Футболдан Еуропа чемпионатының екінші жартылай финал ойыны аяқталып, финалға шыққан екі ұжым белгілі болды. «Уэмблиде» өткен екінші ½ финал бәсекесінде Англия мен Дания құрамалары өзара кім мықтыны анықтады. 120 минутқа созылған кездесуде алаң иелері үстемдік танытып, өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының финалына жолдама алды. Ағылшындардың бұған дейін Еуропа біріншіліктеріндегі ең ірі жетістігі жартылай финал болатын.
Топтық кезеңдегі алғашқы екі ойында Финляндия (1:0) мен Бельгиядан (2:1) жеңіліп, сәтсіздікке ұшыраған Дания соңғы турдағы ірі жеңісінің арқасында (Ресей – 4:1) биылғы Еуроның жартылай финалына дейін жетті. Плей-офф пен ширек финалда Уэльс (4:0) пен Чехияны (2:1) жеңіп, ½ финалда Англиямен күш сынасты.
Ал ағылшындар топтық кезеңде екі жеңіс, бір тең ойынға қол жеткізіп, 7 ұпаймен өз квартетінде бірінші орынмен келесі кезеңге жолдама алған-ды. Бір қызығы, Англия осы 3 ойында бар-жоғы екі-ақ гол соғып, үздік нәтижеге қол жеткізген Еуропадағы санаулы құрамалардың бірі болды. Ал плей-оффта Германия қақпасына екі гол соқса, ширек финалда Украинаға жауапсыз 4 гол салды. Сөйтіп британиялықтар қарсылас қақпасына 8 гол салып, өздері бірде-бір гол өткізбей жартылай финалға жетті.
Тек жартылай финалға келген кезде ғана осы турнирдегі бірінші голын өткізіп алды. Лондонда өткен кездесудің 30-минутында Дания футболшысы Миккель Дамсгор Джордан Пикфорд қорғаған Англия қақпасына супергол соғып, есепті ашты. Бірақ 1992 жылғы Еуропа чемпиондарының қуанышы ұзаққа созылмады. 39-минутта қорғаушы Симон Кьер өз қақпасына гол соғып алып, таразы басы қайта теңесті. Бұл – биылғы чемпионаттағы 11-ші автогол болды. Бұған дейін Войцех Щенсны (Польша), Матс Хуммельс (Германия), Мерих Демирал (Түркия), Лукаш Градецки (Финляндия), Рубен Диаш және Рафаэл Геррейру (екеуі де – Португалия), Юрай Куцка және Мартин Дубравка (екеуі де – Словакия), Педри (Испания) және Денис Закария (Швейцария) өз қақпаларына гол соғып алған болатын. Осы жерде еске сала кететін бір жайт, бұған дейінгі барлық чемпионатта бар-жоғы 9 автогол тіркелген еді.
Кездесудің екінші бөлігі Англия футболшыларының басымдығымен өткенімен, Дания құрамасы қарсыластарына гол соғуға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп екінші тайм да тең есеппен аяқталып, кездесу экстратаймдарға ұласты.
Экстра-таймның 104-минутында Дания футболшылары өз айып алаңында Рахим Стерлингке қарсы ойын тәртібін бұзып, бас төреші Данни Маккели 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді Англия құрамасының капитаны және сұрмергені Харри Кейн орындады. Негізі Дания қақпашысы Шмейхель Кейннің соққысын алғашында қайтарған болатын, алайда қақпашыдан қайтқан допқа бірінші жеткен Харри екінші мүмкіндігінде мүлт кетпеді.
Маккелидің Дания қақпасына белгілеген пенальтиі футбол сарапшылары мен жанкүйерлері арасында дау туғызуда. Олардың айтуынша, Нидерланд төрешісі әділетсіз шешім қабылдаған. Негізі бұл жерде басты сұрақ алаңдағы төрешіге емес, ВАР жүйесінде отырған бас төрешінің видеоассистенті Полу ван Букелуге қойылуы керек. Өйткені бейнеқайталауды жан-жақты ракурстан көрген Букелу Маккелиге ойын тәртібі бұзылғанын айтып, пенальти белгілеуін сұраған. Егер видеоассистент бұл жағдайға күмәнмен қарағанда, бар шешімді бас төрешіге қалдыру керек еді.
Қалай болғанда да, Англия құрамасы Еуропа чемпионатының финалына жолдама алды. Енді 11 шілде күні «Уэмблиде» Италия мен Англия биылғы құрлық біріншілігінің бас жүлдесін сарапқа салады.