• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Шілде, 2021

Әлемдік қаржы нарығы: Үміт пен күдік

880 рет
көрсетілді

Сарапшылар әлемдік қаржы нарығының динамикасы екіұшты пайымның құрсауында тұрғанына алаңдаулы. Нақтылап айтқанда, дамыған және дамушы елдерде проинфляциялық қысымның өсуі байқалады. Мәселен, АҚШ-та инфляция 13 жыл ішінде ең жоғары деңгейге – 5,0%-ға дейін, Еуропада 2,3%-ға дейін, Ресейде 6,5%-ға дейін өсті. Бұл дүниежүзілік нарыққа және валюталардың тұрақтылығына да әсер еткен.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова апта басында журналистермен кез­дескен кезде әлемдік қаржы на­рығының динамикасына әсер еткен оқиғалар туралы айтып берді.

«Инфляциялық күтулердің күшеюі риториканың күшеюіне, әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатының тіке­лей қатаңдауына алып келді. Мау­сымда бірқатар орталық банк өзде­рінің базалық мөл­шер­лемелерін арттырды: Бра­зилия орталық банкі 4,25%-ға, Мексика орталық банкі 4,25%-ға, РФ ор­талық банкі 5,5%-ға дейін мөлшер­ле­ме­сін ұл­ғайт­ты», дейді Әлия Мол­да­бекова.

Базалық мөлшерлемелердің көте­рілуіне басты себеп – маусым айында АҚШ-тың Феде­ралды резерв жүйесі аме­­ри­калық валютаға қатысты ба­залық мөл­шерлемені 1%-дан 1,25%-ға дейін көтеруі бол­ғаны анық.

Ұйым осы жыл ішінде мөл­шерді осымен екінші рет көте­ріп отыр. Сарапшылар ФРЖ Басқарушылар кеңесінің мү­шелері 2023 жылдың соңына дейін мөлшерлемені тағы екі рет кө­теруі мүмкін екенін алға тартады.

Жалпы, АҚШ ФРЖ рито­рикасының өзгеруі АҚШ дол­ла­рының нығаюына әсер етті. Дамыған елдердің валюта қор­жынына қарағанда АҚШ долла­рының DXY индексі 2,9%-ға өсті. Өз кезегінде бұл дамушы на­рықтардың тартымдылығының төмендеуіне әсер етті. Осылайша, әлемдік валюта біраз әлсіреді. Ал теңгенің жағдайы қандай?

Осыған дейін теңгенің дина­микасына әсер етуі мүмкін не­гізгі факторлар туралы сарапшы­лар әртүрлі болжам айтып келген болатын. Мысалы, сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, қымбат мұнай теңгеге күш береді деген миф күйреген, мұны жыл басынан бері мұнай бағасы қымбат болған кезде де теңгенің оған селт ете қоймағанынан аңғаруға болады. Сарапшы мұның себебі мұнай секторындағы компаниялардың басым көпшілігі шетелдіктердің иелігінде болғандығымен тү­сіндіреді. Сарапшы нақтылап өт­кендей, теңгенің негізгі ті­регі, Ұлттық қордың доноры рөлін атқарып келген бас­ты фактор мұнайдан түсіп жат­қан салық көздерінің түсімі ғана. «Мұнай компаниялары қазақ­стандық инвесторлардың қолына өткенде ғана біз мұнай мен теңге арасындағы тылсым күштің ара-жігін ажырата аламыз. Біз Қа­зақстаннан тәулігіне, айына және жылына қанша мұнай кетіп жатқанын бізге берген есептерден ғана білеміз», дейді Е.Ибрагим.

Ал Ұлттық банк өкілдері тә­уелсіз сарапшылардың мұн­дай пікірімен келіспейді. Бі­здің валютамызға әсер ететін факторлар айқын. Ұлттық банктің ұзақ немесе қысқамерзімді валюта бағамына байланысты саясаты осы факторларға қарап айқын­далады екен.

Ұлттық банк өкілі саралап өткендей, теңгеге әсер ететін фак­тор бір емес, үшеу екен. Бұл маусым айында тағы да бай­қалды. Нақтыласақ, мұнай ба­ғасы – негізгі экспорттық тауар және ішкі валюта нарығындағы ұсы­нысты анықтайтын фактор, бірақ мұнай нарығы құбылмалы. ҰБ өкілі шілденің басында ОПЕК+ өндіруді шектеу туралы мәміленің кейінгі тағдыры туралы келіссөздерінің үшінші раунды жойылғаннан кейін мұнай бағасының өсуі жеделдегенін айтады. Соның нәтижесінде Brent маркалы мұнайдың құны 2018 жылғы 30 қазаннан бастап алғаш рет бір баррелі үшін 77 доллардан асты. Алдыңғы екі кездесу БАӘ-нің мәмілені 2022 жылдың соңына дейін ұзарту талаптары туралы қағидаттық ұстанымына байланысты нәти­жесіз аяқталған. «АҚШ-та мұнай қорының төмендеуі және Сауд Арабиясы тарапынан сатылым бағасын орта есеппен бір баррелі үшін 80 центке өсіру аясында ағымдағы баға бір баррелі үшін 75 доллар деңгейінде тұр. Жалпы, мұнай нарығы бойынша үлкен белгісіздік байқалады, ОПЕК+ қатысушыларының келі­сімге қол жеткізбеуі де жағдайды күрделендіре түскен. Бұдан бас­қа, Дельта штамы вирусының ас­қы­нуы да қаржы нарығына әсер етіп отыр», дейді Ұлттық банк өкілі.

Көптеген сарапшының пі­кірін­ше, ОПЕК+ мүшелері ке­­ліс­сөздерді жалғастырады және бір ымыраға келеді. Бұл даму­шы елдердің валюталарына әсер етеді.

Дегенмен де оптимистік көз­қарас та жоқ емес. ЕО мен АҚШ-тың вакциналар экспорты алдағы айларда өседі, бұл дамушы на­рық­тың тұрақтылығын сақтау үшін маңызды факторға айналуы мүм­кін. Өйткені вакциналардың жет­кізілуі дамушы елдердің вирустан қорғанысын арттырып, бұл өз кезегінде іскерлік және инвес­тициялық тартымдылықты арт­тырады. Бұл біздің елге де қа­тысты. «Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексінде өсім бар. Биылғы маусым айында индекс өнеркәсіпте 49,6-дан 50,4-ке дейін, қызмет көрсету сек­торында 52,3-тен 52,7-ге дейін және құрылыста 47,5-тен 47,6-ға дейін өсті. Тұ­тас­тай алғанда, әлемдік қаржы нары­ғында перспективалардың тұрақ­сыздығы мен екіұштылығы сақ­талып отыр­ғанына қарамастан, әлемдік қаржы ұйымдарының жаңартылған бол­жамдары оптимизмге толы. Дү­ниежүзілік банк пен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің жаңартылған болжамдары бойын­ша әлемдік экономикалық өсім – 4,1%-дан 5,6%-ға дейін, ЕҚДБ өзі қа­ты­са­тын өңірлерде – 3,6%-дан 4,2%-ға дейін өседі», деп сөзін түйіндеді Ұлттық банк өкілі.

 

АЛМАТЫ