында томсырайсаң, жадырасаң, тұйықтансаң, жайдарылансаң, Абайдың әдемі де қатпарлы ішкі әлемі баурайды». (Тәкен Әлімқұлов). Ендеше біздің дүние сырын Абайша зерттеп, жүрегіміздің түбіне Абайша бойлап, ақиқатты танығымыз келгенде  Абайша қазынып, өзімізді іздегенде Абайша жұмбақтанып, қиянатқа кезігіп, көңіліміз қамырықса Абайша торығатынымызға таң қалуға бола ма?

Сөз жоқ, Абай ұрпақтардың санасына мәңгілік шуағын шашып тұрған қазақ әдебиетінің жарық күні.  Күннің аты күн ғой. Жерге төгетін оның арайы да, жанымызды нұрландыратын жарығы да, жүректерді жылытатын қызуы да қуатты болады.

Дей тұрсақ та күн шуағына шомылып, құдіретіне табына отырып, түннің де өз қызығы барын естен шығарып алмайықшы. Сағдидың сөзімен айтсақ, Күннің ұлы беделін сақтау үшін, әлемге түнде ғана келіп жалғанға жарығын шашатын жұлдыздардың да  адамзатқа айтқысы келетін құпиясы көп.   Жастықтың буы билеп, уын ұрттап, ақ көңілімізге түнек қонақтаған шағымызда біз Күннен гөрі жымыңдаған жұлдыздармен жиі сырласқанбыз. 

Әлбетте, Абай қазақ әдебиетінің - алып мұхиты.  Алайда, әлемнің  эстетикалық сұлулығы  адам баласының мұхитты көрген сәттегі алған әсерімен ғана өлшенбейді. Теңізді, өзенді, көлді тамашалаған кездегі шексіз қуанышымызды, суына шомылған шақтағы мұхитты көргеннен кем болмаған ұмытылмас әсерімізді қайда қоямыз? Кез-келген табиғат құбылысының жаныңды жыландай арбайтын өз сиқыры, шешілмей жатқан өз жұмбағы, ойға батыратын өз тереңдігі бар.  

Әрине, Абай мұрасы қазақпен бірге мәңгі жасай береді. Ол ұлтымыздың кемеңгері, көшбастаушысы, ақылгөйі, көсемі, бәріміздің - рухани ұстазымыз.  Соған қарамастан біздің қай-қайсымыз да Абайды тануға жас кезімізде емес, ақыл-ойымыз толыса бастаған шағымызда ден қойдық. Ал, Абай мұхитына жетіп,  кемелдікке бет бұрғанға дейінгі уақытта қуанышымызға ортақтасып, лапылдаған сезімімізді, оттай жанған үмітімізді сөндірмей, ұлы армандарға жетелеп, қиялымызға қанат бітірген шалқар теңіздердей, тұнық көлдердей,  сұлу өзендердей қаншама ақындар болды біздің өмірімізде.  Ендеше Абай мұхитына қайығымызды салғанға дейінгі өліара мезгілдегі Қасым болып қайғырып, Төлеген болып тебіреніп, Мұқағали болып мұңайып,  Жұмекен болып жабырқап, Кеңшіліктің өлеңдеріндей кең дүниеге сыймай, Жұматайдай ессіз-түссіз ғашық болып,  Жарасқанның жырларындай жүрегіміз жұлқынып жүрген жылдарымызды  не істейміз?  Есейе келе, әдебиетке қожалық ете бастаған мына біздің соның бәрін ұмытып кетуіміз  әділеттілік пе?  

Қырықтан асып, кемелдікке бет бұрғанда Аллаға жүрегін ашып, өлеңге мұңын шаққан Абай поэзиясы даналықтың дариясына  айналды.  Әйткенмен, адам баласы ақыл-ойдың дариясына жеткенше, кейде өзін таба алмай адасып,  күнәға белшесінен батып,  жанымен арпалысып жатады.

Поэзия ақын жүрегінің жалындаған оты, қайда барарын білмей шарқ ұрып, беймәлім өмірге жетелеп, басыңды дуалап, өзіне ғашық қылып қоятын - жұмбақ әлем. Ендеше поэзия даналық қана емес, Августиннің айтуынша, кейде, ол тіпті, адамды ақылынан адастыратын сайтанның шарабы болуы да ықтимал. 

