Эфиопияның Тиграйдағы қақтығыстары аймақтағы аштыққа алып келді. БҰҰ өкілдері қазіргі уақытта 400 мыңнан астам адам зардап шеккенін хабарлады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері дағдарысқа арналған алғашқы ашық отырысында аймақта 33 мыңға жуық бала дұрыс тамақтанбайтынын ескертті. Шенеуніктер сегіз айлық қақтығыстың салдарынан тағы 1,8 миллион адам аштық алдында тұрғанын айтты. Сондай-ақ олар атысты тоқтату туралы хабарланғанына қарамастан, қақтығыстар одан әрі жалғасуы мүмкін екенін айтып отыр.
Тиграйдағы аймақтық күштермен соғысып жатқан Эфиопия Үкіметі дүйсенбіде атысты тоқтататынын жариялаған. Алайда көтерілісшілер өз жауын аймақтан шығаруға ант берді. Қақтығыстың барлық тарабына халықаралық қысым күшейген сайын орын алған кездейсоқ қақтығыстар туралы хабарламалар тарап жатыр.
Тиграй ұлттық азаттық майданы (NFOP) мен үкімет әскерлері арасындағы соғыс нәтижесінде мыңдаған адам қаза тауып, екі миллионнан астам адам басқа жаққа көшірілді. Жанжалға қатысушы тараптардың барлығы жаппай кісі өлтіру мен адам құқықтарын бұзғаны үшін айыпталуда.
Сондай-ақ елде жақында өткен сайлаудың нәтижесі шықты. Сайлау кеңесі Эфиопияның премьер-министрі Аби Ахмед елдегі кейінге қалдырылған сайлауда басым көпшілікпен жеңіске жеткенін мәлімдеді.
Жұма күні БҰҰ гуманитарлық көмегі жетекшісінің міндетін атқарушы Нью-Йорктегі отырыста Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне соңғы апталарда Тыграйдағы жағдай күрт нашарлағанын жеткізді. Рамеш Раджасингамның айтуынша, аймақ соңғы онжылдықтарда көрген ең ірі аштықты бастан өткеріп отыр. Өз сөзінде ол 5,2 миллионға жуық адам әлі де гуманитарлық көмекке мұқтаж, олардың басым көпшілігі – әйелдер мен балалар екенін атап өтті.
Эфиопия Үкіметі осы аптаның басында Тиграй көтерілісшілері солтүстік аймақтың көп бөлігін бақылауға алғаннан кейін көмекті қабылдауға тыйым салды деген пікірді жоққа шығарып отыр.
Қақтығыстың себебіне келер болсақ, Эфиопия автономды, бірақ орталыққа бағынатын 10 аймақтық мемлекетке бөлінген. 2018 жылы үкіметке қарсы наразылықтардан кейін Аби Ахмед премьер-министр лауазымын иеленіп, реформалар жүргізе бастаған. Эфиопияның солтүстік штаты Тиграйдың ықпалды саясаткерлері Аби Ахмедті федералдық билікті ұлғайту әрекеті үшін айыптап, қарым-қатынас нашарлай түскен.
Үкімет Тиграй көтерілісшілерін әскери базаларға шабуыл жасады деп айыптағаннан кейін, Эфиопия әскері қарашада аймақта жағдайды тұрақтандыруға тырысқан. Аби Ахмед қараша айының соңында қақтығыстың аяқталғанын жариялады, алайда ұрыс 21 маусымда ұлттық сайлау қарсаңында жалғасып, күшейе түсті.