• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Шілде, 2021

Тәуелсіздік түлеткен театр

569 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жайлы қалай толғансаңыз да тартымды. Әсіресе үшінші онжылдықты басынан аунатқан мемлекетіміздің жетістігі көп болған соң, желпініп сөйлеуге болады. Тек қазақ қана емес, басқа ұлт өкілдері де бізбен бірге марқайып, бір шаңырақ астында қуанышымызға ортақтасуда. Осы ретте Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер орыс театрының әртістері «Egemen Qazaqstan» газетінің оқырмандарымен өздерінің актерлік тағдырының ел тағдырымен тоғысқаны жайлы сыр бөлісті.

Н.Сац атындағы театрда қыз­мет атқарып жүргеніне елу жыл­дан асқан көрермендердің сүйік­ті әртісі Ресей Федерациясы «Достық» орденінің иегері Татьяна Тарскаяның сахнаға әрбір шығуы өнер­сүйер қауым үшін үлкен қуа­ныш. Театр сахнасында 12 жыл бойы толы зал жинап жүр­ген «Га­рольд және Мод» спектаклін­де ой­на­ған кейіпкері секілді Татьяна Тарс­кая­ның өне бойы өмір­ге деген сүйіс­­пеншілікке һәм өзіне және адам­дарға деген сенімге толы.

«Тәуелсіздік бізге матер­иал таңдауда еркіндік бергенін, яғни кеңестік кезеңдегі партия цензурасынан құтылғанымызды айта кеткен жөн. Кеңес Одағы кезінде біз жылына бір рет айтулы күнге орай идео­логиялық тақырыпқа бір спектакль қоюға міндетті болатынбыз, біз оларды «дата» спектакльдері деп атайтынбыз. Және ол кезеңде әрбір спектакль қатаң тексеруден өтетін – жаңа қойылымның барлы­ғын қабылдап алу үшін түрлі ұйымдардан комиссиялар келіп, тексеретін. Ол біздің бойы­мызда спектакльді қабылдамай қойса, не істейміз, деген қорқыныш туғы­затын. Сол себепті біз әрбір қи­мыл-қозғалысымызды, айтатын сөзімізді мұқият ойластыратынбыз. 80-жылдардың басында Әлия Молдағұлова туралы спектакль қойылып, мен онда басты рөлді сомдағаным әлі есімде.

Қойылымды қабылдап алу үшін Қазақстан Жазушылар одағы­­нан ақсақалдар келді. Мен қатты қобал­жыдым, бірақ спе­ктакльді көрген соң, қалам­герлер: «Міне, бұл біздің Әлия!» деген кез­де, иығымнан ауыр жүк тү­с­­кенд­ей болды. Қайта құру ке­зе­ңінде біз­ге идеологиялық тұр­­ғыда жеңілдік беріл­ді. Ленин тура­­лы спектакльдерді қою мін­­деті­нен арылдық, ал 90-жыл­­да­ры тіпті шығармашылық еркін­дік болды. Бірақ сол жылдары эко­­но­­ми­калық қиындықтар туын­дап, тұрмысымыз нашар­ла­­ды. Мы­салы, біз, әртістер, күндізгі және кешкі спектакльдер арасынға сахнаға, көрерменнің алдына шығуға дайындық жасаудың орнына азық-түлік алу үшін ұзын-сонар кезектерде тұруға мәжбүр болдық. Әйтеуір, сағат алтыға таман театрға өліп-өшіп жүгіріп жететінбіз. Алатынымыз тиын ғана, ал азық-түліктің бағасы күн сайын қымбаттады. Жастар теле­дидар­ға, киноға, тіпті жар­намаға тү­сіп, қосымша жұмыс істеп, нәпақа табуға тырысты.

Бақытымызға орай, тұрмыс­тық қиындықтар кезеңінен тез-ақ өтіп кеттік. Еліміз бірте-бірте аяғынан тік тұрып, нығая бас­тады. Өзімізге деген сеніміміз бұрынғыдан гөрі артты.

