«Ат үсті – әулие». Елорда маңындағы Бозоқ қалашығында атқа қонған жігіттер күн жүріп, түн жүріп Жидебайға – Абайдың туған жеріне жетті. Мың шақырымдық салт аттылар экспедициясын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризмі федерациясы ұйымдастырып отыр.
Әуелі салт аттылар экспедициясы қасиетті Шыңғыстауға былтыр жол тартпақшы болған. Оған әлемді жайлаған індет кедергі болып, ат тұяғы басып өтетін Бұйратау, Баянауыл, Қарқаралы секілді табиғи парктер жабылып қалған. Сөйтіп, жоспар кейінге қалады. Кейін деп жүріп, орайы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына келген екен.
Мың шақырымды жүріп өту туралы ойды экспедиция жетекшісі Берік Ақылбеков тастаған. Рухтандыратын ұсынысты тақымды жігіттер қолдай кеткен. Бірақ мың шақырымдық жолға ұзақ дайындалды. Нұр-Сұлтан – Баянауыл, Нұр-Сұлтан – Қорғалжын бағыттарында сапарлап жүрді.
– Ат үстінде жиырма күн жүру оңай емес. Бірақ ой-санаң, денең ат үстіне көндігеді. Алғашқы күндері қиналдық. Әсіресе, Әлкей Марғұлан ауылы мен Мәшһүр Жүсіп арасындағы жол ауыр болды. Күн ыстық. Аттарды суаратын су таппадық. Өзіміз торсыққа құйған сумен таңдай жібітіп отырдық, – дейді экспедиция мүшесі Ержан Жаубай.
Алайда ат байлаған ауылдарында қонақжай қауым түскі, кешкі астарын әзірлеп, күтіп алып отырған. Семейге қарасты Доғалаң ауылына жеткенде жігіттердің шаршағаны басылып, керісінше атқа төселе бастаған. Төселмегенде дейміз, бабаларымыз атпен жорыққа шығып, ат үстінде ұйықтап жүрді емес пе?! Аттан десе, бүгінгі ұрпақ та осал емес. Асауды ауыздықтап, абыройды асқақтатып жүргендер жетеді. Сөйтіп, салт атты экспедиция Шыңғыс тауын аралап, Абайға жеткенде аудан халқы құшақ жая қарсы алған.
Экспедиция мүшелерінің ендігі жоспары – Алтай мен Каспий арасын атпен жүріп өту. Бұл үшін ат ерттейтін жігіттерге үлкен әзірлік керек. Тұлпарлардың да төзімдісі таңдалады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы