«Кешегі Кеңес уақытында», «80-жылдары» немесе «бұрын осы» деп басталатын әдеби ортадағы үлкендердің «өткенді аңсау» синдромынан туған әңгімелерінен кейде жалығатынымыз рас. Ақын-жазушылардың шалқып өмір сүрген дәуірін көзбен көрмедік: оқып тамсандық, естіп еліттік. Дегенмен, әдебиетті идеология үшін пайдаланған кеңестік кезең өтті, кетті, қош болды һәм шарапаты да таусылды. Десек те әдебиеттегі жауапкершілік тұрғысынан келгенде ара-тұра өткен уақыттан мысал келтіретініміз бар.
Мәселен, ол кезде әдеби ортада қолында «билігі бар» қауымның бірі – баспа редакторлары еді. Шығар кітаптың әр сөзіне тінте қарап, автордың жазу стилін «бұзып», кейде түзеп жіберіп, қысқартып, талай ақын-жазушыны шырылдатып, «шашын ағартты». Осылайша, жаңа шығарма басылып шыққанша талас-тартысқа толы ұзақ процестен өтетін-ді. Яғни әдебиетке деген адалдық, кітапқа деген құрмет, жауапкершілік болды, ең бастысы, редакторы бар шығармалар жарыққа шығатын.
Жазылар шығарманың тақырыбы алғаш ойға келген сәттен бастап, баспа бетінен басылып шыққан алғашқы данасына дейін – автордың еншісіндегі уақыт. Осы уақыт аралығында автор жаңа туындысының жақсы шығуы үшін бар мүмкіндігін сарп етеді. Кітап қолға тиген соң ендігі тағдыры – оқырманның еншісінде.
Ал қазір жазылған, сосын жарияланған шығармаларды жиі көреміз. Редакторы жоқ әңгімелерге, тіпті етіміз үйренгендей. Бүгінгі баспа редакторы корректордың қызметін атқарады. Шығарманың тек әріп қатесін түзейді. Бұрынғы үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың апшысын қуыратын ақсүйек редакторлар бүгінде жоқ.
Неге? Бәлки, қоғамдағы әдебиеттің рөлі төмендігінен баспа редакторды танымай, редактор шығарманы танымайтын болар. Тіпті редакторлыққа бет бұрғандар некен-саяқ. Бір жағынан, баспа үшін кітап деген – ең алдымен, қып-қызыл ақша, одан соң тендер, жоспар һәм уақыт. Яғни қазіргі авторлар үшін кітаптың тағдыры тек өзіне ғана байланысты. Өзі редактор, өзі сыншы. Алайда кейде жаза салып, жариялауға асығатын жазушыларды байқаймыз. Шығарманы бір суытып, қайта қарап, қайта жазу деген бүгінгі авторлардан қалып бара жатқан сияқты ма?..
Редакторлық дегеніңіз, ең алдымен талғам. Мәселе, баспалардағы «редактор» атанған редакторлардың көптігінде емес, талғамында. Әдеби ортадағы өз шығармасына жауапкершілікпен қарайтын кей авторлардың өз редакторлары бар. Кімнің талғамына сенсе, кімнің талғамын жоғары бағаласа, соған оқытады, пікірімен санасады. Кейде жолы болып, «редакторы» айтқан ескертпе-пікірлер шығарманың жақсы шығуына сеп болып жатады.
Әрине негізгі бас редактор – ішкі цензура деседі. Түптеп келгенде, жазуға ие жазушының өзі ғана. Өзінің ойы – өзінің сөзі. Бөтеннің ойы автордың стиліне біртүрлі жараспайды һәм ол су бетіне шығып, ап-анық білініп тұрады. Өз жазуын өзі сынай алған авторда арман бар ма... Ал өз жазғанына өзі сүйсініп, біреудің артық сөзін көтере алмай, жарияланғанша асығатын жазушының шығармасы да солай шықса керек.
Сонда жазушылық мұрат қандай? Ақиқатында, жазудың жанды шығуы – жазу үстіндегі еркіндікке жетуде. Мұны біреулер шабыт дейді, біреулер бап дейді, біреулер күй дейді. Әгәрәки, автор осы күйге жетіп жаза алса, шығарма алдындағы міндетінің орындалғаны.
Қайта жазу, сыни көзқарас, редакторлық, айналып келгенде, автордың ерік-жігеріне, болмысына, мінезіне байланысты ұстаным. Ал оны өзгерту ешқандай редактордың қолынан келе қоймас, сірә.