Осы жылдың сәуір айында Жамбыл облысында «Жомарт түлек» жобасы бастау алған еді. Аталған жоба аясында қолы ашық азаматтар туған жеріне тарту жасап, түрлі деңгейде жұмыс атқаруда. Мәселен, бірі аз қамтылған отбасыларға баспана салып берсе, енді бірі өз есептерінен түрлі әлеуметтік нысандар тұрғызуда. Бүгінге дейін түлектер жалпы көлемі 156 млн 80 мың теңгеге демеушілік көрсеткен. Бұл жұмыстар өңірдің аудан, ауылдарында әлі де жалғасуда.
«Қолы ашықтың – жолы ашық» дейді. Қазіргі кезде қарапайым халықтың қажетіне жарайтын нысандар салып беріп, елдің алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Жуырда кәсіпкер Андрей Тимофеев Жамбыл ауданының Гродеково ауылында заман талабына сай Street Workout алаңшасын ашты. Жамбылдық балаларға қуаныш сыйлаған Андрей Тимофеев «Туған жерге тағзым» және «Жомарт түлек» жобасы аясында аталған нысанды салып, пайдалануға беріп отыр. Сонымен қатар бұл спорттық нысан Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде салынған. Сондай-ақ спорт нысанын салудағы негізгі мақсат – жастардың спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау.
Бұл ойын алаңы 20-дан аса түрлі снарядтан құралған. Түрлі жаттығуларды жасауға арналған құралдарды ауыл тұрғындары тегін пайдалана алады. Бұл бастамаға ауыл тұрғындары да дән риза. «Ауылымызға Street Workout алаңшасы салынғанына ризамыз. Балаларға уақыттарын тиімді өткізу үшін жасалған жақсы мүмкіндік. Бәрімізге қуаныш сыйлаған демеушіге алғысымызды айтамыз», дейді ауылдықтар.
Ал нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев ауыл халқын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Негізінен АҚШ-та пайда болған Street Workout спорттық бағыты бүгінде еліміздің барлық өңірінде қарқынды түрде дамып келеді. Бұл спорт түрімен қазіргі кезде Гродеково ауылдық округінде 100-ге жуық жас айналысады. Алдағы уақытта да аталған спорт нысанында талай жас кәсіби шеберлігін шыңдап, талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Жамбыл облысы