• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Шілде, 2021

Тілеуберді Бинашев: Тапсырыс шығармашылықты таптап барады

625 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинашевпен сұхбат.

– Тілеуберді аға, мүсін өне­рі көзді ғана қуандырып қой­майды, оның адамдардың бо­йына тәрбие дәнін егетінін, қор­­шаған ортада қолайлы ахуал­ қа­лыптастыратынын, тіпті ке­ле­шекті де айқындай алатын күші бар екенін байқаймыз. Сон­д­а ескерткіштер, мүсіндер адамға қандай қасиетімен әсер етіп, қалай тәрбиелейді?

– Қалыптан тыс ойлайтын қия­лымен өз ортасынан дара­ланып тұратын мүсіншінің қо­лында хирургтің ота жасайтын скаль­пе­ліне ұқсас аса қуатты құрал бар. Мықты хирург болса, өмір мен өлімнің ортасында жатқан нау­қасқа күрделі ота жасап жанын сақтап қалады, егер біліксіз болса, қателессе, оны ажал қаптырады. Мүсіншінің жұмысы да осыған ұқсас. Мүсінші қолынан шыққан дүниесіне жан ғана сала алмайды – жан салатын Алла, туындының қалған мәңгілік өмірі мүсіншінің қолында. Қиялымдағы дүниені жүзеге асырсам, арқамнан жүк түсіп, жеңілдеп қаламын. Өкі­нішке қарай, мүсін өнерін екінің бірі түсіне бермейді, тіпті оған мән де бергісі келмейді.

Адам 95% ақпаратты көзімен алады. Бірақ оны өзі байқамайды. Ал қоршаған орта, төңірегіміз немен толтырылған? Мән береміз бе осыған? Біз қаншама Бөгенбай­дың ескерткішін қойдық, неше Нау­рызбайды атқа қондырдық, ба­тыр­­ларды әлі түгендеп бола ал­май жатырмыз. Бірақ батыр бол­сын, би-бағлан, ер болсын, жақ­сы­лап жасап, бір данасын ғана қойса, соның өзі жетіп жатыр еді. Ал қазір кезінде қол бас­­таған батырлардың бүгінгі ұр­пағы соққан ескерткіштерінің өзі тұтас бір армияға айналды. Батырдың ескерткішін соға берген сайын оның қадірі кемімесе, артпайды. Өкініштісі, мүсін өнері – пафос пен бизнеске айналды. Ал шығармашылықты ешкім қол­­дамайды. Осыдан келіп өнер ақ­­сайды. Мысалы, менің «Дала дауы­сы» деген композициям бар. Туын­дыма ұлы даланың символы балбалтастарды арқау еттім. IV ғасырдан бері келе жатқан мәңгілік ескерткіштерді жай ға­на мүсіндеп қоймай, олардың қо­лына сазсырнай, жетіген, дауыл­паз, сылдырмақ, шаңқобыз, дом­­быра секілді ұлттық музыка ас­пап­тарын ұстатып, бірге таң­­ба­ладым. Даланың символы – тасбақа. Тасбақа тек алға қа­рай жүреді, лас жерді баспайды, жаман жерге жоламайды, еш­кімге тиіспейді, қиянат жасамай­ды, көп жыл өмір сүреді, адал және шөптің тазасын ғана жейді. Сондықтан балбалдарды тасбақаның үстіне қондыр­дым. Бұл бейне көз тоқтатып қа­ра­ған адамның зердесіндегі көш­пенділік, далалық, даналық рух­ты оятпай қоймайды. Ал бұл инстинкт ұлттық тәрбиеде үлкен рөл ойнайды.

– Алматыда мүсін өнерінің туындылары, ескерткіштер аз ба, көп пе?