Абай қазақ ақыл-ойының алып мұхиты болса, Мұқағали - телегей-теңіз сезімі. Абай халық рухының оттай жанған жүрегі болса, Мұқағали - жанартаудай атылған жаны.  Біз Мұқағалидың оқығаннан кейін адам бақытты болу үшін  ақылмен, жүрекпен   ғана емес, жанмен, сезіммен де өмір сүруі керек екенін тереңірек түсіне бастадық.  Әрине: 

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтыған ойды кім түртпек.

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек, - деген Абай даналығының деңгейіне Мұқағали жеткен жоқ. Алайда, қартайып қайғы ойлаған шағында қолына қалам алған Абай да:

Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,

Жырлап кетем, алдымен жылаймын да.

Сөредегі кермені кесіп өтсем,

Маған әлі жетпейді Құдайдың да,  – деген тұрғыдағы, сұрапыл сезімі   Алланың әміріне бағынғысы келмей аласұрып, жыр қазанын сапырып,  жастықтың құйын-дауылы атылған сөздерді айта алмады. Жүрегін ақылға бағындырған Абай албырт жастықтың кер тұлпарын ауыздықтап тастап, сезімін салқын ақылдың әміріне көндіргендіктен ондай асқақ сөздерді айтпас та еді. Поэзиядағы мұндай ерлік  сайтанның шарабын ішіп, өмірдің боранында адам таба алмай адасқан  Мұқағалидай ақындардың   ғана қолынан келеді. 

                                         ***

Тәуелсіздік жылдарында әдебиетке келген біздің буын тағатымыз таусылып Мұқағали ғасырының басталуын асыға күттік.  Және біз ондай дүрмектен ел үркетіндей, жұрт шошитындай, әдебиетке зиянын тигізетіндей  шетін ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Қайта керісінше  бұл өз кезегінде ұлттық поэзиямыздың жеткен биігін межелеп, ақын шығармашылығын талдаған еңбектерді  жүйелеуге, шашыраған шындықтарды ой елегінен өткізіп саралауға, әдебиетіміздің алтын ғасырындай болған уақыт тынысын еске түсіріп, сол заманның көрінісін тірілтіп, рухын қайта сезінуге мүмкіндік берер еді.  Сөз өнерімен бірге халқының ішкі мәдениеті де өскен өркениетті мемлекеттерде мұндай дүмпулер дүркін-дүркін болып тұрады.

Ағылшын поэзиясының рухани әлеуеті жалғыз Шекспирмен шектеліп қалмады. Романтикалық көңіл-күйдің тиегін ағытқан Байрон буырқанған  сезімдердің ақтарылуына мүмкіндік жасап, әдебиеттің алтын ғасырын   бастап берді.  Құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалып, біреуісі 29, ал, екіншісі 25 жасында дүниеден өткен Шелли мен Китстің де өлеңдегі дәурені Байроннан кем болған жоқ.  Одан кейін де Англияда көптеген талантты ақындардың ғасыры туып, дүбірі тас жарып, дүние талай рет шайқала жаздады.

Ұлы Гюгодан соң да  француз поэзиясында Поль Верлен, Стефан Малларме, Артюр Рембо т.б. толып жатқан ғажайып ақындар жаһанды  шулатты.

Орыстар Пушкинді әдебиетінің күніне теңегенмен, бұл құбылыс поэзиядағы Лермонтов, Тютчев, Фет, Есенин, Цветаева, Ахматова, Рубцовтар дәуірінің туып, таңының арайлап атуына кедергісін келтірмеді. Ресейдің  ұлтшыл әдебиетшілерінің көбісі талантын аса мойындамайтын ақын Иосиф Бродскийдің насихаты соңғы жылдары Пушкиндікінен де асып барады. Бірақ одан үрейленіп жатқан пушкнитанушыларды көрмедік.   

