• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 20 Шілде, 2021

Жаңа белеске жетелейтін жаңа әдіс

165 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз ақпараты бойынша екі жыл ішінде Қазақстанның жоғары оқу орындары 600-ден астам жаңа және 100-ге жуық инновациялық білім беру бағдар­ламаларын енгізді. Мұнда кадрларды даярлауда бұрын-соңды жүзеге асырылмаған бағдарламалар мен алғаш рет кірістіріліп отырған жобалар бар. Бұл ретте елімізде баламасы жоқ жобаларды да атап өткен жөн.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-де мұндай 32 бағдарлама қарастырылған. Барлығы Қазақ­стан экономикасын дамыту жолында еңбек ететін мамандарды даярлауға бағытталғаны анық. Соның бірі, бірегейі – медициналық инжиниринг. Айтар болсақ, «Медициналық инжиниринг» бағыты бойынша білім беру бағдарламасы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық уни­верситетінде 6В07105 «Аспап жасау» ма­ман­дығы шеңберінде бакалаврларды дая­р­лайды.

Оқу медициналық техникаларды өндірумен айналысатын әлемдік фирмалардың бағдар­ламалары не­гізінде жүргізіледі. Олардың методикалары білікті, білімді әрі сұранысқа ие мамандарды даярлауға арналған. Оқытудағы әдіс-тәсілдердің өзі ше­телдік профессорлармен тізе қоса отырып жасалды.  

Студенттерді даярлау кезін­де елі­мізде қолданылатын ме­ди­­циналық техникалардың құрылысын, қолдану ерек­ше­ліктерін, жұмыс істеу принцип­терін көрсете отырып оқытады. Атап айтқанда, Siemens, Roche Diagnostics GmbH, Tem Innovations GmbH, Arkray, Iris, BST меди­циналық техникаларды пайдаланады. Қолданыстағы жабдық­тар тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік береді.

Сөйтіп оқуды тәмамдаған түлек жұмыс тәжірибесіне, же­ке жетіс­тіктеріне қарай инженер, инженер-конс­труктор, ин­женер зертханашы, жөндеу жөніндегі инженер, өндірісті дайындау жөніндегі инженер, метролог сынды мамандықтарды алып шы­ғады. Бакалавр болып шыққан соң «Медициналық инжиниринг» бо­йынша ШҚТУ магис­тратурасында оқуын жал­­ғас­тыруға мүмкіндігі бар. Педа­гогикалық профильдің кәсіп­тік бағдарламасын игерген жағдайда док­то­рантураға түсуге болады. Мінеки, жаңа әдістің білім алам деуші­лер­ге мүм­кіндігі мол.