– Мүсін көп, бірақ ішіндегі құн­дысы аз. Жеке өзіме екі ес­керт­кіш, Мұхтар Әуезовтің тіке­лей араласып, ақыл-кеңесі ар­қылы дүниеге келген Хакімжан Нау­рызбаевтың Абай ескерткіші мен Әділет Жұмабайдың «Алтын адам» монументі ұнайды. Қиялы қиянды шарлайтын талантты мү­сінші Ә.Жұмабай монументтегі Алтын адамның тұрпатын тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтен алған. Одан бергі уақытта да сан түрлі мүсіндер қойылып жатыр, алайда солардың ішіндегі сәндісі де, мәндісі де әзірге осы екеуі ғана деп білемін. Көз тоқтатып қарау­ға тұрарлық мүсіндер жоқ емес, бі­рақ олар саусақпен санарлық. Ешкімнің тапсыруынсыз, жан қалауыңмен жасалған жұмыстың ғұмыры ұзақ, мәңгілік болады. Өкі­нішке қарай, мүсіншілер қазір тап­сырыстың құлы болып кетті. Ал тапсырыс шығармашылықты таптап барады. Қазір қай қалада болса да мемлекеттік тапсырыс­пен жасалатын мүсіндер қап­тап кетті. Мүсінші ұқсастық ізде­генімен, онда тапсырыс берушінің пікірі, айтқан кеңесі қаперге, ұсынысы есепке алынады. Ал бұл шығармашылықты өлтіреді. Біз тапсырыс пен шығармашылықтың аражігін ажыратудан қалып барамыз. Мысалы, кез келген саланың маманына «сен олай істеме, былай істе», ақын мен жазушыға «шығармаңды олай жазба, былай жаз» десе, қалай қабылдаған болар еді? Ал мүсіншіге тапсырыс беруші бұйырады. Өз көзқарасын таңады. Бұл жүйкеге де, ынтаңа да сөзсіз әсер етеді. Бойындағы бар қабілетін жарқырата көрсетіп, талантын игеруді ғана мақсат тұ­татын жастағы кейінгі буынның өзі шығармашылықты ысырып тас­тап, тапсырыс орындағысы келіп тұрады. Бәрінің арманы көбірек ақша табу, баю. Үй алғысы келеді, көлік мінгісі келеді. Бәрі дұрыс. Өйткені мүсінші де тіршілік үшін талпынған өзекті жан, күн­көріс үшін, бала-шағаның қа­мы үшін, амал жоқ, айтқанын орын­дауға мәжбүр. Бірақ өнер жан­кештілікті, құрбандықты қажет етеді. Тұрмыстың деңгейіне дейін төмендеп, күнкөріс соңында жү­ріп, осыны естен шығарсақ, сонда сорлаймыз ба деп қорқамын.

– Мүсін туындылары қандай мақсатта қойылуы керек?

– Мүсін әртүрлі мақсат арқа­лайды. Елдік мұратты көздеген мемлекеттік ауқымды идеядан бас­тап тұрмыстық тақырыпқа де­йінгі барлық дүние қамтылады. Бірақ оның өзегінде жылтыраған жақсы үміт, рухты оятатын күш, ұлттық тәрбие мақсаты жатуы керек. Қала кеңістігін тас тұғырдағы тұлғамен, басқа да туындылармен толықтыратын кезде жауапты шенділер «не үшін?» деген сұрақты өзіне бір мәрте қойып көрсе, артық емес. Мысалы, ме­нің «Жеті ата» деген компози­циям дайын тұр. «Жеті атасын біл­меген жетесіз» дейді қазақ. Жеті атаға дейін қыз алыспай, те­гін сақтаған ұлтымыз үшін өте ма­ңызды құндылық. Мұнда бүкіл қазақтың жеті атасын сипаттадым. Жасаған жұмысымда бәрі символикалық мәнге ие. Жеті атаның түпкі арғы атасы ретінде батырды бейнеледім. Ол бәлкім Ал­памыс, мүмкін Бөгенбай, Нау­рызбай болар, батыры көп ұлты­мыздың бір ерен ұлын шартты түр­де алдым. Екінші, музыка. Оған қолына қобыз ұстаған Қор­қытты алдым. Үшінші атаға би­ді бейнеледім. Қара қылды қақ жарып, әділ үкімін кесіп, дала сотының қызметін атқарған билер – ұлтымыздың басқару-құ­ры­лымдық жүйесіндегі маңызды инс­титут. Ақыл-ойдың кені Әл-Фа­­ра­би білім мен біліктің сим­волы ретінде төртінші атаны ке­йіп­теді. Қай халықтың тағ­ды­­­рында да дін мен иман қа­тар жү­реді, адамның жүрегіне рух­тың дәнін егіп, жер бетіндегі ұлы заңдылықты рет­теп тұрған Жа­ратушының ілі­мін жырлап өткен Ахмет Ясауиді бе­сінші ата болуға лайық көр­дім. «Жеті ата» композициясы ел­дің басын бірлікте ұстап, же­рін қас­терлеумен өткен ханмен тү­йін­деледі. Яғни күллі қазақ елінің тағ­дыры мен тарихы жолында ұлы мұрат арқалаған тұл­ғаларымызды тұтас қамтуға ты­рыстым.

