• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2021

Ғалым абыройы

468 рет
көрсетілді

Ғалымның абыройы – туған елінің және тер төккен саласының абыройы. Шүкір, Қазақстанда ондай ғалымдар аз емес. Солар­дың бірі – Зұлхайыр Мансұров.

Ол – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Химиялық физика­ және материалтану кафе­дра­сы­­ның профессоры, химия ғы­лым­дарының докторы, Жану мәселелері институты бас дирек­торының кеңесшісі. Зұлхайыр Аймұхаметұлы – нанокөмір­тек­ті материалдар, көміртекті нано­­тү­тік­­шелер мен графен өндірісін дамыту саласының Қазақстан ғылы­мындағы көшбасшысы. Ға­лымның негізгі ғылыми ныса­насы – көмір­тегі жануының кинетикасы мен ме­ханизмдерін зерттеу, көмірсутек жалыны мен күйенің құрылымы және на­но­көмірсутекті материалдардың функцияларын зерттеу. Оның ғы­­лыми нәтижелері нанотехно­ло­гия­ны дамы­туға зор үлес қо­сып отыр. Біз Зұлхайыр Аймұ­ха­метұлы еңбегінің әлемдік дең­­­гейде бағаланғанын жақ­сы білеміз. Ол жетекші ға­лым­дар­ға ар­налған ЮНЕСКО-ның «На­но­­ғылым мен на­но­­­техноло­гия­лар­ды дамытуға қос­қан үлесі үшін» медалімен мара­пат­талған. Ға­­лымның 1 мыңнан аса ғы­лы­ми­ мақа­ласы мен тезисі, 39 мо­­­но­­гра­фия мен оқулығы, 50-ден астам ав­тор­лық куәлігі мен па­тен­ті сала дең­гейін одан сайын көтер­ді. Ұлы­бри­тания, Германия, Ита­­лия, Поль­ша, Түркия, Қы­тай, Бель­гия, АҚШ, Тайвань, Фран­ция, Жапония елде­рінің уни­вер­си­теттері мен ғылыми орта­лық­тарында жасаған ғылыми баян­­да­малары мен дәрістері жо­ға­­ры ба­ға­ланғанын да айта кеткен орынды.

Мемлекеттік сыйлықтың және Қаныш Сәтбаев сыйлығы­ның­ иегері Зұлхайыр Мансұров­тың ғылыми жұ­мыс­тары мен ең­бегін осы саланы түбе­гейлі зерт­­теген Фарадей, Дэви, Ми­хель­­­сондар деңгейінде қарауға болады.

Әрине бәрі де қарашаңы­рақ Зұл­хайыр оқыған С.М.Киров атын­­дағы ҚазМУ-дың химия фа­культетінен басталды. Оның бо­йындағы білім­ге деген туа бітті құш­тарлығы табан­ды­лығы­мен ұла­сып, студенттік жыл­дарының өзін­­де-ақ ғылыми-зерттеулерге құ­лаш сермеді.

Ақыры биік асуларды ба­ғын­­­дырып, ғылым кандидаты мен­ док­торы, профессор, ака­де­­мик, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ­ Жану мәселелері инс­ти­ту­тының директоры және да­мытушылардың бірегейі болды. Сол кезеңдерде академик Георгий Ксандопуло бастамасымен және әріптестерімен бірігіп «жану» проблемасына айрықша ден қойып, кейін ғылыми ұжым «Жану процестерінің химиялық негіздерін іргелі зерттеу» жұмыс­тар циклі үшін Қазақстан Респуб­ли­касының Мем­лекеттік сый­лығын алды.