Жалпы, 1968 жылы Қазақстанға келген кезімнен бастап өзімді бөтен елде жүргендей сезініп көрген емес­пін. Керісінше, бұл ел мен үшін әлем­­дегі ең қолайлы, пейзаждары таң­данар­лық, табиғаты бірегей сұлу, адам­дары қайырымды, кең пейілді, жер бетіндегі пейіш болып көрінеді. Әрине, кеңестік республикалардың әрқайсысы өз бетінше дербес, тәуелсіз болуға лайықты екеніне ешкім күмән келтірген емес. Бұл жерде мені қатты қуантатыны – біздің сол жолды ешбір ұлтаралық қақтығыссыз, түсті революцияларсыз өтіп, өмірдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларында оң нәтижелерге қол жеткізгеніміз. Әрине, көбінесе бұл – болашағымыз бұлыңғыр болып тұрған ең қиын кезеңде республиканы басқару ісін қолына алған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Ол келешегіміздің жарқын болатынына сеніп, бізді де сендіріп, Тәуелсіздігімізге кепілдік берген, елімізді жаңа даму деңгейіне шығара білген бірден-бір тұлға», дейді Татьяна Тарская.

Бұл пікірді Свердловск театр инс­ти­тутының дарынды түлегі Ольга Коржева да істейді. Дарынды әртісті 1990 жылы дипломдық спектакль қо­йылымында  Ресей мен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер Борис Преображенский байқап қалып, Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа шақырған.  Содан бері отыз жыл өтіпті. Ольга Владимировна театрдағы алғашқы күндерінен бас­тап әлі күнге дейін сахнада жай ғана ойнап қоймай, өз кейіпкерлерінің «өмірін сүріп» шығатындығымен көрер­мендердің сүйіспеншілігіне ие болып отыр.

«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін шығармашылық еркіндікке қол жеткіздік. Қазір бізге қандай қойылымдар қойып, қалай ойнауымыз керектігі туралы ереже айтып отыратын ешкім жоқ.

Жалпы алғанда, мен өзімнің актерлік тағдырым бақытты болды десем, артық айтпайтын шығармын, себебі мен ешқашан ойнағым келмеген рөлді мойныма алуға мәжбүр болған емеспін. Менің бірден жұлдызым жанды: театрға жаңа келген кезімде, 90-жылы Борис Преображенский Михаил Булгаковтың «Белая гвардия» романы мен «Дни Турбиных» пьесасы желісімен «Белый крест» спектаклін қойды. Содан соң Борис Пастернактың шығармасы бойынша қойылған «Доктор Живаго» спектаклі де ұмытылмас жұмыс болды. Спектакльдер Борис Николаевич эксперименттік қойылымдарды қойып жүрген Жаңа сахнада көрсетілетін, көрермендер арасында олар өте жоғары баға алып, үлкен табысқа ие болды, кей­де оларға кіру билеттерін жарты жыл бұрын алып қою керек болатын. Біз көрермендермен адамзаттың кө­кей­кесті мәселелері туралы осылай – өнер арқылы, классика арқылы тілдесуге тырыстық. Біздің классикалық шығармалардың, тарихи оқиғалардың мысалында бұрынғы өткен буындардың қателерін қайталамауды үйренетініміз ешкімге құпия емес қой. Осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп жүргеніне қуанамын.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары көптеген адамның сана-сезімінде де төңкеріс болып, орасан зор өзгеріс орын алып, соның нәтижесінде адамдар өзгеше ойлай бастады, ішкі еркіндік пайда болды.

Әлі есімде ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесі аясында біздің театры­мыздың астанада өткен гастрольдік қойылымдары осы орасан зор іс-ша­раның бір айшықты сәттері болды. Біз «Астана Балет» театрының сахнасында өнер көрсеттік. Неткен керемет ғимарат десеңізші!  «Астана Опера» және «Астана Балет» – сәулеті, интерьері, тех­никалық жаб­дықталуы, қолайлылығы аса жоғары дәрежелі заманауи театрлар. Ол театр­лар – бүкіл Орталық Азиядағы ең көр­кем ғимараттар, Қазақстанның бетке ұстар театрлары болып отыр. Олар отандық мәдениетіміздің дамуына көп көңіл бөлетін Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында пайда болған, сол үшін, Қазақстан картасында еліміздің жаңа жетістігінің, Тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде жаңа астанамыздың пайда болғаны үшін Тұңғыш Президентке деген алғысым шексіз», дейді О.Коржева.

Ал аталған театрдың жетекші актері Мақсат Сахиұлы: «Тәуелсіз елдің тұғыры оның  халқының тілі болып табылады». Кеңестік кезеңде республикамызда қазақ тілі ресми қолданыстан шығып қалуға таяп, тіпті оған жойылу қаупі төніп тұрған болатын, алайда 1989 жылы елімізде Тіл туралы заң шығып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды. Қазақ мектептері ашылып, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқитын студенттердің саны көбейіп, мемлекеттік тіл мемлекеттік құрылымдарға енгізіліп, дами бастады.