«Жеті қазына» деген жобам да тамыры тереңде жат­қан ұлттық ұғымға орайлас жа­салған дүние. Мұның бәрін ұр­пақ білуі тиіс. Санада өшпеуі ке­рек. Ол үшін бәрі көз алдында сайрап тұруы керек. Осы­лар орнатылатын болса, бұл жас­­­тарға өнеге болатын еді. Шын шығармашылықпен шұ­ғыл­­­­данатын мүсінші қарабайыр идея­­дан аулақ болады. Өнер әле­мін­­де ұлттық рух сіңірілген идея же­­тіп артылады. Қыз Жібек, Баян сұлу секілді ару қыздар, бай баласы мен жарлы баласы Асан мен Үсен, «Қарлығаштың құй­­ры­ғы неге айыр?» анимация­сы, қай­сы­бірін санамалайын, ба­­ла­­ларға құр­ғақ ақыл айтудың ке­­регі жоқ, осы­лардың ішінен лайық­тысын ал да, көшеңе әкеліп қой, кім бо­лу керегін, қандай болу ке­ре­гін сол тас кейпімен өз-ақ айтып, үйретіп береді. Мәскеуге бар­­саң, Чебурашка мен Генаға де­йін ескеркіш қойып тастаған. Із­ден­се, жа­сауға ниет болса, ең бас­­ты­­сы, әкімшілік-басқару жүйесі тарапынан қолдау болса, ұлттық персонаждар өзімізде де жетеді.

– Мүсін туралы біздің көз­қа­расымыз қызық. Еуропаны тұтас араламаған адамның өзі ондағы анадан жаңа туғандай анатомиялық ескерткіштер ту­ралы жақсы біледі. Шетінен ше­девр. Таңырқап, таңдай қақ­паса, соларды ешкім тілде­мейді де, күндемейді. Қайбір жылы Нұр-Сұлтандағы «Хан Шатырдың» алдында жаң­быр астындағы серуеннен ке­йін үстіндегі киімі денесіне жа­бысқан қыз бен жігіттің ша­ғын ғана мүсіні пайда болып еді, бү­кіл қоғам өре түрегеліп, мү­сін­шісін ағаш атқа теріс мін­гізді. «Мүсінші не жасаса да, туын­дысының бет моншағы үзі­ліп тұрсын» деп кесіп-пішіп ше­шім шығарып берді. Көптің осы ойы­на не дейсіз, мұндай көзқа­распен мүсін өнеріне қиянат-обал жасап тұрған жоқ па?

– Әйелдің сұлулығы – де­не­сін­де. Жалаңаш дүниеге еш қар­сылығым жоқ. Жақсы түсінемін. Бірақ мұндай сұлулықпен байланысты дүниелер музейде, көр­кемурет галереяларында тұр­са, жарасымды. Біздегі діл бас­қа, дін басқа, үлкенді құрмет тұ­тып, дәстүрге бағынған елдер ашық-шашық дүниені қабылдай ал­май­ды. Қыздарымыз биязы, ке­лін­деріміз ибалы, ерлеріміз іл­ти­патты, қадым заманнан келе жат­қан осы қасиет қанша жерден қожырады дегенімізбен, түп-тамырымен жойылған жоқ. Бұл қасиет біздің моральдық кодек­сі­міз сияқты, ендеше мұндай қар­сылықтың туу себебін де түсі­нуіміз керек. Көше үлкеннің де, кі­шінің де, ердің де, әйелдің де жү­ретін жері, көпшілік жерге жы­ныстық тартымдылығы атой­лап тұрған жұмысты орна­тар кезде абайлаған дұрыс. Мүсінші онсыз да табиғатынан еркіндікті сү­йетін, шеңберден шығып ер­кін ойлайтын адам, ал енді оған ауыл­да тумаған, асфальт­та өс­кен, шетелде білім алған, шектен тыс еркіндігін сіңірген «қасиет» келіп қосылса, құдайдың одан ары атқаны дей беріңіз. Мұн­дай тәрбиемен қалыптасқан мү­сіншілер ұлттық характермен жа­сал­ған жұмысқа «мәмбетизм» деп қарайды. Әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүріңді сақтамақ түгілі, түсінгісі де келмейді.