Ұмытпасам, осыдан отыз жыл бұрын Мәскеудің бір әдеби басылымында «Рубцовтың поэзиясы Пушкиннен асып түсті  ме?» деген сыңайдағы әңгіме қозғалып, орыстың ақын-жазушылары, әдебиетшілері, танымал сыншылары пікірталастың көрігін қыздырды. Әрине, одан Пушкиннің дәнеңесі кетпеді. Ақындығына да, даңқына да, абырой-беделіне де  нұқсан келгені шамалы. Есениннен кейін орыс өлеңінің  тілдік құнарын сақтап қалып, ұлттық бояуын құлпыртқан ғажайып шайыр да Пушкиндей гений болып кеткен жоқ.  Бірақ бұл пікірталас әдеби процесті жандандырып, есімі ұмытыла бастаған Николай Рубцовтың поэзиясына деген махаббаттың сөніп қалмауына игі ықпалын тигізді.  Соның арқасында «Пушкин мен Рубцов» тақырыбын қазымырланып зерттеген көптеген мақалалар жарық көрді. Белгілі әдебиеттанушы Вадим Кожиновтың да ұлт ақыны Рубцов туралы кітабы сол жылдары жазылды. Ал, біз неге өз ақындарымыздың шығармашылығын тап осылай насихаттаудан, ұлтқа үлгі етіп танытудан өлердей қорқамыз.

Ұлы таланттар бір-біріне көлеңкесін түсірмейді, қайта керісінше, бірін-бірі толықтырып, ойларын түрлендіріп, байыта түседі. Ағылшын, француз, орыстарға қарайлай бермей Шығыс әдебиетіне көз тіксек те біз оның көптеген жарқын мысалын көреміз. Неміс Гетені ғазалдарына ғашық қылып, Абайдың алтын жүрегін арайландырған  Шығыс шайырлары Физули, Шамси, Сайхали, Фирдоуси, Руми, Аттар, Хафиз, Науаи, Низами, Сағдилардың шығармашылығы бір-біріне көлеңкесін түсіріп тұр ма?  Жоқ. Тіпті, олардың дауысы дүниені дүрліктіріп, елінің  шекарасынан асып кеткен даналығы Батыс елдеріне де сүйіншілеп жетіп, Еуропаны таң қалдырып, қайта Өрлеу дәуіріндегі әдебиетті гүлдендіріп жіберді емес пе. Ең әуелі Испанияда, содан кейін Франция, Италия, Англияда мұсылман ойшылдарының еңбектері тәржімаланып, ол туындылар аузымыздың суы құрып мақтап жүрген көптеген ұлы ақын-жазушылардың шабытын оятып, Еуропа төрінде адамзат баласының ортақ игілігіне айналған ғажайып туындыларды өмірге әкелді ғой.

Әлемнің ұлы ақындары бір-біріндегі жаңашылдық пен ізденісті  толықтырып, ұлттық ұғым, ұлттық дәстүрден іргесі сөгілмей, желек жапырақтарымен жайқалып, адамзатқа ортақ құндылықтардың бақташысына айналды. Жүздеген жылдар бойы жаһандық әдебиеттің алтын қазығына байланған махаббат тақырыбының «Ләйлә мен Мәжнүн» туралы араб аңызынан бастау алып, Шекспирдің «Ромео мен Джулетта» шығармасында дамытылып, Блоктың «сұлу әйел туралы» әйгілі жырында кемелдене түскені тарихтан белгілі мысалдар. Корнельдің «Сид» драмасының жазылуына таза араб сюжетінің немесе Шиллердің «Турандот ханшайымының» тууына шығыс шайыры Низамидің «Жеті сұлу» поэмасының негіз болғанын ой таразысына салып салмақтасақ әңгімеміздің тым ұзаққа созылып кететін сыңайы бар.

Мұның бәрін мысалға келтіріп жатқан себебіміз Мұқағали ғасырының шымылдығы түрілсе, бұл құбылыс АҚШ, Еуропа болмаса да, Қазақстанмен көршілес немесе ділі де, діні де, тілі де, тарихы да, тағдыры да, тартқан тауқыметі де бізбен ұқсас елдердің әдебиетіне зор ықпалын тигізуі ықтимал деп ойлаймын. Қазақ ақынының өлеңдерін қытай тіліне тәржімалаған Қайша Тәбәрікқызы өз естелігінде Мұқағали поэзиясының қытай оқырмандарын қалай таң қалдырып, аузын ашып, көзін жұмғызғанын тілге тиек етіпті. 