Негізі тіл жағы бала кезімнен қызық болды маған. Мектепті жартылай орыс тілінде, жартылай қазақ тілінде оқып бітіргенмін. Осы театрға келгелі орыс тілі болсын, өзімнің ана тілім – қазақ тілі болсын, көп нәрсені меңгеріп, айтарлықтай тіл ұстарттым. Оның өзі бір артықшылық болды, себебі осы театрдың әртістеріне де менің көмегім тиетін жағдайлар жиі болып жатады, олар менен сөздер мен сөз тіркестерінің қазақша дұрыс айтылуын сұрайды. Тіпті әріптесім Кристина Золочевская қазақша сөйлесейік деп өтінгені де бар. Жалпы алғанда, біз көпұлтты және тату-тәтті ұжымбыз, бәріміз бір-бірімізді, бір-біріміздің ұлттық салт-дәстүрлерімізді сыйлаймыз, ұлттық мейрамдарды бірге атап өтеміз. Біз көпұлтты, көпдінді елде өмір сүріп жатырмыз емес пе. Ал биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы мерекеге орай Тәуелсіздігімізді қорғап, отыз жылда басымызды біріктіріп, бірлігімізді сақтап келген адамдарға айтар алғысым шексіз», деді.

Әлем сахнасында талай мәрте өнер көрсеткен Алишер Эйнис театрға тікелей қатысы бар отбасынан шыққан. Оның анасы Татьяна Эйнис – М.Лермонтов атындағы Ұлттық академиялық орыс драма театрының актрисасы. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурованың шеберханасында білім ала жүріп, Алишер өз курстастарымен бірге дуалды оқыту бағдарламасы бойынша Н.Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында актерлік кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Сөйтіп  ол студент кезіннен-ақ театрдың труппасына қабылданып, Sats ComUnity балалар театр студиясында қазіргі заман биі бойынша сабақ беруге шақырылды. Бүгінде Алишер бестен он екі жасқа дейінгі 70-ке жуық оқушыға би өнерін үйретуде. «Балалар студиясында сабақ беру барысында түсінгенім: баланы үйрету үшін, оны жақсы көру керек екен, ең бастысы – осы», дейді өзі.

«Біздің заманауи бимен шұғыл­данатынымызға қарамастан, әрбір ел­дің және әрбір халықтың бишілерінің өзіндік ұлттық нақышы болады. Қазақ­стандықтар төзімділігімен және көркем шығармашылыққа бейімділігімен әйгілі. Халықаралық чемпионаттарда жеңіске жеткен соң маған шетелде жұмыс істеу туралы ұсыныстар келіп түскен, бірақ мен өз Отанымнан ешқайда кетпеуді ұйғарып, ол ұсыныстардан бас тарттым. Мен өзімді керемет бір отансүйгішпін деп, кеудемсоқтыққа ұрынудан аулақ­пын, бірақ мен Қазақстанды  шын жақ­сы көремін. Мен интернационалды отба­сында дүниеге келгенмін, анам – неміс болса, әкем – қазақ, әрине, мен өзімді қазақ санаймын. Өзге елде қызықтайтын, ерекше нәрселер аз емес. Мысалы, маған Корея мен Еуропа өте ұнады. Бірақ онда біздегі ерекшеліктер жоқ, оның үстіне, қазір барлық шекара­ ашық, біз әлемнің кез келген түкпіріне барып, тәжірибе жинап, кәсіби деңгейімізді арттыра аламыз.

Жастар қоғамның ілгері дамитын бөлігі екені баршаға аян. Сондықтан шынайы шығармашыл, ақылды, табысты адамдардың жолы ашық болуы тиіс. Қате жасап, басыңды тауға да, тасқа да соғуың мүмкін, бірақ ештеңе істемейтін адам ғана қателеспейтінін бәріміз біле­міз. Менің ойымша, ең бастысы – алдыңа қойған мақсатыңа талпынып,  тек  ілгері қарай жылжи беру керек. Сынақтардан өтіп, қате жасап жүріп, табысқа жетуге болатынына сенімдімін, бірақ оның бәрі әр адамның өз қолында», дейді А.Эйнис.

Театр әртістерінің ақжолтай пікірін тыңдадық. Егемендікке қол жетпей тұрып, елдің болашағына сенген талант­тардың әрқайсысы Отан үшін ыстық. Олар туған топырағын қадірлеуді, оның түйір тасын тақ санауды біледі. Сондықтан қалай дәріптесек те, өзгеге үлгі боларлық қарекет.