Қытайдың Синьхуа агенттігі сенбі күнгі жағдай бойынша, ел астанасы Бейжіңде 18,5 миллионнан астам адамның коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы компонентін салдырғанын, ал қаланың 17,5 миллион тұрғыны екі компонентін алғанын мәлімдеді. Осылайша Бейжің тұрғындарының 90,04 пайызы вакциналанған. Қазіргі уақытта Бейжіңде коронавирусқа қарсы 250 вакциналау пункті бар.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, мамандар сырттан келушілерден сақтануды ұмытпауды ескертті. Вакцина індеттің таралу деңгейін төмендетіп, аурудың ауыр өтуінің алдын алып, өлім санын азайтуға сеп болады. Дегенмен, денсаулық сақтау саласының өкілдері вакцина адамды 100 пайыз қорғамайтынын алға тартып, қала тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрап отыр. Сондай-ақ тұрғындарға екпенің екінші компонентін көрсетілген уақытқа сәйкес алуға кеңес берілді. Жеке немесе басқа да себептермен екі екпе арасындағы уақыт ұзарып кетсе, вакцинаның тиімділігі төмендеуі де мүмкін екен.