Қара темірді қайыстай илейтін Сергей Цырульников Өскеменге келді. Кигені саптама етік, түлкі тымақ... Мақсаты, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай Batyrs’ Battle көпсайысын өткізіп, әр өңірден білекті жігіттерді анықтау еді.
– Batyrs Battle еліміздің төрт қаласында – Өскеменде, Ақтөбеде, Түркістанда және Нұр-Сұлтанда өтеді. Күні кеше шығыстың бас шаһарында жарыс алауы жағылды. Сәтін салса, Қажымұқан, Балуан Шолақ айналысқан жаттығуды халық арасында насихаттағымыз келеді. Бабаларымыздың білек күштерін бүгінгі ұрпақ сезінсе екен, – деп өз ойымен бөлісті Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников.
Елімізде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған ерекше жобаға қатысамыз деп келген жігіттер де тепсе темір үзердей екен. Олардың ішінде Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де болды. Дей тұрғанмен, Қажымұқан айналысқан спорт олар үшін оңайға соқпады. Әртүрлі салмақтағы қаптарды, зілдей тасты көтерді. Жуан темірді майыстырып көрді. Білектегі бұлшық еттері ойнап тұрғанымен, қап көтере алмай сан соғып қалғандарды да көрдік. Сұңғақ бой, кең иық болғанымен, белдесуде әлсіздік танытқандар да жүрді. Ал мықтылығымен көзге түскен атлеттер көпшіліктің қошеметіне бөленіп жатты.
Әр бөлімнің арасында Қажымұқанның балуандығын насихаттап жүрген Сергей Цырульников темірден гүл жасап, тақтайға шеге қағып, өз өнерін ортаға салды. Балуан бабамыз туралы деректі фильм де көрсетті. Сергейдей ұлдың батыр бабамызды насихаттап жүргеніне көпшілік көрермен шын ризашылығын білдірді.
Сонымен Batyrs Battle сайысында күш сынасқан Максим Осипов, Александр Никитин, Роман Каунов, Евгений Епифанов, Андрей Лютовский сынды балуандардың ішінен басым түскен грек-рим күресінен спорт шебері Салауат Ахметқали болды. Салауат ауыр қапты да көтерді, темірді де иді. Бөренені тіпті бұйым құрлы көрген жоқ. Ұйымдастырушы Сергей Цырульниковтің айтуынша, Batyrs Battle сайысының нүктесі тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында қойылады.
Шығыс Қазақстан облысы