Қанша жерден айтылса да, Алматының сауда орындары індет жұқтыруда көш бастап тұр. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин эпидемиялық ахуалды зерттеу нәтижелерін ортаға салған кезде тізім басында сауда орындары тұрғанын атады. Мегаполисте «жедел жәрдемдердің» зыр қаққан зарлаған үні қайта көбейсе де, той-томалақты тығып өткізіп, айласын асырғандай болып жүрген жұрттың қарасы бар.
«Базарларда науқастардың 16%-ы жұқтырады, инфекцияның 19%-ын отбасылардағы байланыстар таратып отыр. Үйге инфекция әкелген адамдар «үй ошақтары» деп аталады, балаларды да, үлкен туыстарын да жұқтырады. Мен жыл басында балалар арасында ауру өршитінін айтқанмын, бірақ көпшілік күмәнмен қарады. Егер өткен жылы барлығы 280 оқушы ауырса, биыл 5 700 бала індетке шалдықты. Биыл 1 жасқа дейінгі 200-дей баланы вирус жұқтырғаны анықталды», деді Ж.Бекшин.
Алматыда да соңғы екі аптада вирус балалар мен жастар арасында белең алған. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ға өсіп, жоғары деңгейі 14%-ды құрайды. 40 пен 59 жастағы науқастанған азаматтардың үлес салмағы да жоғары деңгейде – 25%.
Қаланың 2 500-ден аса нысанында жұмыс істеп тұрған Ashyq жүйесінің тиімділігі бар. Қалада карантин режімін бұзғаны үшін «қызыл» мәртебелі 80 тұрғынға айыппұл салынып, олардың аты-жөні Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында да жарияланды.
Алматыда өткен аптада 14 күн бойы карантин шектеулерін сақтауға тиіс 200-ден аса адам қоғамдық тамақтану нысандарына баруға және еліміздің басқа өңірлеріне ұшуға тырысқан.
QR-кодты Ashyq жүйесі арқылы сканерлеу кезінде қоғамдық тамақтану орындарында «қызыл» 94 алматылық және «сары» 24 алматылық анықталды. Бұлар дәмхана мен мейрамханаларға кіруге тырысты.
«Неліктен біз қоғамдық тамақтану орындарына бару уақытын шектедік? Бұл қала тұрғындарының бір-бірімен ұзақ уақыт байланыста болып, 5-6 сағат мейрамхана мен дәмханаларда болуына байланысты. Түнгі клубтарда таң атқанға дейін келушілер бар. Егер мекеме тапсырыс бойынша жұмыс істесе, бұл басқа мәселе», дейді Ж.Бекшин.
Төртінші орында фитнес-орталықтары тұр, сондай-ақ бес кинотеатр жабылды.
Сонымен қатар Ж.Бекшин кәсіпкерлер қатарындағы Ashyq жобасының барлық қатысушысы келушілерді тексеруге жауапкершілікпен қарамайтынын айтты. Тексеру қорытындысы бойынша жобадан 300 қатысушы кәсіпкер шығарылды. Мекемеге кірген кезде келушілердің QR-кодтарын сканерлеу жүзеге асырылмағаны үшін жобаға кірмеуі де мүмкін.
Бас санитарлық дәрігер жобаның адал қатысушыларына алғысын білдірді. Кәсіпкерлердің заң бұзушылықтары анықталған жағдайда Ashyq жүйесінен шығарып қана қоймай, нысанның жұмысын тоқтатады.
Карантинді қасақана бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданып жатыр. Жиналған материалдарды санитарлық дәрігерлер қызметін тоқтату үшін соттарға береді. Биыл барлығы 75 материал беріліп, 65-і бойынша шешім қабылданды.
АЛМАТЫ