Біздің көбіміз – өмір бойы ең ғажап, ең ұлы армандарымызды күнделікті күйбең тіршіліктің шаңына көміп, тұншықтырып, ақыр соңында сол босқа өтер бекершіліктің қолына беріп өлтірушілерміз. Ең қорқыныштысы – сол әурешілік бара-бара адамзаттың негізгі өмір мәніне айналып бара жатқан. Біз тіпті өзіміздің өмірге келгендегі ұлы мұраттарымызды біржола ұмытып, сол бекерге өтер бос ғұмырдың тұтастай құрбанына айналамыз. Әрине, әр адам – индивид. Біреудің өмірін құр бекершілік деп құрдымға ысыра салудан, жалпы жер бетіндегі барлық адам бес күн жалғанды бекер сүріп жатыр деуден аулақпыз. Өзінің саналы ғұмырын ғибратты кешіп өткен ғұламалар, данышпандар көп. Дегенмен біз айтып отырған күйреуік күйдің тұзағына тұтқындалғандар үлесі бәрібір көп.
Кейде тіпті адам қарапайым өзінің сұлулығының да тұтқынына айналып, жалғанды ақыр соңында жалғыз өзі тәмамдайтын кездер болады. Асқан сұлу, керемет көрікті мына бір перизаттың айна алдында жалғыз отыруы бізді осы ойларға жетелеп кетті...
1892 жылы небәрі 18 жастағы қылқалам шебері Чарльз Алан Гилберт осынау ең әйгілі оптикалық иллюзияны жарыққа шығарады. «Бәрі – бекершілік» деп атаған картина өз көрермендерін әлі күнге дейін таңғалдырудан талмай келеді. Тіпті осынау оптикалық иллюзиямен бедерленген бейне әлі күнге дейін көптеген суретші мен фотографты өзіне еліктіріп, жаңа сүрлеу салып келеді.
Біз кейде еріксіз шындықта жоқ нәрсені көреміз. Суретші Гилберттің бұл картинасына қарап тұрған адам ең әуелі қуарған бассүйекті көреді. Ал шын мәнінде ол – жай ғана айна алдында өзінің өмір жолына айнадағы ару арқылы үңілген сұлу перизат бейнесі.
Бұл жерде де айтарымыз, әлбетте кей адам бірден кербез келіншектің кескінін аңғаруы мүмкін. Әлемде қанша адам болса сонша махаббат, сонша жалғыздық, сонша көзқарас бары белгілі. Дегенмен қылқалам қиялының, құндылық құпиясының, сурет сиқырының күші бізді осынау картина алдында үлкен сұрақтарға жауап іздетеді.
Шынымен, бұл суретте бес күн жалғанның бекершілігін бейнелеген бас сүйек пе, жоқ өмірдің қызылды-жасылды сұлу сәттеріне алданып, өз сұлулығының құрдымына жұтылып, ұзақты күнге айна алдында отырған кербез келіншек пе?