– Алматының көрікті орын­дарына қойылған шетел мү­сін­шілерінің жұмысы өте көп. Жат танымнан туған, өзге то­пы­рақ­тан нәр алған жұмыстар өте қым­­­батқа бағаланып, өнердің озық үлгісі ретінде ұсынылып отыр. Жасаған мүсіні Диснейдің ани­­мациялық фильмдеріндегі ке­йіп­керлер секілді не адамға, не хайуанға ұқсамайтын, бірақ сол жұ­мысын бірегейлік деп таңа­тын мүсіншілер өзімізде де же­терлік. Мүсін емес, инсталя­ция деңгейіндегі дүниені біз неге мүсін деп қабылдауымыз керек?

– Пропорция мен анатомия­лық ауытқушылықты «сюрреа­лизм», «ойбай, жаңашылдық, біз жаңа бағыт әкелдік» деп даусы жер жарған мүсіншілердің жаса­ған жұмысын біздің ата-бабала­рымыз III-IV ғасырда балбал тас­тар бейнесінде өмірге әкеп қойған. Қазақ даласындағы кез келген балбалды көзіңізге елестетіп кө­ріңізші. Стильге бай, мүсіннің бұдан асқан заманауи үлгісін та­ба аласыз ба? Біздің тау мен тас­қ­а қашалған петроглифтеріміз, садақ тартқан, атпен шауып ба­ра жатқан, қошқар мүйіздер, әр­түрлі аңдардың кескіні зама­науи әлемдік мүсін өнерінде әлі күнге сұранысқа ие сәнді өнер болып саналады. Содан бері он бес ғасыр өтті, жаңашылдығын әлі жоғалтқан жоқ. Осы мүсінді қашаған аталарымызға ешкім тап­сырыс берген жоқ, кернеген жүректі жарып шыққан ұлы өнер мәңгілік ескерткіш болып қалды. Ал қазір ақ қағаздың бір бүйірінен екінші бұрышына қара қаламмен белінен бір тартады да, «сюрреализм» дейді. Жақсылап қарасаң, әлгі мағынасыз бір сызық біздің тасқа қашалған таңбаларымыз­дың өзгеріске ұшыраған көшірме­сі. Көпшілігіміз мүсін деп атап жүрген жобалар қолданбалы сән­дік-дизайн деңгейіндегі жұ­мыстар. Заттардың бетін әрлеу, сән­деу үшін қолданылатын сызба, суреттер мүсінге айналып кетті. Әртістің бәрі журналист болып кеткені сияқты суретшілердің де көпшілігі мүсіншіге айналып кетті. Өйткені олар мүсін өнеріне ақшаны күреп табатын табыс көзі деп қарайды. Әркім өз ісімен айналыспауының кесірін өнер солғын тартып отыр. Қадағалап, бақылау жасап отырған ешкім жоқ. Мысалы, мен Алматы қаласы бойынша ескерткіштер жөніндегі комиссия мүшесімін. Қай жерге қандай ескерткіш қойылуы керек, бәрі біздің сараптауымыздан өтеді. Белден басқан жүгенсіздік­ті көргенде кейде шырылдап кете­мін. Бірақ «жалғыздың үні шық­пайды», басқаларының даусы ба­сым болғаннан кейін көңілден шық­пайтын көп жұмыс өтіп кетіп жатыр, өкінішке қарай.

– Қыруар мүсіншілеріміз тәп-тәуір туындыларын қайда қоярын білмей қақтығып жүр­ген­де, жат жұрттың са­на­ға сің­­бейтін жұмысына қажет­ті­лік қайдан туып отыр?

– Бұл – үлкен мәселе. Бірақ бір нәрсені мықтап есте ұстаған жөн. Елімізге келетін шетелдік туристер қаланы аралап, қазақ деген елмен танысып жүргенде, ең алдымен мүсіннің ұлттық но­байына, төл ерекшелігіне на­зар аударады. Егер Еуропа елде­ріндегі мүсіндердің айна-қатесіз көшірмесі болса, олар күледі де, қолын бір сілтеп, кете береді. Бізде қазақша ойлайтын талантты мүсіншілер өте көп. Солардың жұмысы көптеу қойылса, ол біздің өнеріміздің ұлттық бірегейлігін арттыра түседі. Біз ешқашан ағыл­шын, француз, неміс бола алмайтынымыз сияқты, оның өнеріне еліктеп, олардан оза алмаймыз. Тек ұлттық даралығы айқын өз өнерімізді дәріптеу арқылы ға­на өзгені мойындата аламыз. Көзқа­расымыз да, қолтаңбамыз да, сти­ліміз де қазақша болуы керек.