Мұқағали ғасыры басталса, бұл құбылыстың Абайдан кейінгі уақыттағы поэзиядағы ашқан жаңалықтарымыздың зерттеліп, сын мақалалардың, ғылыми еңбектердің, монографиялардың жазылуына мұрындық болатынына  сенімдімін.   

Өткен ғасырдың басында ұлы Абаймен бірге оның ақындық айналасы да жан-жақты зерттеліп, артында қалған асыл мұраларының құндылығы салмақталғаны  тарихтан мәлім. Мұқағали ғасырының басталуы да рух   аспанын найзағайдай күркіретіп, әдебиеттің алтын дәуірін жасаған жыр алыптарының біз байқамаған жаңалықтарын көріп, біз бойламаған тереңдіктерін ашуға мүмкіндік туғызар еді.

Еркіндігі шідерленіп, ізденісі тұсауланып, тегеуріні тежеліп келген қазақ лирикасының ұлттық ерекшелігін әр қырынан ашып берген алпысыншы жылдар феномені поэзиямыздың алтын ғасырын туғызды. Майда қоңыр, биязы дауысымен елді елең еткізген сыршыл лирик Сағи Жиенбаевтың 1960 жылы жарық көрген жыр жинағынан басталған ізденістер Қадыр Мырзалиев, Өтежен Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Дүйсенбек Қанатбаев, Өмірзақ Қожамұратов, Фариза Оңғарсыновалардың шығармашылығы арқылы жалғасын тауып, поэзиямыздың ұлы дәуіріне ұласты. Мұқағали Мақатаев бұл топқа сәл кейінірек  қосылғанымен, ұлы өлеңдерді туғызған осы аз уақыттың өзі оның ақындық талантының жарқырап көрініп, қазақ поэзиясының қайталанбас  құбылысына айналуына жеткілікті болды.

Мұқағали ғасырының басталуы әдеби процесті одан әрі жандандырып,  «Мұқағали мен Жұмекен», «Мұқағали мен Қадыр», «Мұқағали мен Фариза», «Мұқағали мен Өтежан», «Мұқағали мен Тұманбай», «Мұқағали мен Кеңшілік», «Мұқағали мен Есенғали», т.б. толып жатқан тақырыптарды тануға түрен салынып, әдебиеттанудың көкжиегі кеңейе түседі. 

Дантені, Шекспирді, Байрон мен Лермонтовты адамзатқа таныту үшін олардың тағдыры мен шығармашылығын зерттеуге өмірін арнаған қаншама әдебиетшілер, сыншылар болды. Ал, әдебиеттің нанын жеп жүрген мына біздің бойымызда неге осындай жанкештілік жоқ. Шыныңызды айтыңызшы, қырық бес жыл бойы ұрпақтардың ет-жүрегін елжіретіп келе жатқан Мұқағали феноменін талдап түсіндірген қанша кітапты оқыдыңыз? 

Әрине, өз замандастарының Мұқағалидай құбылысты әлі де толық  мойындай қойғысы келмеуінің  себебі түсінікті. Өйткені, «қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын, өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың, талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі. Алтынның қолда барда кәдірі жоқ дегендей. Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді: сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін». (Жүсіпбек Аймауытов).

Қызғанышпен немесе көре алмаушылықпен демей-ақ қояйық, мүмкін бір түсінбестікпен Мұқағалиды төмендеткісі келіп айтылған, әлі де айтылып жатқан пікірлердің қазір еш маңызы болмай қалды. Өйткені Мұқағалидың жалғыз Алатаудың ғана емес, барлық қазақтың жүрегіне жол тапқан алты Алаштың ақынына айналғанына жарты ғасыр болып қалды.  Оңтүстік пен Солтүстіктің, Шығыс пен Батыстың халқы да оны туған бауырындай жақсы көріп, өз елінің біртуар талантындай құрметтеп, шығармаларын сүйсініп оқиды. Бір сөзбен айтқанда Мұқағали поэзиясы ұлттық орбитаға шығып, өзіне лайық орнын алды.  Ұлы Абай сияқты енді Мұқағалидың да адамзаттың ақынына айналу ғасыры  басталғалы тұр.

 

Амангелді Кеңшілікұлы