Былтырдан бері бүкіл әлем халқының кең дүниесін тарылтқан коронавирус эпидемиясы әсіресе қарияларға қиын тиді. Аурудан ең көп зардап шеккендер де аға буын – ардагерлер еді. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында aulafit жобасы басталды.
«Медицина саласында жүргеніме 50 жыл болды. Мамандығым – провизор. Жасым 75-те. Қазіргі эпидемиялық ахуалды ескере отырып, мен де вакцина алдым. Екпеден ешқандай жанама әсер болған жоқ. Екпеге қарсы пікір айтатын адамдарды түсінбеймін. Кезінде шешек, оба, сібір жарасы секілді жұқпалы індет вакцина арқылы тоқтатылған. Туберкулезге қарсы вакцина сәбиге перзентханадан бастап салынады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде еліміз туберкулез індетін жеңді деп айтуға болады. Қазір әлеуметтік желіде екпеге қарсы жеке пікір айтамыз деп халықтың ойын өзгертіп жүрген адамдар көп. Басқа саланы қайдам, бірақ медицина саласына қатысы жоқ кей тұрғындар вакцина турасында пікір айтқыш болып алды. Яғни білімі жоқ білгіштер қаптап кетті», дейді медицина саласының ардагері Мақсот Берген.
Мақсот Қабышұлы егде тартқан жасына қарамастан әрдайым қоғамдық жұмыстардың басында жүреді. Өзі – Батыс Қазақстан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Соңғы жылдары тоқырап қалған қоғамдық ұйымның жұмысын жандандырып, аға ұрпақтың тәжірибесі мен ақыл-кеңесі қажеттігін дәлелдеуде. Әсіресе былтыр пандемия басталғалы бұл тілсіз жауды тек ғылыми жол – вакцинамен және саламатты өмір салтымен жеңе алатынымызды айтып, ағамыздың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.
«Қазақстанда 7 500-ден аса тіркелген дәрі-дәрмек түрі бар. Әр дәрінің өзінің қарсы көрсетілімі немесе жанама әсері болады. Мысалы, антибиотиктерді алайық. Бірақ оларды қолданбасақ, тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнер еді. Сол себепті коронавируске қарсы вакцинаның да маңызы зор. Өз басым 18 жастан асқандарға екпе алуға кеңес берер едім. АҚШ халқының 70 пайызы бүгінде вакцина алып отыр ғой», дейді ардагер.
Мақсот Берген осы пандемиядан ең алдымен алдыңғы буын – ағалар зардап шеккенін айтады. Вирустың кәрі ағзаға тигізер әсері өз алдына. Мұның тағы бір себебі бар: ел ішінде көрші-көлем, ағайын-туыс, ауыл тұрғындарының басын қосып, қайтыс болғандардың үші, жетісі, қырқы мен 100 күндігін беретін рәсім бар. Бұл өз кезегінде індеттің өршуіне әкеліп соғуда. Оның үстіне мұндай жерде көбіне қариялар жүреді. «Сондықтан мұндай рәсімдерді тұрғындардың басын қоспай-ақ, отбасы мүшелерімен атап өткен жөн. Ал қариялар өз денсаулығына көңіл бөліп, таза ауада көбірек жүріп, тыныс жаттығуларын жасау керек», дейді ардагер.
Бұл ұсыныс жақында қала, өңір басшылары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан да қолдау тапты. Орал қаласында «денсаулық алаңдары» көбейді. Ал жақында ғана қолға алынған aulafit аталған тың жобаның да қолдаушылары көп болатын түрі бар. Яғни қаланың саябақтарында, демалыс алаңдарында – ашық аспан астында жиналған тұрғындар әсем әуен ырғағымен би билеп, түрлі жаттығулар жасайды.
Осындай жиынның бірі жақында Зашаған кентінде ұйымдастырылды. Орал қалалық №1 емханаға қарасты сауықтыру бөлімінің нұсқаушысы Сауле Шөкееваның нұсқауымен тыныс алу жүйесі қызметін нығайтып, өкпені күшейтетін, жалпы денсаулықты күшейтуге арналған жаттығулар кешені жасалды. Жаттығуға облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Шаттық Өтебалиева, Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, спорт және мәдениет қызметкерлері, ардагерлер, еріктілер, кенттің қарапайым тұрғындары қатысты.
Батыс Қазақстан облысы