– Ұлтымыздың өркендеу са­­тысындағы мүсін өнерін әлем­­дік шедеврлермен шен­дес­тір­геніміз ұят та шығар, бі­рақ Роден, Микеланджело, Бер­­ни­нидің қайталанбайтын ға­жа­­йып мүсіндеріндегі жанды өмір, қоз­ғалыс, ойды берудегі ше­бер­лікті кейінгі ғасыр мүсін­шілері қай­талай алмады. Олар­дың жа­са­ған бейнесі қозғалысқа бай, қабағын түйсе қаһарлы, күл­се күннің өзі бірге күлгендей жан­ды әсер қалдырады. Отан­дық мүсін­шілеріміздің көңіліне кел­­месін, соңғы жылдары қо­йыл­ған ескерткіштер мен мү­сін­нің бәрі бұрын-соңды дәл осы­лай «штамповкаға» ұрын­баған болар. Бұл ізденістің жоқ­тығынан ба?

– Еуропаның қайта өрлеу дәуі­ріндегі классикасын енді ешкім қайталай алмайды. Ол дәуір өтті, кетті. Қазір Микеланджелоны он орайтын шеберлер бар. Оқы­ған, білімді, қарны тоқ. Ол заманда шырағданмен жұмыс істе­се, қазір самаладай шамның ас­тында отырып жұмыс істейді. Түр­тіп қалсаң, кірпігін қағып жі­­бе­­ретіндей Джаконданы қазір салып береді. Бірақ ол ешқашан Леонардо да Винчи бола алмай­ды. Себебі Джакондоны Лео­нардо салып кетті. Ол картинада сұлулық бар, шеберлік бар. Ал бүгінгі талғам басқа. Басқа толқын келді. Қалыптасқан форманы, классикадағы дәстүрді, пропорцияны быт-шыт қылып бұзып, XX ғасырдың сурет өне­ріне аласапыран жаңалық әкел­ген Ван Гог ұлы суретші болып та­нылды. «Балалық шағым суық, мұң­лы, бос болып өтті» деп қа­мыққан Ван әлемдегі ең қым­бат суретші болып шыға кел­ді. Ван Гогтың картиналары бү­тін бір елдің экономикасын көте­ріп отыр. Микеланджелоны қай­талайтындар шығатын болса, ол сөзсіз күлкіге қалады, өнер құрдымға кетеді. Бүгінгі мү­­­сін өнеріндегі әлдеқайда да­­мып кеткен технология­ны кеше­гі­мен салыстыра ал­майсың. Мү­сін, ең алдымен, ой салуы­мен ерекшеленеді. Қиял қанат­тан­дырған тас бейнеге қарап тұ­рып «не айтқысы келді?» деп ойла­насың, толғанасың, ақыры сурет­кердің жан айқайын түсініп, жа­уабын табасың. Міне, бұл өнер осынысымен мәнді. Мүсін өне­рінде шеберлік маңызды се­кіл­ді көрінеді, бірақ қиялға жасы­рыл­ған туған ішкі ой одан да маңыз­дырақ.

– Кешегі ескерткіштеріміздің бәрі еңселі, айбарлы еді. Алып Абай, маңғаз Мұхтар, ойлы Шо­қан­ның ескерткіштері Ал­ма­­ты­ның әр бұрышында болса да, әде­мі ансамбль құрады. Ал қа­зір мүсін туындыларының бір қол­дан шыққандай ұқсас және жыл­дан-жылға ұсақталып ба­ра жат­қанын байқаймыз. Неге олай?

