• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Шілде, 2021

Тассуаттың тас балтасы

419 рет
көрсетілді

Таяуда қияндағы Тассуат ауылының маңынан ежелгі заман жауынгері тұтынған айбалта табылды. Қазір осы жәдігерге байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Археологтердің айтуына қарағанда, ерліктің сорабы өрі­ліп жатқан иен даладан та­былған құнды жәдігер осыдан шамамен төрт мың жыл бұ­рын, яғни қола дәуіріндегі Андроновтар мәдениетіне тие­сілі екен. Мамандар бал­та мыс пен қалайының қосын­дысынан жасалған деген болжам айтып отыр. Таза салмағы 900 грамм ша­масында.

Бұл оқиға ат басындай алтын тауып алғанмен пара-пар дүние болды. Тассуаттың төскейіне ескі заманның еле­­сін індетіп зерт­теуге іңкәрлар ағылып келіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің архео­логиялық тобы да келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Көне жәдігерді ауыл тұр­ғыны Қуандық Жамбаев мал бағып жүргенде тауып алса керек.

–Туған жердің ойы мен қырын жақсы білемін ғой, – дей­ді Қуандық. – Мамыр айы­ның басында ойламаған жерден осындай олжаға кезік­тім. Қолыма ұстап көр­дім де, тақымыма қыса сал­ғанмын. Біздің үйдің боса­ғасында біраз уақыт жатты. Кейін көршіме көрсетпек болдым. Көршім Дамир Гафа­ров ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ береді ғой, әрі білім ошағындағы музейдің меңгерушісі.

Көршісі бір көргеннен-ақ құпиясы мол, құнды зат екенін ұққан. Олжа туралы жариялап, тиісті орындарға хабар бер­ген. Төрт мың жылдық та­рихы бар айбалта қазір об­лыстық өлкетану музейінің қо­рында. Зерттеу жұмыстары бас­­талып кетті. Айбалтаның айқабақ жүзінде көне дүниенің көлеңкесі бар екендігі сөзсіз. Уа­қыт шымылдығын серпе біл­ген маман талай сырды аша­тындығына күмән жоқ.

 

Ақмола облысы,

Жарқайың ауданы