Сәрсенбі күні Алматының «Қайраты» қазақстандық футбол командалары арасында бірінші болып 2021/2022 жылғы Еурокубок ойындарының шымылдығын ашып берді. Араға 16 жыл салып ел чемпионы атанған «Қайрат» дәл сонша жылдан кейін биыл алғаш рет Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
«Қайрат» Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Хайфаның «Маккабиімен» сырт алаңда кездесті. «Самми Офер» стадионында өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Алматылық ұжымның Еурокубок жарыстарындағы статистикалық нәтижелеріне көз жүгіртер болсақ, «Қайрат» бірінші іріктеу кезеңдерін өте сәтті бастағанымен, көбіне сырт алаңдағы ойындарда тең түсіп жатады. Міне, кешегі ойында да жеңіліп жатып есепті теңестіріп кетті.
Жалпы «Қайрат» Еуродода бәсекелерінде Израиль клубтарымен жиі кездеседі. Былтырғы ел чемпионы Хайфаның «Маккабиімен» биыл қатарынан екінші жыл ойнап жатыр. Алматының командасы былтыр Израиль клубымен Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде жолықса, биыл екі ұжым Чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінде кездесті.
Бір өкініштісі, «Қайрат» Израиль командаларымен үнемі Еурокубок турнирінің екінші кезеңінде жолығып, жарысты сол жерден аяқтайтын сәтсіз статистикасы бар. Мәселен, Алматы клубының Израиль командаларымен таныстығы 2016/17 жылғы Еуропа лигасында басталды. Сол жылы турнирдің екінші іріктеу кезеңінде Тель-Авивтің «Маккабиімен» кездескен қазақстандық ұжым екі ойын қорытындысы бойынша 3:1 (1:1, 1:2) есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Араға үш жыл салып «Қайрат» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Израильдің тағы бір командасымен ойнап, Еурокубок бәсекесіндегі жорығын мерзімінен бұрын аяқтады. Жерлестеріміз бұл жолы Беэр-Шеваның «Хапоэль» ұжымынан өте алмады. Екі матч қорытындысы бойынша «Қайрат» 3:1 (1:1, 0:2) есебімен есе жіберді. Ал 2020-2021 жылғы Еуропа лигасының екінші кезеңінде тағы да «Маккабимен» ойнап, сырт алаңда өткен кездесуде 2:1 есебімен ұтылып, жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
Бір қуанарлығы, «Қайрат» биыл Израиль командасымен Еуропа лигасында емес, Чемпиондар лигасында және екінші емес, бірінші іріктеу кезеңінде жолығып тұр. Еуропа лигасындағы сәтсіздік бұл турнирде қайталанбайды деген үміттеміз. Оның үстіне алматылық ұжым сырт алаңда өткен бірінші ойында тең түсті. Бұл – қарымта ойынын өз алаңында өткізетін клубқа айтарлықтай басымдық береді.
Биылғы «Маккаби» – «Қайрат» арасындағы ойынға тоқталар болсақ, жерлестеріміз «ә» дегеннен-ақ ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Тіпті 30 мыңға жуық жанкүйердің қолдауына ие болған алаң иелеріне қарағанда алғашқы қауіпті шабуылды да алматылық ұжым ұйымдастырды. 8-минутта Вагнер Лавтың тепкен добы қақпадан асып кетсе, 11-минутта Айбол Әбікеннің жасаған соққысын «Маккаби» қақпашысы қайтара білді. Дегенмен, алаң иелері бірінші тайм аяқталар тұста гол соғып, есепті ашты. Омер Ацили «Қайраттың» екі қорғаушысынан аула клубының ойыншысын алдағандай оңай сытылып шығып, Стас Покатиловты қапы қалдырды – 1:0.
Екінші таймды да «Қайрат» ойыншылары белсенді бастады. 55-минутта тағы сол Вагнер гол соғатын тамаша мүмкіндікті тиімді пайдалана алмады. Бірақ көп өтпей жерлестеріміз таразы басын теңестіріп кетті. Ойынның 76-минутында бұрыштамадан асырылған допқа қазақстандық қорғаушы Нұрәлі Әліп бірінші жетіп, баспен гол соқты. Есеп – 1:1.
Ойын аяқталған соң алаң қожайындарының бас бапкері Барак Бахар матчқа қатысты пікір білдірді. «Қарсыласымыз бұл матчқа бабында келгені байқалып тұр. Жалпы ойын таблодағы көрсеткішке сай, тең дәрежеде өтті. Енді келесі айналымға шығу үшін Алматыда қалай да жеңіске жетуіміз керек. Бізге алғашқы матч өз бабымызға келіп алу үшін жақсы мүмкіндік болды. Енді ойынымызды жақсартуымыз керек», деді Бахар матчтан кейін.
Енді екі ұжым араға апта салып 14 шілдеде Алматыда жолығады. «Қайрат» клубының баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, Орталық стадиондағы матч 50 пайыз жанкүйерлердің қолдауымен өтпек. Егер алматылық клуб өз алаңында өтетін ойында жеңіске жетер болса, келесі кезеңде Сербияның «Црвена Звездасымен» кездеседі.
Тағы бір айта кетерлігі,
биылдан бастап Еуродода бәсекелерінде сырт алаңда соғылған голдың маңыздылығы жойылды. Енді тек екі ойын нәтижесі бойынша ғана үздік атанған клуб келесі кезеңге жолдама алады. Егер командалар тең түсіп жатса, қосымша 15 минуттан екі тайм ойнайды. Қосымша уақытта да жеңімпаз команда анықталмаса, онда пенальти сериясына жүгінеді.