Осыдан бір ай бұрын Римде басталған футболдан Еуропа чемпионаты Лондонда Италия құрамасының жеңісімен аяқталды. Атақты «Уэмбли» стадионында ұйымдастырылған қарт құрлықтың финалында Италия мен Англия құрамалары кездесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Италия футболшыларының бағы жанды.
Сөйтіп «Скуадра Адзурра» араға 52 жыл салып Еуропа чемпионы деген атаққа қайта қол жеткізді. Италиялықтар бұған дейін ең алғаш және кешегі күнге дейін соңғы рет Кәрі құрлықтың 1968 жылы өз елінде өткен біріншілігінде атой салған болатын. Ал Англия құрамасы биыл өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының финалына шығып, алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізуге сынық сүйем қалғанда сүрінді.
Италия топтық кезеңдегі үш ойыннан толық 9 ұпай жиып, плей-офф кезеңіне сенімді шыққан болатын. Одан әрі қарай да Роберто Манчини шәкірттері жанкүйерлер сеніміне селкеу түсірген жоқ. Әр кездесу сайын бабы келіскен, бағы шапқан құрамаға айналғанын дәлелдеумен болды. 1/8 финалда Бэйл бастаған Уэльс жігіттерін 2:1 есебімен жеңсе, ширек финалда көпшілік үміт күткен Бельгияны ұтты – 2:1. Жартылай финалда Испания құрамасымен итжығыс түсті. Алайда пенальти сериясында Луис Энрике шәкірттеріне қарағанда допты түзу тебетіндерін байқатты. Сөйтіп финалға шыққан еді.
Англия да өз тобында бірінші орын алды. Жиғаны – 7 ұпай. Ағылшындарды топтық кезеңде апырып-жапырып өнер көрсетпей-ақ, тіпті топырлатып гол да соқпай-ақ финалға шығуға болатынын дәлелдей алған бірегей ұжым десе де болғандай. Олар Хорватияны 1:0 есебімен жеңсе, Шотландиямен тең түсті (0:0), топтағы соңғы матчта Чехия құрамасын тағы да 1:0 есебімен жеңді. 1/8 финалда неміс футболшылары мәлім де беймәлім ағылшындарға қарсы айла жасай алмады. Бұл ойын 2:0 есебімен Саутгейт командасының жеңісімен аяқталып еді. Ал ширек финалда Украинаны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Одан соң жартылай финалда Дания құрамасымен жолықты. 1992 жылғы ерлікті қайталауға барын салған дат жігіттері ағылшын футболшыларының осал тұсын таба алған жоқ. Есеп 2:1, Англия құрамасының пайдасында. Экстра-таймда пенальтиді сәтті орындаған капитан Харри Кейн өз құрамасын финалға алып шықты.
Финал алдында футбол мамандары екі құраманың ойындарын сараптай келе, жанкүйерлер «Уэмблиде» 1-2 голдан артық голдың куәсі болмайтынын, негізгі уақытта құрамалар итжығыс түсетін болса, пенальти сериясында италиялықтардың басым түсетінін болжаған еді. Сарапшылардың айтқаны айдай келді. Кездесудің есебін ағылшындар ашқанымен, жеңісті матч соңына дейін уысында ұстай алмады. Ойынның небәрі 2-минутында Люк Шоу тамаша гол соғып, финалдағы голдар шоуын бастап бергендей болған еді. Бірақ бәрі жанкүйерлер күткендей болмай шықты.
«Манчестер Юнайтед» қорғаушысының соққан голы ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы екенін де айта кету керек. Сондай-ақ Шоу жалпы Еуропа чемпионаты финалдарының тарихындағы ең жылдам соғылған голдың авторы атанды. Ол матч бастала салысымен 1 минут 57 секундтан соң есеп ашты. Бұған дейінгі рекорд испаниялық футболшы – Хесус Передаға тиесілі еді. 1964 жылғы додада ол 5 минут 17 секундта мергендік танытқан.
Бірінші тайм Англияның жоспары бойынша өтіп, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Екінші таймда ойында өзгеріс жасамаса, қос құлақты кубоктың Англияда қалып қоятынын аңғарған италиялықтар 67-минутта таразы басын теңестіріп, ойынды одан әрі шиеленістіріп жіберді. Гол авторы – Леонардо Бонуччи. 90 минутқа дейін екі құрамада да таразы басын өздеріне аударатын тамаша мүмкіндіктері болған, бірақ шабуылшылар мүмкіндіктерін лайықты деңгейде пайдалана алмады. Сөйтіп командалар негізгі уақыт былай тұрсын, қосымша уақытта да жеңімпазды анықтай алмай, пенальти сериясына жүгінді. Лотереяда Роберто Манчини шәкірттері 3:2 есебімен жеңіп кетті. Соңғы сәтте Пикфорд Италия ойыншысы Джорджиньоның соққысын қайтарып, үміт отын оятқан. Алайда соңғы болып допқа жақындаған ағылшын құрамасының жас ойыншысы Сака соққысының траекториясын Доннарума дәл тауып, Италияға кезекті чемпиондық атақты сыйлады.
Ағылшындардың бұл чемпионатта финалға дейін жетуіне де, финалда жеңілуіне де бір-ақ адам себепші. Ол – бас бапкер Гарет Саутгейт. Жасыратыны жоқ, Англия құрамасы чемпионаттың бірінші ойынынан бастап, соңына дейін дүние жүзі жанкүйерлерінің әбден ішін пыстырып, зеріктіріп жіберді. Былайша айтқанда, ағылшындар биылғы Еурода антифутбол көрсетті. Бас бапкер Саутгейтке біріншілікте ең бастысы ойын емес, нәтиже керек болды. Сондықтан ол осындай жолды таңдады. Бас бапкердің антифутболы топтық кезең мен финалға дейінгі ойындарда өз жемісін берген шығар, бірақ финалда іске аспады. Бұл оның бірінші қателігі еді.
Саутгейт финалдың соңында өзінің екінші қателігіне жол беріп қойды. Ол – пенальти сериясында тәжірибеге емес, жастарға сенім артты. Соңғы үш мүмкіндікті голға айналдыра алмаған Джейдон Санчо, Маркус Рэшфорд және Букайо Сака Англияның негізгі құрам ойыншылары емес еді. Тіпті алғашқы екеуі – құрамасының финалға дейін жетуіне үлес қоспаған футболшылар. Чемпионат бойы жарытып ойнамаған ойыншыларға Гарет маңызды әрі жауапты сәтте сенім артты. Бір қызығы, үш футболшы да өз командаларында 11 метрлік айып добын орындайтын мергендер қатарында емес. Соңғы рет қашан пенальти тепкендерін үш футболшының өздері де жыға естеріне түсіре алмайтын шығар.
Осылайша, Италияның жеңісімен басталған Еуропа чемпионаты Италияның чемпиондығымен аяқталды. Келесі қарт құрлық біріншілігі 2024 жылы Германияда ұйымдастырылады.