– Мұның бәрі шебердің ше­ші­міне байланысты. Әртүрлі се­бебі болуы мүмкін. Ауқымды, мо­нумен­тальды жұмыстың уақы­ты өтті демеймін, бірақ бү­гінгі ба­ғыт-бағдардың өзі осыған әке­­ле жатыр. Жастау күнімде Шәм­ші Қалдаяқовпен көп жолдас бо­лып, бірге жүрдім. Жиырма жа­сымда Қажымұқанның ескерт­кішін соғып, өзімді әлем­дегі ең даңқты адам сезініп, еркелеп жүрген кезім. «Сен не бітірдің? Қандай оқу оқыдың?» деп сұрады бірде Шәмші ағамыз. «Ешнәрсе бітіргем жоқ» дедім. «Е-е-е, онда сен екеуміз самородок екенбіз» деді мәз болып. Бір кездескенде «Сен Ресейде оқығаныңда Еуропаға еліктеп, бұзылып кетер едің. Осында қалып қойғаның дұрыс болды. Сенің ұтқаның ауылда өскенің, қазақы болмысыңды сақтағаның» дегені бар. Шәмші ағам айт­қан­дай, уақыт биігінен көз салып қарап отырсам, не жасасам да, ұлттық рух сіңген жүрекпен жа­саған жобаларым мені жолым­нан жаңылдырмаған екен. Жа­сандылыққа ұрындырмаған екен.

– Түрленіп, түлеп келе жат­қан жаңа Түркістанға Абай­дың, Әл-Фарабидің, Шәмші Қал­даяқовтың және еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың ескерт­кіш­тері орнатылды. Төртеуінің де авторы жолыңызды қуған мү­сінші қызыңыз Гүлфия еке­уі­­ңіз. Бұлардың бәрі де тап­сы­рыс қой, арасынан шығар­ма­­шы­лық жолды қалай тап­ты­ңыз?

– Қазақтың Микеланджелосы, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевты өзіме әрқашан үлгі тұтамын. Кезінде ұстазым ұлтқа қызмет ету тура­лы көп айтушы еді. Содан да бо­лар, кезі келіп жатса, маңда­йым­ның ащы тері сіңген туын­дымды тегін тарту етіп жібе­ремін. Туристік бағытта дамыту­ды қолға алып, қарқынды құ­ры­лыстар жүргізіліп жатқан Түр­кістан орталығына жаңа ескерт­кіштер орнату мәселесі көптен бері айтылып келеді. Әлем кез­дейсоқтыққа құрылмаған. Тағ­дырдың өзі табыстырған Шәмші ағам­мен талай жылғы риясыз адал достық оны мәңгілік тас тұ­­ғырда бейнелеуге септігін ти­­гізді. Композитормен өткен шуақ­­ты күндерімнің естелігі ша­бы­­тыма шамшырақ болды. Ба­ға­­сын ел берер, бірақ ағам үшін, елі­нің ерке ұлы үшін бар кү­шім­ді аямай жұмсадым. Абай, Әл-Фараби, Абы­лай хан мүсіндері ертеректен ша­быттанып жасай­тын ерекше дүниелерімнің қата­рында. Жалпы, Әл-Фарабиді көп зерт­теген адаммын. Зер салып қараған кісі ме­нің Әл-Фарабиімнің сәлдесінің биіктеу екенін бірден бай­қайды. Ғарышпен байланысып тұрған Отырардың бір мұнарасы деген ишара-идеямен жасалған. Менің тағы бір Әл-Фарабиім Қазақ ұлт­тық университетінің журналис­тика факультетінің фойесінде тұр. Ал Елбасы ескерткішінің өз ерек­шелігі бар. Ол есте жоқ ес­кі за­манның кейіпкері емес, күн­­де көріп жүрген өзіміздің заман­дасымыз. Түркістанды облыс орталығына айналдырып, рухани астана есебінде қайта түлету бас­тамасы Елбасының ерлік-еңбегі. Қоладан құйылған ескерткіште Нұрсұлтан Әбішұлының егіс даласын аралап жүрген кезіндегі суретін негізге ала отырып, мүм­кіндігінше қарапайым бейнелеуге тырыстым. Туған жерінің ауасымен кең тыныстап, костюмінің ете­гін жел тербеп, алысқа көз са­лып тұрған тұлғасы еңселі ескерт­кіштеріміздің қатарын толықты­ра түсті деп ойлаймын.

Эстетикалық асыл мұраттың жолында тер төгіп келе жатқан кез келген суреткер өз уақытының серігі болып, оның ең құнды арманын бейнелеуге тырысады. Соңына өшпес із қалдырған бір тарихи тұлғаны шеберлер әр уақыт кезеңінде әртүрлі етіп бейнелеп жататыны сондықтан. Алайда өз заманын бейнелеген суреткердің қайсысы болса да, ескерткіштің мәңгілікке соғылатынын, сол се­бепті оны жасаған кезде өзі өмір сүрген ғасырдың ең биік өл­ше­мімен қарау керегін естен шы­ғармағаны абзал.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»