ҚазҰУ жанындағы Жану проб­­лемалары институтының не­гізгі ба­ғыты – қиын жанатын және отқа жанбайтын материалдар жасауға, лазерлі және ми­кроэлектронды әр­түрлі аспаптар мен құралдарға жұм­салатын материалдарды алуға жұ­­мыл­ды­рылған. Ғалымдар түрлі газ­дар мен конденсациялан­ған зат­тардың атмосфералық жа­лын- ­да­ры­ның құрылымын, төмен­гі темпе­ратуралық күйенің түзі­луін және микроэлектроника мә­селелеріне қатысты кейбір по­лимерлік заттар­дың деструкция­сын кешенді зерттеп, Жер атмосферасында ұшатын аппараттар үшін ыстықтан қорғайтын материалдар туралы ғылыми ұсы­нымдар береді. Отқа төзімді жоғары температуралық синтез материалдар, ыстыққа шы­­дамды бұйымдар өндіру, жа­ну про­цестерін баяулату, та­би­ғи газдар және мұнай кө­мір­­су­тек­терін олефин­ге дейін өң­­деу, фильтрациялық жа­ну сияқ­ты мәсе­лелерді зерттейді. Зұл­­хайыр Аймұ­­ха­метұлының ғы­лыми-зерт­теу­­лерінің нәтижесі сана­латын отқа тө­­зімді материалдар Қа­зақстан, Ре­сей, Украина, Қыр­ғызстан және ба­с­қа ТМД ел­де­рінің алюминий, мұ­най өн­діру, цемент, ауыр металлургия кәсіп­орындарында, өнеркәсіп сала­ларын­да кеңінен пайдаланылады.

Өз басым Зұлхайыр Аймұха­мет­­­ұлы­ның көп моногра­фия­лары ішінде «Көмірсутектердің изо­термиялық емес суық пламе­на­ла­ры» (1991) және «Хи­миялық процестерді құрастыру мен бас­қа­рудың кейбір мәселелері» (1994) зерттеулерін іргелі еңбектер ре­тінде ерекше бағалаймын.

Бұлардың нәтижесі қазіргі да­мы­ған, дамушы елдерде де кең тараған экологиялық мәсе­ле­лерді шешуде маңызды орынға ие. Еліміздің батыс өңірінде мұнай өндіру және тасымалдау кезінде мазутпен ластанған топырақты тазартудың жолын көр­­сет­кенін де айта кеткен орын­ды. Яғни Зұлхайыр Ай­мұ­ха­мет­ұлы іс жүзінде табиғи ортаны жақ­сартуға көп еңбек сіңіріп келеді.

Кезінде ҚазМУ-дың аты аңыз­ға айналған ректоры Өмірбек Жол­дас­беков: «Зұлхайыр Ман­сұров сияқ­ты талапты жастарды шетелге оқу­ға жіберсек, өзі­мізді қамшылап, уни­вер­сите­ті­міз­ді Кембридждегідей өзгер­туі мүм­кін» деген екен. Әрине ол заман басқа, бірақ Зұлхайыр Аймұха­мет­ұлының серпіні, жі­гері өзінен кейінгі жастарға жақ­сы әсер берді.

Бүгінде ол НАТО, ТЕМПУС/ТАСИС аясындағы бірнеше ха­лық­аралық жобалар мен грант­тарды жеңіп алды, өзінің тамаша ғылыми мектебін қалып­тас­ты­рып отыр. Мысалы, Шан­хайда өт­кен VI халықаралық сим­по­зиум­да дүние жүзінен келген әріп­­­тестеріне көмірқышқыл газын жоюдың жаңадан ашылған жол­дарын көрсетуі – Қазақстан ғылымының абыройы еді.

Зұлхайыр Аймұхаметұлы ірге­лі де кешенді зерттеулері ар­қылы қор­ша­ған ортаны табиғи қал­пында сақтау, жерасты бай­лығын ретті игеру мәсе­ле­лерін көрсетіп отыр. Ол химия ғылы­мының дамуын эко­номикалық және экологиялық дамумен тең қарастырып келеді.

Зұлхайыр Мансұров – үл­кен ға­лым. Ол – мансап жолын қу­маған адам. Оның қарапайым­дылығы мен даналығы тең. На­ғыз туа біткен да­рын­ды ғалым. Ұлт­тың абыройлы аза­ма­тының ғұмыры ұзақ болсын деп тіледік.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі